• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Маман Бүгін, 08:15

Әр операция – бір тағдыр

Ұрпақ саулығы – ұлт болашағының кепілі. Сондықтан да ана мен бала денсаулығын қорғау жүйесін заман талабына сай дамыту мемлекеттің басты басымдықтарының бірі ретінде назардан түспейді. Осы жасампаз бағытта адам жанының арашасы болып жүрген ақ желеңді абзал жандардың еңбегі ерен. Сол қатардағы бүгінгі кейіпкеріміз – білікті балалар хирургі әрі урологі, Астанадағы №2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасы директорының медициналық жұмыс жөніндегі орынбасары Динат Қожекенов.

Дәрігер болу – адам баласына деген сүйіспеншілікті, темірдей төзімділікті, кез кел­ген сәтте тәуекелге бел байлай ала­­тын ба­тылдықты талап ететін қасиетті бо­рыш. Осын­дай жауапкершілігі зор жолды таң­да­­ған Динат Ерікұлы Семей мемлекеттік медицина универ­си­те­тінің педиатрия факультетінде білім алған.

«Біз оқыған жылдары педиатрия факуль­­тетінің орны бөлек еді. Субор­ди­на­­тураны дәрігер-педиатр ретінде аяқ­тап, интернатураға келгенде жүрек қалауымен балалар хирургиясы бағытын таң­дадым. Кейін осы қиын да жауапты салада жүріп білімімді үнемі жетілдіруді мақ­сат тұттым, балалар урологиясы бо­йынша қайта даярлаудан өттім. Содан бері талай сәбидің жүзіне күлкі, ата-ананың көңі­ліне үміт ұялатып, балалар хирургі әрі урологі ретінде қызмет етіп келемін», дейді кейіпкеріміз.

«Ұстазы мықтының ұстанымы мықты» дегендей, кез келген үздік маман­ның артында ұстаз тұратыны хақ. Динат Ерікұлының да кәсіби тұрғы­дан қалыптасуына, скальпельді алғаш сеніммен қолға алуына Шығыс Қазақстан облыстық Ана мен бала орталығы балалар хирургиясы бөлімінің меңгерушісі, танымал дәрігер Қайрат Рахымжанов тікелей ықпал еткен. Ол шәкірттеріне хирургияның қыр-сырын ғана емес, дәрігерлік этика мен адами биіктіктің де үлгісін көрсетті. Бүгінде Қайрат Құсманұлының мектебінен өткен дәрі­гер­лер ірі ауруханалардың бас­шы­лы­ғында, сондай-ақ түрлі қалаларда бөлім мең­герушісі ретінде табысты қызмет етіп жүр.

Әрбір хирургтің жадында мәңгілікке таңбаланып қалатын алғашқы күрделі операциясы болады. Динат Ерікұлы үшін мұндай алғашқы үлкен сынақ бауыр­ эхинококкозына шалдыққан бала­ның өмірін арашалау сәті еді. Ағза­ға түскен­де бауыр­да үлкен кисталар түзетін бұл қауіпті пара­зи­­­­тарлық дерттің асқын­ған түрімен, дәлірек айтқанда, ­кистасы жарылып кет­кен ауыр халдегі ұл бала ауруханаға жеткізіледі.

«Бұл өте сирек әрі қауіпті жағдай еді. Сол күні практикант ретінде ұста­зым Қайрат Құсманұлымен бірге кезекшілікте болдым. Ұстазым маған үлкен сенім артып, өзі ассистент болып бағыт-бағдар беріп тұрды да, операцияны маған жасатты. Баланың клиникалық жағдайы дәл кітапта жазылғандай өте күрделі сипатта өрбіді. Ұстазым әрбір клиникалық көріністі, әрбір қимылды басынан аяғына дейін жіті түсіндіріп, «Мұны бір рет көрдің, енді өмір бойы жадыңда сақта» деп үйреткені әлі күнге дейін көз алдымда. Операция сәтті өтіп, бала аман қалды. Бұл менің үлкен хирургияға жасаған нық қадамым еді», дейді Д.Қожекенов.

