• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Өнер 22 Наурыз, 2025

Ұлы даланың сәні

177 рет
көрсетілді

Бүгінде қазақтың ұлттық киімі қайта жаңарып, өзгеше сипат алды. Наурыз келгенде ғана сандығынан алып шығатын қыдырма шапан қазір жоққа айналды. Талғам жоғары. Этношапанның түр-түрін үздіксіз киіп жүретін ел көбейді. Осылайша, ұлттық киіміміздің ұпайы түгелденіп келеді. Осыған орай жақында Кеншілер мәдениет сарайында «Nayryz – fashion» деп аталған этно-заманауи киім фестивалі өтті. Наурызнаманың онкүндігі аясындағы сән көрмесіне былтыр облыстағы дизайнерлер қатысса, биыл республикалық деңгейде өтті.

Фестивальға Қара­ған­ды мен Аста­на, Алматы қалалары­нан 9 дизайнер, тігінші қатысты. Көрермен назарына 90-ға жуық киім үлгісі ұсынылды.

Фестиваль қазақ халқының мә­дени мұрасын заманауи көзқараспен ұсынуды, ұлттық киімдерді кеңінен танымал етіп, жас ұрпаққа ұлттық құн­ды­лықтарды дәріптеуді көз­дейді.

 – Ұлттық киімдеріміз – әлемдегі ең әдемі, сәнді киім­дер­дің қатарында.  Бұлай деп сенімді түрде айта аламыз. Шетелдік қонақтардың ою-өрнекпен әспеттелген киім­де­рімізге таңдана, қызыға қара­ғанын талай көрдім. Бүгінгі қазақ жастарының шапан киіп жүргенін көргенде, көңілге қуаныш ұялайды. Шапан, камзол, бөрік кию сәнге айналып келеді. Әсіресе көктемнің жылы күндерінде шапан киген жігіттерді жиі көретін болдық. Фестивальдың да мақсаты – ұлттық киімді ұлықтау, дәріп­теу. Жас буын ұлттық киі­мін мақтан тұтуы тиіс, – дейді Кеншілер мәдениет сарайы­ның директоры Саят Әбдіғали.

Дизайнерлер дәстүрлі ою-өрнек пен стильді қазіргі заман трендтерімен үйлестірген. Ұлттық киімді мейрамда ғана емес, күнделікті киетіндей етіп пішіпті. Осы секілді сән әлеміндегі көздің жа­уын алатын жаңа топтамалар көрер­мен назарына ұсынылды. Фес­тивальдың тағы бір көз­де­ге­ні – елге танылмай жүрген талантты сәнгерлерді жұртқа таныстыру.

Бір ғана өңіріміздің өзінде ұлттық киім тігетін 200-ге тарта дизайнер, тігінші бар екен. Олардың тапсырыссыз отырған күні жоқ көрінеді. Әсіресе той-домалаққа жөн-жоралғы үшін тапсырыс көп. Одан бөлек жастар күнделікті кеңсеге, жиын-тойға киіп жүретін заманауи киім түрі трендтен түспей тұрғанын айтады жергілікті дизайнерлер. Солардың бірі – «GulNur» тігін студиясының дизайнері Гүлнұр Жарылқанова.

– Тігін студиясын ашқаныма бес жылдай уақыт болды. Жылдан-жылға тапсырыс көбейіп келеді. Елдің талғамы да уақыт өткен сайын артуда. Тіпті өздерінің идеясымен келіп, сызбасын ұсынып жататын тапсырыс берушілеріміз де бар. Біз де көбіне қазақ қыздарына арналған түрлі топтама бар. Күнделікті жұмысқа, жиын-тойға киетін шапан түрінен бастап, көйлектің түрлісін тігеміз. Біздікі әсіресе, әсемдігімен ерекшеленеді. Мысалға, мен әр көйлекке гүлдің пішінін моншақтап саламын. Бәйшешек секілді нәзік гүл киімді аша түседі. Ал түсін ашық, аспан түстес қыла­мын. Ұлттық киім күніне орай өтетін фестивальға көктемнің келгенін, жердің жаңаратынын сезіндіретін топтама ұсындым, – дейді белгілі дизайнер Г.Оразбекқызы.

Ал сәнгер Людмила Құнанбаева этнокиімдерін қазақстандық суретшілер салған картиналармен безен­діріпті.

– Осы жолы қазақстандық суретшілердің картиналарымен безендірілген топтамамды ұсындым. Біздің брендтің өнімдері өз талант­та­рымыздың туындыларымен сәнделген. Сол талантта­рымызды елге танытсам деген ниетім бар. Осындай өнер мен сәннің коллаборация­сы халық арасында кеңінен таралып, суретшілеріміздің танымалдығы артады деп сенемін. Өздеріңіз байқап жүргендей, ұлттық нақыштағы киімдер сән әлемінің төріне шықты. Әлеуметтік желіде қазір ұлттық киіммен контент салу трендке айналды. Дәріптеу үшін әрі қарай еңбектенеміз. Ою-өрнектер маған шабыт сыйлайды, – деді сәнгер Л.Құнанбаева.

Ұлттық киім көрмесін облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқар­ма­сы­ның бастамасымен, Кенші­лер мәдениет сарайының ұжымы ұйымдастырды. Ұлт­­тық киім күніне орай өтетін «Nayryz – fashion» келер жылы халықаралық дең­гей­де өтіп қалуы мүмкін. Ұйым­дастырушылар мен қатысу­шылар мұндай сән көрмесі дәстүрлі қолөнердің жаң­ғыруына жол ашады дейді.

 

Қарағанды облысы