• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Су тасқыны 27 Наурыз, 2025

«Ақжар» мен Ащысудан қауіп бар

40 рет
көрсетілді

Ертіс-Баян өңірінде наурыздың ортасынан күн жылынып, жер бусанып жатыр. Қыстай жауған ақ ұлпа жылдам еріп, елді мекендер айналасында су жүре бастаған. Мамандар Баянауыл, Ақтоғай аудандарында жылдағыдай қауіп сақталып отырғанын айтып отыр.

Күннің күрт жылынуы еріген қар суынан пай­да болатын алғашқы қауіп көздерін аңғартты. Мәсе­лен, күні кеше Астана мен Павлодар қалаларының арасын жалғайтын автобан­ның үстінен қарғын су жүріп кет­ті. Салдарынан күре жол­дың Шідерті кенті аумағын­да көлік қозғалысында бі­раз қиындық туындап, жолдағы су басқан аумақтың көлемі 150 метрге дейін жет­ті. «ҚазАвтоЖол» ЖШС-ның өкілдері жол бойына инерт­ті материалдар мен құм толтырылған қапшықтар төсеп, тасқынның әрі қарай жайылуына жол берген жоқ. Аталған аумақта су өткізе­тін құбыр орналасқан. Бірақ лап қойған су құбыр­дан өтіп үлгермеген. Жол­ға жауапты кәсіпорын, мамандар жағдайды тұрақ­ты бақылауда ұстап отыр, қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ететін барлық қажетті шараларды атқарып жатыр.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі Баянауыл ауданында жеті елді мекенді су басу қаупі бар екенін хабарлады. «Ақжар» бөгеті, сондай-ақ өңірдегі Ащысу, Айдос, Бала Шідерті, Қарасу өзендері қатты тасыса, бірқатар ауылға су кіруі ықтимал. Бүгінде Баянауыл ауданындағы қардың қалыңдығы 21 сантиметр, бұл өткен жылмен салыстырғанда 8 сантиметрге көп. Көктемгі кезеңде Ащысу, Айдос, Бала Шідерті, Қарасу өзендері ай­тарлықтай қауіп төндіреді. Су деңгейінің күрт көтерілуі тау­лардағы қардың еруіне, Қа­ра­ғанды облысынан Қарасу өзенінің сағасы бойымен ағып келетін сулардың қозғалысына байланыс­ты. Мамандар Ащысу бөгетінің жағдайын тексеріп шыққан. Бұған дейін оны нығайту, биіктігін көтеруге қа­тысты жұмыс жүр­гізілген. 1,6 км бөгеттің сырт­қы жақтары габиондармен нығай­тылды. Баянауыл Қарағанды облысымен шекаралас, негізгі қауіп те жыл сайын сол жақтан төнеді.

– Қарағанды облысының Бұ­қар жырау ауданы мен Баянауыл ауданы Сәтбаев ауыл­дық округінің шекара маңы аумағында жиналған қардың үлкен қоры қарқынды еріген кезде, сондай-ақ «Ақжар» бөгеті толып, су жіберілген жағдайда ауданның 7 елді мекенін су басу қаупі бар. «Ақжар» бөгетінен ағып келетін судың негізгі арнасы Қ.Сәтбаев ауылынан 10-15 км жерде «Қаратоқа» бөгетінен ағып келетін судың арнасымен қосылады, осыған байланысты жақын маңдағы Мәшһүр Жүсіп, Жаңатілек, Көкдомбақ, Қаныш Сәтбаев, Мұса Шорманұлы ауылдарының маңында гидропосттар жабдықталған. Әуе­ден барлаудың нәтижесінде, Қарағанды облысының «Ақжар» бөгетіндегі жағдайға мониторинг жүргізілді. Жобалық көлемі 4,2 млн текше метрді құрайтын су қоймасы қазірде 71%-ға толған. «Қаратоқа» бөгеті Бұқар жырау ауылынан 25 км қашықтықта орналасқан. 3 млн текше метр су сиятын бөгет бүгінде 33% толған, – деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.

«Қазгидромет» РМК Пав­лодар облысы бойынша фи­лиалының деректеріне сүйенсек, өңірдің барлық аумағында күзгі кезеңде түскен жауын-шашынның мөл­шері нормадан артық. Ертіс өзенінің гидропосттарында мұз­дың әлі де қатып жатқаны бай­қалады. Мамандардың болжамынша, облыс аумағындағы су тас­қыны кезеңі екі кезеңде өтеді: наурыздың 2-3-онкүндігінде қар ериді, сәуірдің 2-3-онкүндігінде Жоғарғы Ертіс каскадынан су жіберіледі.

 

Павлодар облысы