Парламент Мәжілісінің депутаты Мақсат Толықбайдың Түркістан облысының Созақ ауданын Шу өзені арқылы сумен қамтамасыз етуге қатысты депутаттық сауалына жауап ретінде Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің тапсырмасымен арнайы тексеріс жүргізілді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Жамбыл облысының «Қазсушар» филиалы мен Шу-Талас бассейндік инспекциясының басшылары Созақ ауданына барып, Шу өзенінің арнасын өз бетінше бұру немесе заңсыз бөгет салу фактілері анықталмағанына көз жеткізді. Министрлік барлық су пайдаланушылар мен суармалы алқаптар белгіленген лимит аясында сумен қамтылып жатқанын мәлімдеді.
«Атап айтқанда, 2024 жылдың қыркүйек айынан бастап Тасөткел су қоймасынан Шу өзенінің төменгі арнасына 1 млрд 356 млн м3 су жіберілді. Жыл соңына дейін тағы 44 млн м3 су жіберу жоспарланып отыр. 2025 жылғы 27 наурызда Шу өзенінің суы Созақ ауданының Жуантөбе ауылдық округіне жетті. Қазіргі таңда су аудан шекарасынан 80 шақырым ішке қарай таралып жатыр. Бейнежазбада көрсетілген бөгет, Мойынқұм ауылдық округінің тұсында 1970 жылдары салынған және оны су шайып кетпес үшін жергілікті әкімдік жыл сайын нығайту жұмыстарын жүргізеді. Радай өзегі бойындағы бөгет Шу өзенінің суын Созақ ауданына жіберу және 10 мыңға жуық тұрғыны бар Комсомол және Мойынқұм елді мекендерінің тұрғындары мен шаруа қожалықтарын су шайып кету қауіпінен сақтау мақсатында бой көтерген», делінген хабарламада.
Министрлік Шу өзенінің ағысын реттеу және бөгеттің бұзылуының алдын алу үшін Радай өзегінің басына су реттегіш құрылғы орнату туралы шешім қабылданғанын хабарлады.
«Бұл құрылғы судың табиғи ағысын кезең-кезеңімен, қауіпсіз және тиімді басқаруға, суды Шу өзенінің негізгі арнасымен жіберу және Созақ ауданына суды жеткізу уақытын азайтуға бағытталған. Қазіргі уақытта, жергілікті әкімдік жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеп жатыр», делінген хабарламада.
Айта кетейік, аудан әкімдігінің мәліметі бойынша Шу өзенінің бойындағы Мойынқұм ауданы аумағында 68 шағын шаруа қожалығы және жалпы саны 7500 ірі қара малы бар екі ірі ЖШС бар.
Су ресурстары және ирригация министрлігі өзеннің бойында орналасқан аудандарға тұрақты түрде су жеткізуді басты міндеттердің бірі деп санайды. Осыған орай, алдағы жылда сумен қамтамасыз ету үшін Тасөткел су қоймасына 470 млн м³ су жинау жоспарланған.
Министрліктің мәліметінше, өзен бойында 500 су сорғы бар, заңсыз қойылған 17 су сорғысы анықталып, оларға айыппұл салынған.
Бұған дейін Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовке Шу өзенінің заңсыз бұрылуына қатысты мәселе көтергенін хабарлаған едік.