Осы уақытқа дейін кейіпкеріміз 2 мың­нан аса балаға сәтті операция жасады. Хирург ретінде оның тәжірибесін­дегі ерекше оқиғалар аз емес. Соның ішін­де ел медицинасында сирек кездесе­тін күрделі сипаттағы операция – «Неокуб» ойыншығындағы магнитті жұтып қой­ған кішкентай баланың ағзасынан 56 бірдей металл шарикті шығару сәті еді. Бұл елімізде осы уақытқа дейін бала ағзасынан тазартылған ең көп магнитті шарик ре­тінде тіркелді. Магниттер ішектерді бір-бірі­не тартып, тесіп кету қаупін тудырған­дықтан, зергерлік дәлдіктегі операция 2-3 сағатқа созылыпты. Дегенмен, бәрі сәтті аяқталып, дәрігер бала өмірін аман алып қалды.

Динат Ерікұлы үшін хирург маман­дығы­ның басты алтын ережесі – гиппо­крат­тың «Ең бірінші – зақым келтіріп алмау» (Primum non nocere) қағидаты. «Ме­дицина, емдеу тәсілдері, технологиялар үздіксіз дамып жатыр. Бірақ хи­рург кез келген шешімді қабылдар ал­дында «Осы жасағаным балаға зиян емес пе?» деген сұрақты бірінші орынға қоюға тиіс. Біз қазір де дәрігерлермен бірге клиникалық талқылау жасағанда, ең алдымен осы ережеге жүгінеміз», дейді ол.

Заманауи медицина скальпель ұстаған хирургтің шеберлігімен ғана шек­телмейді, бұл – үлкен инфра­құ­ры­лымды, қар­жылық әрі стратегиялық жос­парлау­ды қажет ететін күрделі жүйе. Д.Қо­же­ке­новтің еңбек жолына көз жүгіртсек, оның клиникалық жұмыспен қатар ұйым­­­­­дастыру қырын да қатар дамытып келе жатқанын көре­міз. Ол Қазақ гуманитарлық-заң ин­но­вациялық университетінде «Іскерлік әкім­шілендіру» мамандығы бойынша магистр (MBI) дәрежесін алып, одан кейін Қазақ қатынас жолдары университетінде «экономика» м­амандығын тәмамдаған. Сондай-ақ 2024 жылы Германияның Фрайбург қаласында «Ден­саулық сақ­тау­дағы менеджмент және қоғамдық ден­саулық сақтау» бағытында біліктілігін арттырған.

«Мен мұны кәдімгі дамудың, про­грестің ажырамас бір бөлігі деп санаймын. Медицинада дамудың екі жолы бар: біріншісі – өз біліктілігіңді хирургия не педиатрия бағытында ғана дамыту. Екінші жолы – медициналық көмекті ұйымдастыру ісін қолға алу. Бұл да – өте қажет сала. Себебі балаға көмектесу операция жасаумен ғана шектелмейді. Мұнда баланың үйінен ауырып басталған сәтінен бастап, ауруханаға қабылдау, жедел емдеу және ең бастысы – ауруханадан­ шыққаннан кейінгі оңалту, қалпына кел­тіру кезеңдерін толық жүйелеу тұр. Бұл үлкен менеджментті қажет етеді», дейді Динат Ерікұлы.

Ол 2011–2018 жылдары Өскемендегі Ана мен бала орталығында хирург-уролог, «Клиника Болатова Х.А.» мекемесін­де директордың емдеу ісі жөніндегі орынбасары, 2018 жылдан бастап Астана қаласының №1 көпбейінді қалалық ­ба­ла­лар ауруханасы директорының меди­ци­налық бөлім жөніндегі, кейіннен ме­ди­­циналық қызмет сапасын бақылау және стратегиялық жоспарлау жөніндегі орын­басары лауазымдарын атқарды. Ал 2025 жылдың сәуір айынан бастап №2 көп­­бейінді қалалық балалар аурухана­сы директорының медициналық жұ­мыс жөніндегі орынбасары қызметіне тағайын­далып, елорда медицинасының са­па­сын арттыруға елеулі үлес қосып келеді.

Динат Ерікұлы балалар хирургиясына 3 жаңа емдеу әдісін енгізу жұмысына белсенді қатысты: «Криотур 600» аппараты көмегімен балалардағы геман­гио­маны емдеу; балалардағы аппенди­кулярлы перитонитті емдеу тәжірибесі; операциядан кейінгі нәжісті тоқтата ­алмау дертіне шалдыққан балаларға АСЕ (Антеградты жуу) операциясын қол­дану әдістері. Бұл жаңалықтар отан­дық балалар хирургиясының тиімді­лігін айтар­лықтай арттырды. Сондай-ақ дәрігер COVID-19 пандемиясы өршіп тұрған тұста инфекциялық бақылау­ды ұйым­дастыру және медициналық көмек сапасын үздіксіз арттыру әдіс­темесін әзірлеуге қатысып, бұл еңбек еліміздегі ең үздік жүйелердің бірі деп танылды.

