Ел көлемінде жүз шақты кәсіпорын сусабыннан бастап тұрмыстық химия өнімдерінің жүздеген түрін шығарады. Жақында солардың біріне барып, өндірісті өз көзімізбен көріп қайттық.
«ПрофХим» ЖШС қызметінің негізгі бағытының бірі – тұрмыстық химия өнімдерінің кең спектрін шығару. Олардың ішінде «VOKA» брендіндегі 120 түрлі сұйық сабын, сондай-ақ ыдыс, көлік жууға арналған, тұрмыста кең қолданатын химиялық өнімдерді өндіруге басымдық береді.
Құрылтайшысы Владимир Мироненко бастапқыда квазисектордағы компаниялардың бірінде жұмыс істеді. Кейін бизнестің әртүрлі сегментінде бағын сынап жүрген, бала күннен бірге өскен досының кеңесімен Қытай мен Ресейден сусабынды, сабынды, тұрмыстық химия сұйықтықтарын тасумен айналысты. Сөйтіп жүріп өндірісті көзбен көрді. Дүкен сөрелерінің белін қайыстырып тұрған өнім түрлерінің түп негізі бір шикізаттан дайындалатынын, қоспалары арқылы ғана бір-бірінен ерекшеленетінін көргенде «неге осыны өзіміз дайындамасқа» деген ойға келеді.
Қолдағы жиған-тергеніне қаланың шеткері аймақтарының бірінен ескі ғимаратты сатып алды: құрал жабдық, өндірістік желі үшін екінші деңгейлі банктердің бірінен 14 пайызбен 86 700 000 теңге несие алды. Оның 8 пайызын «Даму» қоры субсидиялап берді. Қазір зауытта бір ауысыммен жұмыс істейтін 15 жұмысшы бар. Кәсіпкердің айтуынша, ыдыс-аяқ, көлік құралдарын жууға арналған шикізат Швецариядан бөшкемен, қаппен жеткізіледі. Өнімнің сапалы шығуы сол шикізаттың қажетті мөлшерде қолданылуына байланысты. Жұмыс толығымен автоматтандырылған.
Өндірістің келесі кезеңі шикізатты араластырып, ең жоғары температурада қайнатумен жалғасады. Қайнатылған сұйықтықты қоймалжың күйге түскенше кемі 5–6 сағат шайқайды. Содан кейін оған әдемі түс пен иіс беру үшін арнайы қоспалармен араластырады. Бұл үдеріс те төрт сағатқа созылады. Содан кейін тағы да тексеруден өтіп, арнайы құтыларға құйылып, таңбаланып, қоймаға жіберіледі. Мұнда да жұмыс үдерісі технологтердің жіті бақылауында. Сұйықтыққа пайдаланатын қоспалар қажетті мөлшерден кем болса, ол сапасын тексеретін технолог-роботтың сүзгісінен өтпей қалады. Зауыттың әлеуеті тәулігіне 20 тонна тазалағыш сұйықтықтарын дайындауға жетеді.
Қазір «VOKA» брендіндегі өнімдерге сұраныс өсіп келеді. Тапсырыс берушілер – «HoReCa», қонақ үй сегменті, тұрмыстық қызмет сегменті, дәмханалар, балалар үйлері. Ал өзге ірі желілік сауда үйлерінің есігі бұлар үшін жабық.
«Ыдыс, көлік жууға арналған химиялық өнімдер шығаратын зауыттардың бәрі шикізатты Швейцариядан алдырады. Қытай немесе Ресей тауарлары құрамының 80%-ы өз елдерінде шығатын химиялық қоспадан дайындалғандықтан, олармен баға жөнінен бәсекелесе алмаймыз. Ал біздің өнімдердегі қоспаның 90%-ы – импорт. Су ғана өзіміздікі. Бірақ сапа жағынан бәсекеге қабілеттіміз», дейді.
Владимир Мироненко айтып өткендей, отандық өндірістің дамуына бүкіл ел болып мүдделі болуымыз керек. Онсыз экономиканың өрісі кеңеймейді.
«Ашық нарықта жүргенімізге сегіз жыл. Бірақ кейде кейбір сауда үйлерінің басшылары келіп, «құтының сыртына шетелден келетін тауар түрінің жапсырма қағазын жапсыр да, ішіне өздерің дайындаған химиялық сұйықтық құйып берші» деп өтініш айтады. Оларға сапа емес, бренд керек екенін түсінемін. Тұтынушының көзі үйреніп қалған тауарға түседі. Кейде клиенттер алдында нарықта шетелдік бренд ретінде танылған өнім түрі мен өз өнімдерімізді бос құтыға құйып, сынақтан өткіземін. Мұндайда таңдау біздің өнімдерімізге түседі», дейді өндіріс басшысы.
Айтуынша, нарықтың осы сегменті контрабандалық тауарларға толып кеткен. Халықаралық нарықта бренд атауы бар өнім түрлері жертөледегі жасырын цехтарда құйылуы мүмкін. Мысалы, жұртшылық арасында танымал тазартқыш ұнтақ шығаратын шетелдік зауыттың жұмысын тоқтатқанына бірер жыл болып қалды. Бірақ тауарлары қара базарда, дүкендерде толып тұр.
«Тұрмыста кең қолданатын химиялық сұйықтықтардың дайындалу үдерісі өте күрделі. Кейбір қоспа түрлерін қандай көлемде салу керектігін тек мамандар ғана шешеді. Тіпті иістендіргіш, түрінің әрін келтіретін қоспалардың өзі мамандардың бақылауымен ғана анықталады. Ал көлеңкелі импортпен келетін немесе жертөледе дайындалатын өнімдердің құрамына ешкім кепілдік бере алмайды. Тері, ішкі құрылыс ауруларының көбейіп кетуіне осы фактор да әсер етуі мүмкін», дейді.
«ПрофХим»-нің тапсырыссыз, тоқтап тұрған күні жоқ. Жылдық айналым – 600 млн теңге. Жұмысшылар жалақысы 300 мың теңгеден басталады. Зауыттағы жұмыс үдерісінің 30 пайызы автоматтандырылған.
«Өнімдеріміз аз көлемде базарларда сатылады. Қаладағы ірі сауда желілерінде сатылмағандықтан, зауыт жанынан өз дүкенімізді аштық. Алдағы уақытта сұйықтық құятын ыдыстарды да өзімізде дайындағымыз келеді. Жоспарымыз – нарық сұранысының 10 пайызын бағындыру. Өнім түрлерін көбейтуге, бағыт-бағдарымызды әртараптандыруға да әлеуетіміз жетеді. Бізге тек нарықтың сенімі және халықтың қолдауы қажет. Қалған мәселені өзіміз реттейміз», дейді кәсіп иесі.
АЛМАТЫ