• RUB:
    6.26
  • USD:
    516.01
  • EUR:
    582.47
Басты сайтқа өту
Аймақтар 04 Наурыз, 2025

Ертісте сең ерте жүре ме?

35 рет
көрсетілді

Ауа райын болжаушылар Ертіс өзеніндегі мұздың қалыңдығы былтырғымен салыстырғанда төмен екенін айтады. Бұл жағдай мұз көбесінің наурыздың соңын ала сөгілуіне себеп болып, сең ерте жүре бастауы мүмкін.

Павлодар облысында­ғы су тасқыны қыстай жиналған қардың еруімен тікелей байланысты. Мамандар ылғалдың түсуі жө­нінде кейінгі 10 жылдағы мәлі­меттер аса құбылмалы екенін, соған орай жауын-шашын мен қыстағы қардың белгілі заңды мөлшерін белгілеу оңайға түспей тұрғанын айтады.

– Кейінгі онжылдықта жыл­дың суық мезгіліндегі ыл­ғал­дың мөлшері туралы мә­лі­меттерді талдау жауын-ша­шын­ның заң­дылығын анық­тауға мүмкіндік бермейді. Көр­сеткіштердің ұлғаюы немесе төмендеуіне қа­тысты үрдіс анықталған жоқ. Мәселен, 2015–2016 жылдар маусымында ылғал мөлшері облыстың басым бөлігінде нормадан 51-89%-ға төмен болса, 2016–2017 жылдары қалыпты жағдайды көрсетті. 2017 жылдан 2021 жылға дейінгі кезеңде жауын-шашын нормадан төмен түсті (33-тен 85%-ға дейін азайды). 2021–2023 жылдары қалып­ты шекте байқалса (91-107%), 2023–2024 жылдары жауын-шашын мөлшері нормадан 30-91%-ға артты. 2024 жылғы қарашадан 2025 жыл­ғы 31 қаңтарға дейінгі ылғалдың мөлшері нормадан ­16-33%-ға артық. Бірақ бұл өткен мау­сым­мен салыстырғанда аз. Көріп отыр­ғанымыздай, әр жылдардағы өзгерістерді шамаласақ, ылғал­дың түсу заңдылығын белгілеу оңай шаруа емес, –дейді «Қазгидро­мет» РМК облыстық фи­лиа­лының ­директоры Галина Шпак.

Оның сөзінше, ұзақмерзімді гидрологиялық деректерді талдау, сондай-ақ жауын-шашынның жиналуын, топырақтың қату тереңдігін, топырақтағы ыл­ғалды ескере отырып, қауіпті ай­мақтарды үш санатқа бөлуге болады: су тасқыны қаупі жоғары аймақ – Баянауыл ауданы; қауіптілік деңгейі орташа – Май, Аққулы, Павлодар, Ақтоғай аудандары, Ақсу қаласы, оған іргелес ауылдық аймақ, Екібастұз қаласы, оған іргелес ауылдық аймақ; су тасқыны қаупі төмен – Шарбақты, Успен, Железин, Ертіс, Тереңкөл аудандары.

Көпжылғы статистикалық мәліметтерге сүйенсек, қардың күрт еруі наурыздың үшінші онкүндігінде болады. Мамандар 25 наурыздан қар күрт ери бас­тайды деп шамалайды. Өзен-көлдердегі мұздың жібуі де осы кезеңге тиесілі. Наурыздың соңы – сәуірдің алғашқы онкүндігінде мұз көбесі сөгіліп, сең жүруі ықтимал.

– Қазір Павлодар облы­сының аумағы арқылы өтетін Ертіс өзенінің гидрологиялық режімі су қоймаларының кас­кадымен реттеледі. Олардың негізгісі – шығыстағы Шүлбі су қоймасы. Біздің мекеме гидро­метеорологиялық бақы­лауды тек Ертіс өзені мен Са­бын­ды­көлде жүргізеді. Ақпан айы­ның ортасындағы жағдай бо­йын­ша Ертіс өзеніндегі мұздың қа­лыңдығы 47 см-ден 65 см-ге де­йін жетіп тұр. Тұтастай алғанда, мұз­дың қалыңдығы өткен жыл­ғы көрсеткіштерден аз, былтыр 74 см-ге дейін болған. Тағы бір ескеретін мәселе, Шүлбі, Сілеті су қоймаларынан су жіберілген­де мұз кептелістері пайда болуы мүмкін. Бұл су деңгейінің көте­рілуіне ықпал етіп, елді ме­кендерді, жайылымдарды, жолдарды, инфрақұрылымды су басу қаупін тудырады, – дейді Г.Шпак.

Биыл Ертіс бойында орна­ласқан Ақтоғай, Ертіс, Тереңкөл аудандарында қыстай жауған қардың мөлшері нормадан 16-33%-ға жоғары. Баянауыл ауданының бірқатар бөлігінде, Екібастұздың ауылдық айма­ғында, Успен ауданының сол­түстік-шығыс бөлігінде де ыл­ғал­дың мол екені байқалады. Жер­­гілікті мемлекеттік органдар осы факторларды ескеруі керек. Жер­гілікті тұрғындар мен жауапты қызметтер «Қазгидрометтің» болжамдары мен дауылды ес­кертулерін дер кезінде қаперге алып, бөгеттерді нығайту, суды қайтару арналарын тазалау, азық-түлік қорын дайындау сынды су тасқынының алдын алу шараларын уақтылы қабылдауы қажет.

Ауа райын болжаушылар су тасқынының пайда болу шарттары жыл сайын айтар­лықтай өзгеріп отыратынын, соның салдарынан кейбір жағ­дайда ықтимал апатты тап басу болжау қиын екенін айтады. Қазір «Қазгидромет» РМК-нің Павлодар облысындағы филиалы өңірдегі, көрші­лес ай­мақтардағы ауа райы жағ­дайына мониторинг жүргізіп, Ер­тіс өзе­нінің су деңгейі мен ағы­нын жиі бақылауға көшті.

 

Павлодар облысы 

Соңғы жаңалықтар