Кейіпкеріміз қызмет ететін №2 көп­­­бейінді қалалық балалар ауруханасы – тек Астана қаласының емес, тұтас рес­пуб­ликаның маңдайалды меди­циналық орталықтарының бірі. Аурухана басшы­лы­ғының бастамасымен да­мыған бірнеше шетелдің жетек­ші клиникаларымен меморандумдар­ға қол қойы­лған. Динат Ерікұлының өзі де Израильдің «Шнайдер» балалар меди­­циналық орталығында, Қытайда, Германияда біліктілігін шыңдап қайтты.

Шетелдік озық стандарттарды енгізу нәтижесінде бүгінде аурухананың қабыл­дау бөлімінде халықаралық Триаж жү­йесі (Triage system) сәтті жұмыс істеп тұр. Бұл жүйе қабылдау бөліміне өте ауыр халде келген науқастарды ­ахуал дәрежесіне қарай (қызыл, сары, жасыл аймақтар) жедел бөліп, қысқа уақыт ішін­­де нақты диагноз қоюға және шұғыл көмек көрсетуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар ауруханада эндовидеохирургия, яғни лапароскопия­лық әдістер өте қарқынды дамып келеді. Бұ­рын міндетті түрде үлкен кесу арқылы жасалатын күрделі операциялардың басым бөлігі қазіргі таңда денеде үлкен тілік жасамай-ақ заманауи лапароскопия­лық қондырғылармен сәтті жүзеге асырылып жатыр. Бұл балалардың операция­дан кейін тез оңалуына, ауруханада жату мерзімінің қысқаруына септігін тигізеді.

«Біздің ауруханаға келетін пациент­тер­дің 80 пайызға жуығы астаналықтар болса, қалған 20 пайызы – еліміздің басқа өңірлерінен арнайы жолдамамен келіп емделетін балалар. Сонымен қатар санитарлық авиация желісі бойынша өте ауыр халдегі балаларды жеткізу жұмысы жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Мысалы, биылдың өзінде өңірлерден санавиация арқылы жедел жеткізілген 6 балаға шұғыл жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетіліп, өмірін арашалап қалдық», дейді дәрігер.

Денсаулық сақтау саласындағы ілге­рі­леу­шіліктер мемлекеттік саясаттың тиім­ділігін айқындайды. Д.Қожеке­нов 2020–2024 жылдары Астана қаласы ­бо­йынша орфандық (сирек кездесе­тін) аурулардың координаторы қызме­тін атқарып, бұл бағыттағы жүйелі диагностика мен емдеу ісінің деңгейін көтеруге сүбелі үлес қосты. Бүгінде медициналық, фармацевтикалық және мейіргерлік білім қызметін аккре­диттеу жөніндегі сарапшы ретінде де кадрлар сапасын арттыруға атсалысып келеді.

«Кейінгі жылдары балалардың өмі­­рін сақтап қалу, диагнозын дер ке­зінде анықтап, емдеу едәуір жақсарды. Қазіргі кезде ауру балалардың саны арт­­қан сияқты көрінуі мүмкін, бірақ бұл – диагностиканың жоғары деңгейде дамығанының көрінісі. Бұрын диагноздар дер кезінде анықталмағандықтан, көп баланың ауруы беймәлім болып қалатын. Ал қазір барлық бала жіті бақыланады. Мысалы, 90-жылдары балалардың көбі пилоростеноз дертінен шетінеп кететін болса, қазір бұл дерттің соңы қайғылы жағдайға апаратын оқиғалар тым сирек, тіпті жоққа тән деуге болады», дейді кейіпкеріміз.

Д.Қожекеновтің медицина саласын­дағы қажырлы еңбегі, ғылыми ізденіс­тері мен қоғамдық белсенділігі ескерусіз қалған емес. Ол «Алтын қыран» меда­лімен, «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Дәрігер үшін ең қымбат сыйлық – сауығып шық­қан баланың күлкісі мен ата-ананың алғысы. Динат Қожекеновтің кәсіби жолы осы ұстанымның жарқын көрінісі іспетті.

Соңғы жаңалықтар