Ұлттық статистика бюросының дерегінше, Түркістан облысында еңбекке қабілетті адам саны 800 мыңнан асады. Оның 200 мыңнан астамы – жұмысшы. Бүгінде облыстағы жұмыс берушілерден 3 600-дей жұмысшы мамандыққа қажеттілік анықталған. Бұл орайда колледждерге бөлінетін мемлекеттік тапсырыс осы қажеттілікке қарай реттеледі, қажетті мамандар еңбек нарығының сұранысына қарай даярланады.
Осы мақсатта Түркістан жоғары көпсалалы қолөнер колледжінің «Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу» мамандығының студенттері өндірістік тәжірибеден өтіп жатыр. Студенттер «Turkestan Textile» ЖШС фабрикасында үшжақты келісім негізінде кәсіптік машықтарын жетілдіріп жүр. Кәсіптік-техникалық білім беру жүйесіне дуалды оқыту әдісінің енгізілуі – студенттерге үлкен мүмкіндік. Олар оқу барысында теориялық білім алумен қатар, өндірістік ортада тәжірибе жинақтайды.
«Жұмысшы мамандықтар жылы» – кәсіби білім беру жүйесін дамытуға, жастарды нақты өндірістік дағдылармен қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам. Бастама аясында колледж студенттері өндірістік тәжірибеден өту мақсатында еліміздің көптеген кәсіпорындары мен фабрикаларында жұмыс істеп жүр. «Turkestan Textile» фабрикасында түрлі саладағы жұмысшылардың, сонымен қатар мектеп оқушыларының формасы мен дәрігерлердің арнайы киімдері, құрақ көрпешелер тігіледі. Жұмыс орнында сынақтан өту арқылы болашақ мамандар дағдылары мен біліктерін шыңдауға мүмкіндік алады», дейді колледждің «Тігін өндірісі және өнер» бөлімінің меңгерушісі Күлжан Омарбаева.
Сарыағаш ауданындағы Капланбек жоғары аграрлық-техникалық колледжінде аграрлық салада сұранысқа ие дрон операторлары оқытылады. Жуырда колледж студенттері өз жобаларын «Жұмысшы мамандықтар қаласы» фестивалінде таныстырды.
«Бұл – өңірдің экономикалық ерекшеліктерін ескере отырып енгізіліп жатқан заманауи мамандықтар. Агродрондар химиялық препараттарды 20%-ға, суды 80%-ға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді, жанармай шығынын, жұмыс күшін, техниканы қолдану көлемін азайтады. Сонымен қатар тұқымдарды, тыңайтқыштарды, өсімдіктерді қорғау құралдарын біркелкі енгізуді қамтамасыз етеді», дейді колледж директоры Бағлан Шығанов.
Колледж қытайлық компаниямен жасалған меморандум аясында мамандарды даярлауға қатысты әдістемелік, материалдық-техникалық қолдау алады, оқытушылар өндірісте тәжірибеден өтеді.
Облыста «Жұмысшы мамандықтар жылын» өткізу жөніндегі өңірлік жоспар бекітілген. Бұл бағытта ауқымды іс-шаралар жүзеге аспақ. Колледждер мен арнаулы білім орталықтарында мемлекеттік тапсырыспен оқытылып жатқан мамандықтарды қажетті жұмысшы мамандықтарына сәйкестендіру, инвесторларға алдымен жергілікті мамандарды жұмысқа алу жөнінде талап қою міндеттелген. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров жауапты адамдарға өңірде іске асырылып жатқан жеке инвестиция жобаларына қажетті мамандықтарды айқындап, колледждерге кәсіби маман даярлауға ұсыныс енгізуді тапсырды.
«Жұмысшы мамандықтарын белсенді дамыту керек. Жұмысшылардың әлеуметтік қорғалуы, жалақы мен еңбек жағдайларын жақсарту олардың жұмысқа деген ынтасын арттырады. Осыған орай еңбекақыны көтеру, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын жүзеге асыру керек», деді облыс әкімі.
Өңірде 125 инвестициялық жоба негізінде 2 мыңнан астам жұмыс орнын ашу көзделген. Олардың тең жартысы – жұмысшы мамандар. Сұранысқа сәйкес жаңа жұмыс орындарына жолданатын азаматтарды қысқа мерзімдік кәсіптік оқытудан өткізу жоспарланған. Яғни жеке инвестор өз базасында кәсіби оқытуды жүргізсе, оқытудың шығындары мемлекет тарапынан өтеліп, әрі қарай тұрақты жұмыспен қамтылады. Бұдан бөлек, мақта өндіру саласын дамытып жатқан шетел инвесторына 1 400 жұмыс орыны ұсынылды. Биылға «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» бекітіліп, 130 769 жұмыс орнын ашу жоспарланса, оның 57%-ы жұмысшы мамандықтар болмақ. «Ұлттық жобалар» аясында жүзеге асырылатын 375 жоба шеңберінде 4 мыңнан астам жұмыс орны құрылады. «Еңбек» бағытындағы бос жұмыс орындары негізінде ашылатын 57 221, субсидияланған 32 448 жұмыс орындары бойынша жұмысшы мамандықтарға басымдық беріледі.
Айта кетелік, биыл облыста ұлттық жобалар аясында 4 074 адамды еңбекпен қамту, бос жұмыс орындарына 57 221 адамды жолдау, субсидияланатын уақытша жұмыс орындары арқылы 45 086 азаматты жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік грант қаражатымен 1 793 азамат қамтылмақ. Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын ашу» тапсырмасы негізінде 22 595 жұмыс орнын ашу міндеттелген.
Түркістан облысы