Металлургтер қаласы Теміртауда ірі компаниялар мен шағын және орта бизнесті біріктіретін еліміздегі ең алғашқы өнеркәсіптік кластер құрылады. Бұл туралы «Qarmet» креативті технологиялар орталығында өткен «Өнеркәсіптік кластерді және ел ішіндегі құндылықтарды дамыту» атты бизнес-форумда мәлім болды.
«Қарағанды өңірі – еліміздің индустриалды жүрегі. Өңдеу өнеркәсібінің көлемі бойынша көшбасшы орындамыз. Өткен жылы облыс 3 трлн теңгеден астам өнім шығарды. Біз бизнестің өсуіне және инвестиция тартуға жағдай жасап жатырмыз. Биыл 1,5 трлн теңгеден астам инвестиция тартуды жоспарлап отырмыз, оның 90 пайызға жуығы – жекеменшік инвестиция. «Qarmet» компаниясымен бірге металлургиялық кластерді дамытуға, соның ішінде қалдықтарды қайта өңдеуге ерекше назар аударып отырмыз. Компаниямен бірге мәселелерді жедел шешу үшін жобалық кеңсе құрылады. Біздің басты байлығымыз – адамдар. «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында біз жаңа салалар үшін кадрларды белсенді даярлап жатырмыз. Қарағанды техникалық университетінің базасында өңірлік инновациялық-индустриялық хаб құрылады», деді аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев.
Егер өнеркәсіптік кластер өркендесе, өндіріс көлемі ғана өсіп қоймайды. Сәйкесінше цифрлық шешімдерді енгізу мен бизнестің мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылы оңтайланады.
«Бұл форум – «Qarmet» ірі кәсіпорнының айналасында шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған маңызды қадам. Министрлік ірі компаниялардың жергілікті жеткізушілерімен өзара серіктестік бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Біз бұл өнеркәсіптің тұрақты өсуінің кепілі екеніне сенімдіміз», деді Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шархан.
Мәжіліс депутаты Арман Қалықов «Qarmet» еліміздің 17 серпінді жобасының қатарына кіргеніне қуанышты екенін жеткізді.
«Бұл сөзсіз, кәсіпорынның ел өндірісіндегі маңызды рөлін айқындайды. Біз жұмысшылар мен кәсіпорындар мүддесін қорғауды одан әрі жалғастырамыз», деді А.Қалықов.
Бүгінде облыстағы қырыққа жуық шағын және орта бизнес кәсіпорындары «Qarmet» компаниясымен өзара серіктестік орнатып отыр. Форумда Қарағанды облысының әкімдігі мен «Qarmet» АҚ арасында ел ішіндегі құндылықтарды дамыту бойынша меморандумға қол қойылды. Маңызды құжат ірі өндіріс ошағы мен өңіріміздегі шағын және орта бизнестің арасындағы ынтымақты одан әрі жарастыруға кепіл. Мұнымен қоса «Qarmet» компаниясы өндірістік құрылымдары орналасқан басқа да қалаларда шағын өнеркәсіптік аймақтар құруды жоспарлап отыр. Бұл да өз кезегінде жергілікті өндірістік әлеуетті арттырады.
Облыс әкімдігі «Qarmet» компаниясымен бірлесіп, бастама аясында 20 мың шаршы метр дайын үй-жайға арналған шағын өнеркәсіптік аймақ құрады. Жаңа жұмыс орындары ашылады. Өндірістік тізбектер нығайтылып, импортқа тәуелділік қысқарады. Сонымен қатар жоба аясында ірі бизнес пен шағын кәсіпкерлік интеграциясы жүзеге асып, цифрлық шешімдер енгізілмек.
«Металлургияны және сабақтас салаларды дамыту, отандық өндірушілердің әлемдік нарықтағы ұстанымын нығайту, елішілік құндылықты құру – еліміздің ұзақмерзімді орнықты дамуының негізгі факторлары. Былтыр күрделі сыртқы экономикалық жағдайларға қарамастан, «Qarmet» болат өндірісін 15 пайызға, яғни 3,5 млн тоннаға дейін ұлғайтты. Бұл өсім елімізге болат өндіру қарқыны бойынша әлемде 8-орынға тұрақтауға мүмкіндік берді. 2028 жылға қарай болат өндірісін жылына 5 млн тоннаға жеткізу мақсатын қойып отырмыз. Бұл бағдар өндірісті ауқымды жаңғыртуға, шығындарды оңтайландыруға, үдерістерді цифрландыруға және кәсіпорын айналасындағы өнеркәсіптік кластерді дамытуға негізделген», деді «Qarmet» компаниясының бас директоры Вадим Басин.
Қарағанды облысы