Орал қаласындағы «Атамекен» өнер орталығының көрме галереясында сюрреалист суретші Нұртай Жәрдемовтің «Қиял коды» атты дербес көрмесі өтіп жатыр.
Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі ұйымдастырған көрмеде 80 жұмыс қойылған. А.П.Боголюбов атындағы Саратов көркемсурет училищесін және М.Өтемісов атындағы БҚМУ-ды бітірген Нұртай Екпінұлы – бұған дейін де республикалық, халықаралық конкурстарда лауреат атанып жүрген танымал суретші. 2020 жылы Кипрде өткен «Kıbrıs Modern Sanat Museum» жобасындағы суретшілер симпозиумына қатысқан.
Көрмеге қойылған бояуы қанық, кең көлемді картиналар келушінің жанарын бірден өзіне тартып, автордың жұмбақ әлеміне жетелейді. Мұндағы көп жұмыс ешқандай канон, ереже, заңдылықтарға бағынбайтын, керісінше қалыптасқан қағи- даларды бұзып жіберетін сюрреализм бағытында салынған.
«Бұл туындылар адам табиғатын зерттеуге бағытталған. Мен дербес көрмем арқылы адам баласын түрлі зиянды әдеттерден аулақ болуға, өмірден өз орнын таба білуге, өз болмысын, табиғатын танып-түсінуге шақырғым келді. Өйткені өзін-өзі зерттемеген адам көзі байлаулы соқырмен бірдей ғой», дейді автор.
Көрмеден философиялық бағыттағы картиналарды ғана емес, сонымен қатар отансүйгіштікке баулитын патриоттық тақырыптағы әрі әлемдік өнер жұлдыздарына арнап жазылған туындыларды да тамашалауға болады.
Батыс Қазақстан облысы