• RUB:
    6.26
  • USD:
    516.01
  • EUR:
    582.47
Басты сайтқа өту
Қоғам 27 Ақпан, 2025

Қызылжардағы қырандар бәсекесі

52 рет
көрсетілді

Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданындағы «Құлагер» ипподромында құсбегілік өнерден кезекті чемпионат аяқталды. Екі күнге созылған саятшылардың сайысына Астана мен Алматы қалаларынан және 12 облыстан іріктелген үздік құсбегілер 62 бүркіт, 29 қаршыға және 17 ителгісін әкеліп қатысты.

Жарыстың алғашқы күні бүркіт бәсе­ке­сімен бастал­ды. Құсбегілер бүркітті қол­ға шақыру, шырғаға салу кезең­дерінде шеберліктерін көр­сетті. Жарыс қорытындысында үздік шыққан 18 құс­бегі ақтық мәреге жолдама алды.

Сайыстың екінші күні қар­шыға мен ителгілердің сынға түсуімен жалғасты. Бұл жарыс­тарда да құстардың алғыр­лығы, ұшуға дайындығы, аң мен құсты алу қабілеті және құсбегінің баптау шеберлігі сарапқа салынды.

Чемпионат қорытынды­сын­да бүркіт құсы санатында бас жүлдені Ақмола облы­сының өкілі Ерлан Кенжетаев жеңіп алды. Екінші орынды Абай облысының бүркітшісі Ерзат Байқадамов еншіледі. Жүл­делі үшінші орын Ақмола облы­сының тағы бір өкілі Руслан Тумырзинге  бұйырды. Қаршығаның алғырлығы мен еп­тілігі сыналған жарыс­та бірін­ші орынды Түркістан облы­сының өкілі Аршабай Дәурен алды. Одан кейінгі орын­­­дар­ды жамбылдық Серік­бол­сын Жалғасұлы және тағы бір түр­кістандық Зәки Махмұт­хан қанжығаларына бөктерді.

«Иегі ителгінің тамағын­дай» деп сұлу қыздың иегін суреттегенде қолданылатын шағын тұрықты ителгілердің сайысында қарағандылық Таңат Оспанқұловтың құсы алдына жан салмады.  Екінші орынды павлодарлық Ермек Иманза­йып және жүлделі үшін­ші орын­­ды алматылық Сұлтансері Есен­таев­тың құс­тары иеленді.

Жарыс күндерінде Қы­зыл­жар өңірінің аспаны жар­қырап, нағыз «қар ап­пақ, бүркіт қара, түлкі қы­зыл» деп сипатталатын қан­­­сонардағы әсем сурет тұр­ды. Бұл құсбегілер мен көрер­мендердің де делебесін қоз­дырды. «Ешкімге зияны жоқ өзім көрген, Бір қызық ісім екен сұм жалғанда» деп ұлы Абай айтқандай, ұлтымыздың керемет өнерінің бірі халыққа рухани ләззат сыйлады.

Чемпионатты өткізуге рес­публикалық Құсбегілік феде­рациясының бас серіктесі – «Самұрық Қазына» ҰӘҚ» АҚ, сон­дай-ақ Туризм және спорт министрлігі, Солтүстік Қазақ­стан облысының әкімдігі, «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры» КҚ және Ұлттық спорт қауымдастығы демеушілік жасады.  

Соңғы жаңалықтар