• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Байқау 15 Наурыз, 2025

Кино байқауына 400-ден аса өтінім түсті

45 рет
көрсетілді

Ұлттық киноны қолдау орталығы мемлекеттік қолдауға үміткер киножобаларды іріктеудің бірінші кезеңіне сценарийлер мен сценарий жоспарларын қабылдаудың аяқталғанын хабарлайды. Электронды түрде тіркелген өтінімдердің жалпы саны – 444.

Биыл анимациялық, деректі және ойын фильмдерінің әртүрлі санаттары бойынша біршама өтінім келіп түсті. Анимация саласында 42 өтінім берілген. Деректі-хроникалы фильмдер санатында 103 өтінім түсті. Ойын фильмдеріне келетін болсақ, 299 өтінім келген.

«Құжаттарды қабылдау аяқ­талғаннан кейін Орталық өтініш берушілер ұсынған құ­жаттарды Сараптама кеңесінің қарауына енгізеді. Сценарийлерді немесе сценарий жоспарларын Сараптама кеңесінің мүше­лері фильм түрлері бойын­ша секцияларда қарастырады. Кеңес құрамы 20 жұмыс күні ішінде басым тақырыптарға, сюжеттің құрылымы мен драматургия қағидаттары секілді басты талап­тарға назар аударып, өтінімдерді қарап шығады. Екінші кезеңде Сараптама кеңесі ұсынған жоба­лардың құжаттар пакеті жинақ­талады. Бұл ретте қате орын алса, оны түзеуге 3 күн уақыт бері­леді», деп хабарлайды Кино орта­лығының баспасөз қызметі.

Айта кетейік, биыл конкурстың бірінші кезеңіне қатысу үшін өтінім қабылдау 5-13 наурыз аралығында жүргізілді. Бұған дейін қаңтар айында кино түсіруге арналған басым тақырыптар жарияланды. Сонымен қатар Кино орталығы жанынан кон­сультациялық қолдау шаралары жүргізіліп жатыр. Кино ор­талығының кеңсесінде жеке консультациялар, телефон қоңы­рау­лары арқылы сұрақтарға жа­уап берілді, әлеуметтік желіде жаңа ережеге, конкурсқа қатысты қажет­ті мәліметтер жарияланып келеді.