• RUB:
    6.26
  • USD:
    516.01
  • EUR:
    582.47
Басты сайтқа өту
Спорт 04 Наурыз, 2025

Жарыс күнделігі: Коньки

30 рет
көрсетілді

Конькиден Нидерландтың Херенвен қаласында ұйымдастырылған Әлем кубогінде Евгений Кошкин 500 метрлік қашықтықты 34,46 секундта жүгіріп өтіп, бас жүлдені олжалады. Екінші, үшінші орынды Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері, әлем чемпионы, канадалық Лорен Дюбрель (34,51) мен жарыс қожайыны, әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Еуропа чемпионы Еннинг Де Боо (34,52) еншіледі.

Су добынан Қытайдың Чжаоцинінде өткен Азия чемпионатында еліміздің әйелдер құрамасы қола медаль иеленді. Шешуші сында олар Өзбекстанды 13:6 есебімен жеңді. Бір өкінштісі, біздің қыздар жүлде алғанымен, әлем чемпионатына қатысатындардың тізіміне қосыла алмады. Өйткені аталған жарыстың жолдамасы тек финалға шыққан үздік командаларға ғана берілді. Парижде әртістік жүзуден Әлем кубогінің кезеңдік сайысы аяқталды. Алғашқы күні техникалық бағдарлама бойынша сынға түскен Эдуард Ким тек ұлыбританиялық Ранжу Томблиннен қалып қойып, күміспен күптелді. Күні кеше Виктор Друзин жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Ол жеке бағдарламада теңдессіз деп танылды. Сайыстың дәл осы түрінде Артур Майданов мен Валерия Столбунова жұбы күміс медальды мойындарына ілді. Канаданың Калгариінде шорт-тректен жастар арасындағы әлем біріншілігі жалғасып жатыр. 1500 метрлік сайыста бақ сынаған Алина Әжіғалиева жеңіс тұғырына сынық-сүйем ғана жетпеді. Оңтүстік Кореяның қос мықтысы – О Сонгми мен Ким Минджи, канадалық Аиша КьюАй Миаодан қалып қойған жерлесіміз төртінші орынды қанағат тұтты. Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) күш сынасып жүрген «Барыс» кезекті кездесуінде жеңіліс тапты. Бұл жолы Челябіге сапар шеккен астаналықтар жергілікті «Трактордан» 0:8 есебімен ойсырай ұтылды. Футболдан еліміздің премьер-лигасының жаңа маусымы басталды. Алғашқы тур ­ойындары мынадай есеппен аяқталды: «Ас­та­на» – «Қайрат» 1:1, «Тұран» – «Оқжетпес» 2:0, «Атырау» – «Елімай» 2:1, «Қайсар» – «Жеңіс» 0:0, «Қызылжар» – «Жетісу» 1:1, «Ордабасы» – «Ақтөбе» 0:0, «Тобыл» – «Ұлытау» 2:0.
Соңғы жаңалықтар