Ораза айт кезінде Қостанайдың орталық көшелерінде, театр, музей, сауда орындары сияқты көпшілік орындарда жарапазан айтылып жүр. Сәні мен салтанаты жарасқан ұлттық киім киіп, үкілі домбыра ұстаған кілең әнші жігіттер жарапазанның жан сергітер жағымды әуеніне басқанда ығы-жығы жұрт ысырылып жол беріп, түріліп тұра қалып сүйсіне тыңдайды.
Көмескілене бастаған мерекелік дәстүрді осыдан сегіз жыл бұрын бір топ өнерпаз қайта тірілтіп, содан бері үзбей насихаттап келеді. Жарапазаншы жігіттердің арасында кейінгі кездері жас балалар да бой көрсетіп жүр. Соның бірі – Қостанай қаласындағы тоғызыншы мектептің 6-сынып оқушысы – Жанасыл Асыланұлы.
Жанасылды мектебіне іздеп барып, музыка пәнінің мұғалімі Еркебұлан Балесов Наурыз тойына жоспарланған мерекелік концертке дайындап жатқан бір топ баланың ортасынан таптық.
«Жанасыл – беткеұстар оқушымыздың бірі, мектебіміздің мақтанышы, оқу озаты. Домбыра тартып, ән айтады. Мектептен тыс, музыка мектебінің домбыра бөлімінде оқып жүр. Осы жерде өтіп жататын түрлі мәдени іс-шараларға белсенді атсалысады. Көп шаруаны өзі жүгіріп жүріп ұйымдастырып, тиянақты атқарып шығады. Ұлыстың ұлы күніне жарапазан көрінісін дайындап жатырмыз. Биыл қасиетті Рамазан айы мен наурыз айы тұспа-тұс келгендіктен, мереке күні 20 мұғалім, 30 оқушы мектепке жарапазан айтып кіріп, сыныптар мен жұмыс кабинеттерін аралап бүкіл ұжымда құттықтап шығады», дейді Еркебұлан Балесов.
Жанасыл жарапазан айтуға алғаш әкесімен бірге шығыпты. Сол кезде алғаш естіп, кейін үйде атасы Бақытбек қажының айтуымен жаттап алған.
«Биыл әкеме ілесіп тағы шықтым. Көрісу күні Алтынсарин мемориалдық музейінің фойесіндегі мерекелік кеште, «Март» сауда үйінде, орталық саябақта жарапазан айттық. Жарапазанның әуені айтушының көңілін көтереді, тыңдаушыны қуантады. Әдетте, біз барған жерлер мереке-думанға айналып кетеді. Тіпті асығып кетіп бара жатқан адамдардың өзі бір сәт тоқтап, ұялы телефонын алып видеоға, суретке түсіріп алады. Атамның айтуынша, жарапазан «Жә, Рамадан» деген арабтың сөзінен шығады. Қасиетті Рамазан айы келді деп сүйіншілеу, жариялау, жар салу мағынасында айтылған. Ата-бабаларымыз дін мен дәстүрді бөліп жармаған. Сондықтан бұл жыр Ораза айымен тұспа-тұс келген Наурыз мерекелерінде де айтылып, жұртқа жыл басы келді деп жар салып, жақсылықты, қайырымдылықты, бірлік-татулықты дәріптеген. Негізі, жарапазан Құранда, шариғатта жазылмаған, бұл – қазақтың көне салт-дәстүрлерінің бірі. Кезінде балалар үй-үйді аралап жүріп жарапазан айтқан, үй иесі балаларға батасын беріп, сүйіншісін ұстатып, дорбасын толтырып жіберген. Қазір сыныптастарым Саят, Ерасыл, Мейір де менімен бірге жарапазан айтып жүр», дейді Жанасыл.
Осыдан сегіз жыл бұрын Қостанайда алғаш жарапазан айтып шыққан өнерпаздың бірі Заңғар Санайдың айтуынша да жарапазанды, негізі, балалар айтады.
«Алғашқы жылы Қыдырбек Қиысхан бастаған үш-төрт адам шығып көкбазар, «Складской» сауда алаңына дейін жаяу аралап жүріп, Рамазан айын сүйіншілегенбіз. Кейін қатарымыз көбейді. Бұл бастама, негізі, ауыз бекітуді азап көретіндер бізді көрсін, мұсылмандық парыздың аса қиындығы жоқ екенін білсін деген ниеттен туған. Қазір қатарымызға жас балалар қосылып жатыр. Бақытбек қажы ағамыздың немересі Жанасыл жанымыздан қалмайды. Кейінгі екі-үш жыл ішінде біраз ақсақал, әжелер де бізді қолдап бірге шығып жүр. Басты мақсат – ұмытылып бара жатқан дәстүрді қайта жаңғыртып, аталарымыз айтып кеткен тұрмыс-салт жырын кейінгі жастарға үйретіп, айтқызып, әдетке айналдыру. Әдетке айналған дүние ешқашан ұмытылмайды», дейді Заңғар Санай.
Қостанай облысы