Қазір елімізде шөлейтті жер көлемі жыл өткен сайын ұлғайып барады. Бүгінде 180 млн гектардан астам аумақ деградацияға ұшыраған. Оған топырақтың тұздануы, құнарсыздануы, эрозияға ұшырауы және химиялық улануы себеп болып отыр. Соның салдарынан жайылым жерлер тозуға айналды.
Еліміздегі агроөндірістік кешеннің қазіргі жағдайы мен даму келешегі жерді тиімді пайдаланумен, соның ішінде топырақ құнарлылығының деңгейін реттеумен және табиғи ресурстарды басқарумен тығыз байланысты. Алайда топырақ ресурстарын ұзақ уақыт және тиімсіз пайдалану салдарынан топырақтардың топырақ-мелиоративтік, топырақ-экологиялық жағдайы нашарлап, топырақ құнарлылығы төмендеді. Сондай-ақ оның деградацияға ұшырауы мен шөлейттенуі, су және жел эрозиясы, топырақтың екінші реттік тұздануы, мұнаймен, мұнай өнімдерімен, химиялық және радиоактивті заттармен ластануы байқалады. Деградацияға және шөлейттенуге ұшыраудың негізгі факторы – климаттың құрғақтығы мен су ресурстарының біркелкі таралмауы. Мәселен, құмдардың (30 млн га дейін), сортаң және тұзданған (93 млн гектар астам) жерлер болып тұр. Республикада жел эрозиясына ұшыраған 24,2 млн гектар немесе 11,3% ауыл шаруашылығы алқаптары бар, су эрозиясына ұшыраған – 4,9 млн га ауданды немесе ауыл шаруашылығы алқаптарының 2,3 пайызын алып жатыр. Солардың ішінде 1,6 гектар егістік жерлер, ауыр металдармен және радиоактивті заттармен ластанған жерлер – 21,5 млн гектарға жуық.
Бүгінде 15 млн гектардан астам жайылым толығымен деградацияға ұшырап, ауыл шаруашылығы айналымынан шыққан. Антропогендік факторлардың әсері барлық табиғи ландшафтарда байқалып отыр. Әсіресе Арал теңізі маңы жағдайында деградация мен шөлейттенуге ұшырау үрдісі күшейген. Сырдария өзенінің құнарлы аңғарлық-алювиалдық жазықтығында шөлейттенуге ұшыраған жерлер 1,1 млн гектарды құрайды. Арал теңізінің кеуіп кеткен түбінде – 1,5 млн гектар, олардың ішінде сорлар 800 мың га алып жатыр. Ал суарылатын күріш алқаптарында минералданған жерасты ыза сулары көтеріліп, екінші реттік тұздану және топырақтың химиялық ластануы орын алды. Жайылымдар техногендік факторлардың әсеріне ұшырап, шөлейтке ұшыраған жайылымның ауданы 63 млн гектарды құрайды.
Елімізде жердің деградацияға тікелей және жанама ұшырауынан туындайтын жалпы экономикалық құлдырауы 93 млрд теңгеге немесе 6,2 млрд долларға бағаланған. Арал маңының экологиялық залалды аудандарында 59,6 млн гектарды жердің жағдайы ерекше алаңдатады. Осы аймақта жиі болатын тұзды-шаңды ағындар ғарыштық түсіру бойынша 150–300 км, барынша алыс 500 шақырымға тарайды. Шаңның таралуы мен шөгу аймағының ауданы 25 млн гектарды құрайды. Техногендік ластанудың техногендік түрлері еліміздің аумағының 6% әскери, ғарыштық және бұрынғы ядролық сынақ полигондары әрекетінен көрінеді. Республикада зымыран отынының жану өнімі мен зымыран бөлшектерімен ластанған жерлердің жалпы ауданы 9,6 млн гектарды құрайды. Шын мәнінде, зымыран құлаған жерлерді қалпына келтіруге көп қаржы қажет.
