• RUB:
    6.26
  • USD:
    516.01
  • EUR:
    582.47
Басты сайтқа өту
Аймақтар 28 Ақпан, 2025

Қатер қаперде болсын

46 рет
көрсетілді

«Қазгидрометтің» Солтүстік Қазақстан филиалының хабарлауынша, Есілдің Сергеев суқоймасындағы деңгейі биыл былтырғы сәйкес мерзімге қарағанда 87 см биік. Жаз бойы Есілдің суы қалыптағыдай азаймады. Бұған былтырғы судың молдығы, жерасты суларының көтерілуі әсер еткен.

Облыс аумағында Есіл­ден басқа Шаға­лалы, Сілеті, Қамы­сақты атты төрт өзен бар. Бұлар­дан басқа Ақанбұрлық, Бабық­бұрлық, Шарық, Жембарақ, Иман­бұрлық сияқты кейбір жазда құрғап қалатын өзеншіктер бар. «Қазгидромет» филиалы директорының орынбасары Наталья Левинаның айтуынша, осы салалардың тасуының, көлдердің арнасынан асып кетіп жайылуының салдарынан су үлкен өзендерге құйылып, тасытады. Облыста гидрологиялық мониторинг жасайтын 22 гидробекет бар. Солардың мәліметтеріне қарағанда, биыл да Есілдің тасу қаупі жоғары. Сергеевка су­қоймасындағы бүгінгі таңдағы су деңгейі 802 см, бұл бөгеннен асатын су қазірдің өзінде 2 см жоғары шығады деген сөз. 2024 жылдың сәйкес мерзімімен са­лыс­­­­тырғандағы ең биік деңгей – 88 см, ол «Крещенка» ауылының маңында тіркелген. Сергеев қала­сының маңындағы деңгей был­тырғыдан 87 см жоғары.

«2024 жылғы тасқынның себеп­терін зерделегенімізде, өзен­нің тасуына негізгі себеп – сең­дердің соқтығып, арнаны бітеп тас­та­ған­дығы. Сондықтан өзен арнасын тазалау – басты міндет», дейді маман. Қазір Есіл мұзының қалыңдығы – орта есеппен 72 см.  Қар суының көлемі қазіргі болжаммен нормадан артық болмайды. Облыстың барлық ауданын­дағы қар көлемі қа­лыпты, тек Ғ.Мүсірепов ауданында ғана нормадан 30-40%-дай артық.

Гидрометтің болжамы бо­йын­ша, облыс аумағына наурыз­дың алғашқы он күндігінде қалың қар түседі. Алайда үшінші он күн­дік­тен бастап қар еріп, жаңбыр жауа бастайды. 

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Дмитрий Растихиннің мәлімдеуінше, қаладағы және қала іргесіндегі Бескөл ауылының түбіндегі барлық 8 дамба жөн­деліп, былтырғы шайылған тұс­тары тегіс бітелген. Топырақ үю жұмыстары аяқталған. Қаланың Ущев көшесіндегі дамбасы бетон плиталарымен қапталған.

Облыс аумағында 4 791 үйде тұратын, 14 811 адамы бар 116 елді мекенді су басу қаупі бар. Соның ішінде 24 елді мекен бұл қауіпті аймаққа былтырғы тасқыннан кейін қосылды. 40 елді мекенге өзеннің, 13 ауылға көлдердің суы тасуынан, 63 елді мекенге қар суының көп болуынан су кіруі мүмкін. Былтырғы су тасқынын ескере отырып, облыс­та 2025 жылғы тасқынға тосқын жасау жоспары жасалған. Бүгінге дейін 109 шара атқарылған. Соның ішінде елді мекендерді қорғайтын валдарды жөндеу, жаңадан тұрғызу жөнінде 40, республикалық, облыстық, жер­гілікті маңызы бар автожолдарда су өткізетін құбырлар орнату жөнінде 41 жұмыс атқарылған. Жаңадан 38 шақырымдық дамба тұрғызылды. 41 шақырымдай дамбалар жөнделіп, бекітілді. Облыста құқық қорғау, ТЖД, Ұлттық ұлан, жергілікті атқарушы билік өкілдерінен құралған, жедел көмек беретін 1904 адамдық топ құрылған. Олардың қарамағына 1347 бірлік техника берілген.

Қосымша 27,8 мың тонна инертті материалдар, 51 мың қап, 130,5 тонна жанар-жағармай дайындалып қойған. Олардың санын, көлемін көбейту әлі де жалға­сып жатыр. Эвакуациялана­тын тұрғындарды қабылдайтын, 17 мыңдай адамға арналған 249 бекет әзірленді.

Облыстағы Петропавл, Сер­геев, Ғ.Мүсірепов ауданындағы Шарық суқоймалары «Қаз­СуШар» РМК Солтүстік Қазақ­стан облыстық филиалына қа­райды. Филиалдың директоры Шұғайып Ибатуллиннің айтуын­ша, Сергеев суқоймасы – Есіл өзені бойынша су реттеудегі ең маңызды стратегиялық су торабы. Ол Петропавл суқоймасы­мен бірге Солтүстік Қазақстан облысын тұтастай, Қостанай, Ақмола облыстарының біраз бөлігін ауызсумен қамтамасыз ететін біртұтас су шаруашылығы кешені. Сонымен бірге Сергеев суқоймасынан электр қуаты да өндіріледі.

«Былтырғы тасқында осы су торабының сол жағалауындағы 2 мың текше метрдей топырақты су шайып кетті. Оны жөндеуге, бекітуге республикалық бюджеттен 194 млн теңге бөлінді. Құрылыс-монтаждау жұмыстары екі кезеңмен жүргізіліп, қазір толық аяқталды. Алдымен 1176 текше метр тас үйілді, екінші кезеңде ол түйіліп, тегіс бетондалды. Қазір өзеннің арнасын тазалау жұмыстары жалғасып жатыр», деді ол.

Үшінші – Шарық су торабы апатты жағдайда, сондықтан 2016 жылдан бері ол суды бөгемей, тек транзиттік рөл атқарады. Оны жөндеу 2028 жылға жоспарланған.

 

Солтүстік Қазақстан облысы 

Соңғы жаңалықтар