Жатыр мойнының обыры әйелдерде жиі кездесетін қатерлі ісіктердің ішінде сүт безі ісігінен кейін екінші орында. Зерттеулер көрсеткендей, бұрын аурудың осы түрі егде жастағы әйелдерден анықталса, қазір 50-ге толмағандар арасында кездеседі.
Әлемде жыл сайын 600 мың науқас жатыр мойны қатерлі ісігінен қайтыс болады. Елімізде жыл сайын осы диагноз 1900-ға жуық әйелге қойылады, салдарынан 600-дей әйел көз жұмады. Бүгінде барлық елде жатыр мойны обырына скринингтік тексеру жүргізіледі. Бізде скринингтен жергілікті емханада 30–70 жас аралығындағы әрбір әйел 4 жылда бір рет өтеді. Өкінішке қарай, аурудың қаупін елемей, тексеруге уақтылы бармайтындар кездеседі.
Аурудың осы түрінің пайда болуына басты себеп – адам папилломасы вирусы екені әлдеқашан анықталған. Осыны ескерген Үкімет вакцина сатып алуға қыруар қаржы қарастырып, былтырғы қыркүйектен 11–13 жас аралығындағы қыздарға папиллома вирусына қарсы вакцина салу басталды. Міндетті вакцинация келешекте жатыр мойны қатерлі ісігінен қорғауға септігін тигізеді. Тәжірибені сәтті енгізіп, жатыр мойны обырынан түгел құтылған елдер де бар. Мысалы, 2006 жылы Аустралияда адам папилломасы вирусына қарсы алғаш рет вакцинация жүргізілсе, қазір онда жатыр мойны қатерлі ісігі толығымен жойылған. АПВ вакцинасының тиімділігі мен қауіпсіздігі халықаралық деңгейде дәлелденген, екпе Ұлттық вакцинация күнтізбесіне енген. Бүгінде әлемнің 135 елінде қолданылады. Бірнеше ел вакцинаның арқасында АПВ-ның таралуын 90%-ға дейін төмендеткен. Балаларға ата-анасының ғана рұқсатымен салынады.
Жатыр мойны обырын скринингтік тексеру елімізде 2008 жылдан басталған. Әуеліде 35–65 жас аралығындағы әйелдер скринингтен өтсе, сырқаттың жасаруына байланысты 2017 жылдан 30–70 жас аралығындағы әйелдер 4 жылда бір рет өтетін болды. Егер адам папилломасы вирусына шалдыққан пациент уақыт оздырып, тексеруден өтпесе, 8–10 жылда вирус қатерлі ісікке айналуы мүмкін.
«Ұлттық ғылыми онкология орталығы» басқарма төрағасының медициналық қызмет жөніндегі орынбасары Әділбек Мұқажанов: «Ұлттық ғылыми онкология орталығы қазір жаңа ғимаратқа көшіп, мұнда ем-шаралардың озық әдіс-тәсілдері енгізіліп жатыр. Бұрын жатыр мойны обырына хирургиялық тәсіл қолданылатын, дәрі-дәрмекпен де емделетін. Қазір сәулелі терапия кеңінен қолданылады. Көп ұзамай жаңа диагностикалық жабдықтармен толығады. Біздің орталық шетелдік орталықтардан кем емес. Технологиялық жағынан дамыды, мамандардың біліктілігі жоғары. Жаңа орталық салынып біткенше, көптеген маман шетелде білімін шыңдады», дейді.
Жатыр мойны обырын ерте диагностикалау мен алдын алудың маңызы ерекше. Әйелдер уақтылы скринингтен өтсе, қыздар вакцина алса, қатерлі ісік едәуір азаяды.