Техногендік ластанудың өзіндік түрлері әскери, ғарыштық және бұрынғы сынақ полигондары шегінде байқалады. Сынақ полигондарының әсер ету аумағы кеңейіп отыр. Оған соңғы кездері болған зымырандарды ұшырудағы апаттарды айтуға болады. Полигондардың жағымсыз әсері зымырандарды ұшырған кезде жанбай қалған бөлшектерінің жерге құлауы, уыттылығы жоғары зымыран отындарының топыраққа төгілуінен болады. Ғалымдар зерттеулерінде, Ұлытау ауданының топырағында, суында әртүрлі мөлшерде гептильдің бар екенін анықтады. Кейбір жерлерде гептильдің ауадағы мөлшері бір шаршы метрде 0,1 мгм рұқсат етілген мөлшерге қарағанда бір шаршы метрде 2500 миллиграмға дейін жеткен. Гептильдің топырақтағы нормасы жоқ, сондықтан оның зиянын есептеу де мүмкін емес. Ғалымдардың пікірінше, 1 грамм гептил 1 шаршы километр ауаны уландырады екен. Осы химиялық қосылыстардың туындылары өте уытты, сондықтан адам бірден уланады. Гептил уы, әсіресе балаларда қауіпті ісік ауруын тудырады. Зымыран тасымалдағыш құлаған кезде, онда 218 тонна 979 килограмм гептил (уытты зымыран отыны) қалған. Батыс және Оңтүстік Қазақстанның шөл және шөлейтті-далалық аймақтарында мұнайдың, газдың, минералды тұздар мен құрылыс материалдарының ірі табиғи қорлары қарқынды пайдаланылуда. Топырақ жабындысына антропогендік жүктеменің артуы мұнай өндіретін аймақтың экологиялық жағдайын қиындатып жіберді. Бұл жерлерде антропогендік өзгерген топырақ кең таралған.
Топырақ жамылғысына антропогендік жүктеменің өсуі мұнай өндіретін аймақтың экологиялық жағдайын қиындатып жіберді. Топырақ жамылғысы мұнай құбырларының жарылуынан, амбарлардың түзілуінен, ұңғымаларды пайдалану нәтижесінде мұнаймен және мұнай өнімдерімен ластануға ұшырайды.
Экология және табиғи ресурстар министрлігінің дерегінше, 1,5 миллион гектардан астам жерлер мұнай және мұнай өнімдерімен ластанған. Қоршаған орта мен топырақтың ең көп ластанған аймағы – Атырау облысы (59%).
Пайдалы қазбаларды ашық әдіспен қазбалауға үлкен аумақтар бөлінген, ол жерлер рекультивациялануға жатады. Ашық қалдырылған карьерлер, қалдықсақтағыштар эрозия үрдістерінің орталығы саналады. Сондықтан топырақты эрозиядан сәтті қорғау және эрозияға ұшыраған жерлерді қалпына келтіру шаруашылық-ұйымдастыру, агротехникалық, орман мелиоративтік және гидротехникалық іс-шаралар кешенін жүргізуді көздейді.
Осыған байланысты топырақ ресурстарын тиімді пайдалану, экологиялық таза өнімді өндіру және қоршаған табиғи ортаны қорғау – еліміздің аграрлық секторының өзекті проблемасы. Осы проблемаларды шешу үшін еліміздің әлеуметтік-экономикалық тұрақты дамуын қамтамасыз ететін алдыңғы қатарлы агротехнологияларды ендіру және дамытуға бағытталған тиісті бағдарламалар әзірленіп, қабылданып отыр. Еліміздегі топырақ жамылғысының экологиялық мәселелерін шешу жолдары да алуан түрлі. Әрбір жеке алынған аймақтарда табиғи-климаттық жағдайларды ескере отырып, жаңа инновациялық технологияларды әзірлеп, ендіре отырып, ерекше ғылыми негізделген әдістер қажет. Топырақты эрозиядан қорғау және эрозияға ұшыраған жерлерді қалпына келтіру агротехникалық, гидротехникалық, фитомелиоративтің шаралар кешенін жүргізуді көздейді. Экологиялық жағдайдың нашарлауына байланысты еліміз жер ресурстары бойынша әлемде тоғызыншы орынға ие бола отырып, болашақта экологиялық апат аймағына ұшырау қаупі бар. Әрине, бұл жағдайда адамдардың табиғатқа әсерінің рөлі зор. Күнкөріс қамын ойлаған адамдар сексеуілдерді, орман ағаштарын аяусыз кесіп, қоршаған ортаға залал келтіріп жатқанын байқамайды. Өсімдігінен айырылған топырақ эрозияға ұшырап, біртіндеп шөлге айналады. Міне, осыған байланысты экологиялық проблемаларды шешу үшін Үкімет тарапынан топырақты қорғау және деградацияға ұшыраған, бүлінген және ластанған жерлердің құнарлылығын қалпына келтіру бойынша заң әзірленіп, қабылдануға тиіс.
Гүлжан БЕЙСЕЕВА,
Ө.О.Оспанов атындағы Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми-зерттеу институтының бас ғылыми қызметкері, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы