• RUB:
    6.26
  • USD:
    516.01
  • EUR:
    582.47
Басты сайтқа өту
Спорт 12 Наурыз, 2025

Жарыс күнделігі

52 рет
көрсетілді

Спорттық гимнас­тикадан Бакуде өткен әлем кубогінде еліміздің құрамасы үш жүлде олжалады. Еркін жаттығуда Милад Карими беларусьтік Егор Шармаковтан қалып қойып, күміс медальды иеленсе, брусьяда жапониялық Казуки Мацумиді алға жіберген Дмитрий Потанин дәл сол межеден көрінді. Зейнолла Ыдырысов ат жаттығуында қолаға қол созды. Тағы бір айта кетерлік жайт, қолда тіреп жаттығуында 49 жастағы Өзбекстанның өкілі Оксана Чусовитина алтыннан алқа тақты. Сөйтіп, сегіз Олимпиадаға қатысқан жер-жаһандағы жалғыз гимнасшы тағы бір рекордты жаңартты.

Лондонда теннис­шілердің Дэвис кубогінің жеребесі тартылды. І әлемдік топта өнер көр­се­тетін жерлестеріміз Оңтүстік Кореямен шебер­лік байқасады. Бәсекелер қыркүйек айында өтеді. Осыған дейін қос команда өзара екі мәрте кездесті. 2007 жылы корейлер 5:0 есебімен ойсырата ұтса, арада үш жыл өткенде жерлестеріміз қарсыласын дәл сондай есеппен жеңді. Футболдан 2026 жылы жалауы желбірейтін дүниежүзілік доп додасының іріктеу турнирі аясында еліміздің құрамасы алдағы күндері сырт алаңда екі кездесу өткізеді. Әли Әлиев жаттықтыратын команда 22 наурызда Уэльске, 25 наурызда Лихтенштейнге қарсы ойнайды. Футболдан еліміздің премьер-лигасының екінші туры мындай нәтижелермен аяқталды: «Оқжетпес» – «Атырау» 2:1, «Жетісу» – «Ұлытау» 0:0, «Жеңіс» – «Тобыл» 0:0, «Қайрат» – «Ордабасы» 4:0, Ақтөбе» – «Тұран» 2:1, «Елімай» – «Қайсар» 2:0, «Қызылжар» – «Астана» 0:2. Қазақ парабиатлоншысы Ербол Хамитов Швецияда шымылдығы түрілген әлем кубогі кезеңінің жеңімпазы атанды. Ол 7,5 шақырымдық спринтерлік сайыста дара шықты. Күміс, қола медальдар Украина спортшылары Павло Бал мен Александр Алексикке бұйырды. Францияда «Париж-Ницца» көпкүндігі өтіп жатыр. 16 наурызға дейін созылатын жарыста «Астананың» намысын Кейс Бол, Клеман Шампуссан, Антон Чармиг, Евгений Федоров, Харольд Техада, Майк Тёниссен, Николя Винокуров сынды велошабандоздар қорғайды.
Соңғы жаңалықтар