Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері Василий Григораш Алтай өлкесінде дүниеге келген. Майданда көрсеткен ерлігі үшін ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Жапонияны жеңгені үшін» медалімен марапатталған.
Павлодар облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің әскери қызметшілері мен жергілікті атқарушы органдардың өкілдері соғыс ардагері Василий Ивановичті 99 жасқа толған күнімен құттықтады.
Өңірлік қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы, майор Бекзат Оразов майдангерге соғыста көрсеткен ерлігі, жауынгерлік рухы мен Жеңіске қосқан үлесі үшін алғысын білдірді.
– Сіз адам айтқысыз қиындықты бастан өткеріп, жаудың алапат күшіне өз қаруластарыңызбен бірге қарсы тұрдыңыз. Сіздердің табанды ерліктеріңіздің арқасында Отанымызға көзін алартқан жаудың беті қайтып, жеңіс туын тіктік. Соғыс жылдары жасаған ерлік әлемдік тарих шежіресінде алтын әріптермен жазылып қалды. Бейбіт болашағымыз үшін жасаған жауынгерлік істеріңіз үшін ұрпақ сізге дән риза, – деді ол.
Департамент басшысы Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықовтың атынан қарт майдангерге Алғысхат табыс етті.
Василий Григораш 1926 жылы 21 ақпанда Ресей Федерациясы, Алтай өлкесінің Гурлинка ауылында дүниеге келген. Мектепті бітіргеннен кейін 17 жасында жас жауынгер әскер қатарына қызмет етуге аттанды. Аға сержант Василий Григораш Байкал әскери округі 293-дивизиясының құрамында соғысып, бөлім командирі болды. II дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Жапонияны жеңгені үшін» медалімен және басқа да мерейтойлық наградалармен марапатталған.
1951 жылы ол Павлодарға көшіп келіп, локомотив депосына жұмысқа тұрды. 1988 жылы зейнетке шыққанда еңбек кітапшасында бір ғана жазу – депода еңбек еткені туралы баяндалған.
– Жастарымыз ауырмасын, көңілдері қартаймасын. Отаны мен туған отбасын аяласын. Барлық отандасыма ұзақ ғұмыр тілеймін, – дейді Василий атай.
Қазіргі уақытта Ертіс-Баян өңірінде Екінші дүниежүзілік соғыстың алты ардагері тұрып жатыр.
ПАВЛОДАР