• RUB:
    6.26
  • USD:
    516.01
  • EUR:
    582.47
Басты сайтқа өту
Талбесік 28 Ақпан, 2025

Ертіс бойында экопарк салынады

50 рет
көрсетілді

Павлодарда Ертіс, Усолка өзен­де­рінің аралығында орна­лас­қан 60 гектар аумақта тұр­ғын­дардың демалысына қолайлы жағ­дай жасау көзделіп отыр. Нәти­жесінде, іші үнемі ыбырсып жататын өзен тоғайы­­ның эколо­гия­лық ахуалы жақсара түседі.

Биыл Павлодардағы Усолка шағын ауданында экопарктің құрылысы басталады. Усолка өзенінің жағасында орналасқан тоғай арасын күн жылы мезгілде теріс өмір салтын ұстанатындар, қаңғыбастар жайлап, үнемі күл-қоқыс шашылып жататын. Экологтердің дабыл қағуымен парк жобасы қабылданып, енді жұртшылық оның тез арада жүзеге асуын асыға күтіп отыр.

– Биыл облыс әкімінің тапсырмасы бойынша ауқымды жоба – Усолка шағын ауданында экопарк салу жұмыстарын бастағалы отырмыз. Қаланы аралау барысында экопарк салынатын аумақты тексеріп шықтым. Алда қолға алынатын жұмыстар туралы баяндамаларын тыңдадым. Мердігерге қойылатын негізгі талап – табиғатқа барынша аз әсер ету, экологиялық материалдарды пайдалану. Жалпы алғанда, шамамен алпыс гектарды құрайтын аумақта құрылыс-монтаж жұмыстарын бас­тамас бұрын, су басудың алдын алу мақсатында ұзындығы 2,2 км болатын дамбаны нығайту қажет. Бұл жұмыстарға ақпан айының соңғы онкүндігінде кірісіп, Ертіс өзенінің суы тасығанға дейін аяқтауды тапсырдым, –деді Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков.

Паркте шамамен 30 гектардай­ көгал жабыны, 10 суландыру жүйесі болады. Жайлы орындықтар, жаяу жүргіншілер жолы, балаларға ар­налған ойын алаң­дары, ана мен бала бөлмесі, дәретхана қарастырылған.

Бұған қоса жергілікті билік биылғы көктемде қансорғыш жән­діктерге қарсы күресті күшейте түспек ниетте. Облыста шыбын-шіркейге қарсы 172 мың гектар алқап өңделеді. Әуеден өңдеу шараларының аясы биыл бірден 45 мың гектарға ұлғайып отыр. Осыған орай қосымша ұшақтар мен техникалар тарту көзделген. Дезинсекция жөніндегі жұмыстар 2024 жылы жасалған үш жылдық келісімшарттың аясында жалғасады. Павлодар қаласының 32 мың гектар жайылма аумағын, Ақсу қаласында, Павлодар ауданында 30 мың гектар, Тереңкөл, Ақтоғай аудандарында 20 мың гектар, Ертіс ауданында 40 мың гектар жайылма алқабын қамту жоспарланған. Айта кетелік, былтыр Павлодарда шыбын-шіркейге қарсы улау жұмыстары шілденің ортасына дейін жалғасқан еді.

«Облыс әкімі Асайын Байханов әуеден өңделетін алқаптың көлемін ұлғайтуды ескере отырып, қосымша техниканы тарту қа­жет­тігін атап өтті. АН-2 маркалы 8 ұшаққа верификациядан кейін тағы екі борт келуі керек. Сондай-ақ тос­қауылмен өңдеу кезінде қолданылатын екі аэрозольді реттелетін дисперсия генера­то­рына тағы екеуі қосылады. Олардың әр­қай­сысының қамту қашықтығы – 500 метр­ге, сыйымдылығы – 1500 литрге дейін. Қол­данылатын препараттың көлемі пропор­ционалды түрде 14,5 мың литр­ге дейін артады. Байер препараттарынан басқа, поляк өндірісінің жаңа жетілдірілген құ­рал­дарын қолдану жоспарланып отыр. Олар наурыздың екінші онкүндігінде жет­кі­зіледі», деп хабарлады облыс әкімінің бас­пасөз қызметінен.

Қазгидрометтің болжамы бойын­ша, биыл Павлодарға көктем ерте келе­ді. Ауаның температурасы нормадан 2 градус­қа жоғары болады. Бүгінде Бұқтырма су қой­масында 38 текше километр су бар. Бұл өткен жылдың осы кезе­ңімен салыс­тыр­ғанда 8,6 текше кило­метрге артық. Бұқтырма, Шүлбі су қоймаларына келетін су көле­мінің болжамды ағыны орташа көп­жыл­дық мәндерден 15-тен 40%-ға дейін жоғары.

 

Павлодар облысы

Соңғы жаңалықтар