«Алдын алудың бірінші жолы – вакцина. Екінші жолы – скрининг. Скрининг жатыр мойны обырына дейінгі ахуалды, обырдың алғашқы сатысын анықтауға мүмкіндік береді. Елімізде осы жұмыс жақсы үйлессе, обырды біршама азайтуға болады. Скрининг арқылы ісік алды ауруларды анықтасақ, оны ерте емдейміз. Бұл экономикалық жағынан да тиімді. Себебі ісік алды ауруларды емдеуден медицина шығынға батпайды. Қатерлі ісікті емдеуге көп қаражат жұмсалады. Жалпы, елде онкологиялық аурудың қай түрі болса да, оның шығынын мемлекет өтейді. Орталықта сәулелік ем әдісі енгізіліп жатыр. Оған кезекке тұрып жатқан пациенттер көп. Бұрынырақта хирургиялық емді қолдандық. Дегенмен обырдың барлық сатысында хирургиялық ем қолданыла бермейді. Ол қатерлі ісіктің бірінші сатысында қолданылса, екінші, үшінші сатысында сәулелік ем дұрыс», дейді орталықтың онкогинекология секторының меңгерушісі Аида Шакирова.
Ұлттық ғылыми онкология орталығында жатыр мойны обырына қатысты таңнан кешке дейін 100 адамға дейін қабылдауға мүмкіндік бар. Онкогинекология секторында төрт дәрігер жұмыс істейді. Олар орталыққа келген тұрғындарға онкоцитология жөнінде қызмет көрсетеді. Қажет болса УДЗ-ға түсіреді. Егер тағы да нақтылап тексеруге тура келсе, жатыр мойнын кольпоскоппен (микроскоп) қарайды.
Орталықтың радиациалық-онкология дәрігері Ғайни Олжатаева жатыр мойны обырын емдеудің жаңашыл әдіс-тәсілдері енген сайын шетелде біліктілігін шыңдайтын мамандар көбейгенін айтады.
«Қатерлі ісік бастапқы сатыда анықталса, пациент хирургиялық еммен толық емделіп шыға алады. Өкінішке қарай, скринингтік тексеріске қарамастан, екінші, үшінші сатыдағы науқастар жиі ұшырасады. Сондықтан елімізде қазір барлық сәулелі терапия жүргізетін құрылғылар жаңартылып жатыр. Осылайша, нақты ісіктің ошағына ем жүргізіліп, сау тіндерді қорғауға басымдық беріліп келеді. Терапиялық емнен кейін адамның өмір сүру сапасы артады. Әрбір онкологиялық орталықта сәулелі бөлімшелер, радиациялық онкологтер бар. Заманауи аппараттар көбейген сайын сәулелі емді жоспарлау күрделеніп келеді. Мамандар шетелде білімін шыңдап, жергілікті жердегі онкологиялық орталықтарда емнің жаңа тәсілдерін батыл енгізіп жатыр», дейді Ғ.Олжатаева.
Мамандар елде жүргізіліп жатқан скринингтің тиімділігі артып келе жатқанын айтады. Мысалы, 2012 жылдары жатыр мойны обырына шалдыққандардың 60–70%-ында аурудың ерте сатысы анықталса, қазір жатыр мойны патологиясының 89%-ы ерте анықталады. ДДСҰ иммунизация бағдарламасының үйлестірушісі Қанат Суханбердиевтің пікірінше, жатыр мойны обырын ұмытып, аурудың бұл түрін тарих қойнауында қалдыруға болады. Осы мақсатқа талпынған елдер жылдан-жылға артып келе жатыр, біз де сол елдердің қатарына қосылдық.
Жатыр мойны обырының пайда болуына 99% адам папилломасы вирусы әсер етеді. Бізде 26 жасқа дейінгі әйелдердің вакцина алуға мүмкіндігі бар. АҚШ-та 45 жасқа дейінгі әйелдер де вакцина салдыра алады. Екпенің 11–13 жастағы оқушыларға салынатын себебі – иммунитет ерте қалыптассын деген ұстаным. Онколог дәрігерлер шетелде оң нәтиже көрсеткен, барлық дерлік ел қолдап жатқан ем-шараның ешқандай қарсы әсері жоқ екенін мәлімдей отырып, алып-қашпа әңгімелерге ермеуге шақырады. Бүгінде жатыр мойны обырының алдын алудың ең тиімді жолы осы болып тұр.