Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Жасанды интеллект және этика: тұрақты болашақ» атты воркшоп өтті. Қазақстан, Қырғызстан, Мысыр, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан елдерінен келген қатысушылар бас қосқан жиынның негізгі мақсаты – жасанды интеллектіні қолданудың этикалық мәселелерін талқылау, оның орнықты дамудағы рөлін қарастыру және осы саладағы халықаралық тәжірибемен бөлісу.
Сенат төрағасының орынбасары Жақып Асанов халықаралық воркшопты аша келіп, Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың кездесуге қатысушыларға арналған құттықтауын жария етті. Төраға орынбасары жасанды интеллектіні дамыту мен оның этикалық мәселесінің маңызына тоқталды.
«Жасанды интеллект қазірдің өзінде өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Ол әлемнің келбетін өзгертті және медицинадан білім беруге дейінгі негізгі салаларға дендей енді. Сенатта да оны заң шығару үдерісіне енгізу бойынша жұмыс қолға алынды. ЖИ қоғамның қажетін талдай алады, заңдардың салдарын болжай алады, нормативтік актілерді дайындауға көмектеседі. Біз қазірдің өзінде әлемдік тәжірибені зерделеудеміз және сарапшылармен өзара іс-қимылды бастадық. Парламент өзгерістерге ашық және заманауи технологияны енгізуге дайын», деді Ж.Асанов.
Іс-шараға мемлекеттік органдардың өкілдері, ғылыми-зерттеу институттарының жетекші сарапшылары, IT-сала мамандары, Парламент Сенатының депутаттары Дархан Қыдырәлі, Ғалиасқар Сарыбаев, Наурызбай Байқадамов, Алишер Сатвалдиев қатысты.
Қатысушылар воркшоптың топтық сессиялары аясында жасанды интеллектінің даму кезеңдері мен инновацияларын, тілдік үлгілер мен цифрлық лингвистиканы, жасанды интеллект экожүйесін дамыту мәселелерін талқылады. Денсаулық сақтауда ЖИ-ді қолдануға, атап айтқанда, озық алгоритмдерді қолдана отырып, медициналық синтетикалық деректерді генерациялауға ерекше назар аударылды. Сонымен қатар келешекте жасанды интеллектіні этикалық реттеу және оның қоғамға әсері жайында айтылды.
2023 жылы Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың қатысуымен Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі хатшылығының XXI отырысы аясында Мұсылман ақсақалдар кеңесі Орталық Азия Бюросының кеңсесі ашылған еді. Өкілдік содан бері Орталық Азияның бүкіл өңірін қамти отырып, белсенді жұмыс істеп келеді.