Осы күні әрісі Америка, берісі Ұлыбритания, одан қалды көршілес мемлекеттер университеттерінен елімізде жүріп-ақ білім алу жастарға қолжетімді болып отыр. Өйткені елімізде шетелдік оқу орындары, филиалдары көптеп ашылды. Бірақ жоғары сынып оқушылары мен олардың ата-аналарында мұндай білім ордаларына түсу талаптары төңірегінде сұрақтары толастамай тұр. Осыған орай жауапты министрлік республика көлемінде көрме өткізіп, барлық сұраққа жауап беріп, түсіндірді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында айтылды.
Конференцияда сөз алған Ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі Руслан Емелбаев өткен айда екі аптадай елімізде ашылған шетелдік жоғары оқу орындарының (ЖОО) филиалдарына түсу бойынша ақпараттық-түсіндірме жұмысы жүргізілгенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанда үздік шетелдік ЖОО филиалдарын ашу туралы тапсырмасын орындау, талантты жастарды қолдау, жоғары білімнің қолжетімдігін қамтамасыз ету мақсатында іске асырылды. «Study in Kazakhstan» атты шетелдік ЖОО филиалдарының көрмесі Қарағанды, Астана, Алматы, Тараз, Түркістан, Қызылорда, Шымкент қалаларындағы іргелі университеттер мен оқушылар сарайларында өткізілді. Бұған 20-дан аса шетелдік ЖОО филиалдарының өкілдері, атап айтқанда, Аризона университеті (АҚШ), Солтүстік-Батыс политехникалық университеті (ҚХР), Жасанды интеллект мектебі (Seoul Tech) (Оңтүстік Корея), Лотарингия университеті (Франция), Ұлттық зерттеу ядролық университеті МИФИ (РФ), Марке политехникалық университеті (Италия), Анхальт университеті (Германия), Ковентри университеті (Ұлыбритания), Херриот-Уотт университеті (Ұлыбритания), Быдгощ экономика университеті (Польша), Д.И.Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университеті (РФ), Лу Бан Тяньцзинь кәсіптік институтының шеберханасы (ҚХР), Квинс университеті (Ұлыбритания), И.Губкин атындағы Ресей мұнай және газ университеті (РФ), Берлин техникалық университеті (Германия), М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті (РФ), Пекин тіл және мәдениет университеті, Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру инженерлері университеті (Өзбекстан), Гонконг университеті (ҚХР), Де Монфорт университеті (Ұлыбритания) қатысып, 10-11 сынып оқушыларына өздерінің білім бағдарламалары, академиялық мүмкіндіктері, қос диплом бағдарламалары, оқу шарттары туралы ақпарат берді.
«Іс-шара аясында шетелдік ЖОО филиалдарының ерекшеліктерін ескере отырып, мамандық таңдауда дұрыс бағыт-бағдар беретін шеберлік сабақтары өткізілді, түрлі викториналық ойындар ойнатылды. IDP IELTS Kazakhstan ресми емтихан орталығының өкілі IELTS тапсырудың мүмкіндіктері туралы түсіндірді. Ал белгілі педагог-профориентолог мамандар түрлі фактілерді келтіріп, талапкерлердің талабын арттырды. Іс-шараға өңірлер мен қалалардан 32 500-ге жуық оқушының ата-аналарымен бірге келгенінен көрменің көпшілікке қызық болғанын білуге болатындай. 3-12 сәуір аралығында Ақтөбе, Атырау, Ақтау, Жаңаөзен қалаларында Маңғыстау және Атырау облыстарына бөлінген нысаналы білім гранттары, кәсіптік бағыт-бағдар беру бойынша ақпараттық түсіндірме жұмыстары жүргізіледі», деді Р.Емелбаев.
Ал «Мамандығым-болашағым» кеңсесінің басшысы Олжас Сәкенов өңірлік еңбек нарығының өзекті сұраныстарын ескере отырып, кадрлар даярлау жүйесін қайта форматтауды көздейтін «Мамандығым – болашағым» жобасының іске асырылу барысына тоқталды. Спикердің сөзіне қарағанда, Мемлекет басшысының 2019 жылғы Жолдауындағы тапсырмасына сәйкес қолға алынған жоба бойынша команда екі деңгейде – республикалық және өңірлік деңгейде жасақталады. Себебі бұл жұмыстың міндеті ауқымды болып тұр, яғни экономикалық дамудағы өңірлік теңгерімсіздікті теңестіру, стейкхолдерлердің (мемлекет, кәсіпорындар, білім беру ұйымдары, жастар, ата-аналар) кең ауқымы үшін еңбек нарығы және білім туралы ақпаратқа қол жеткізуді теңестіру, сондай-ақ өңірлік бөліністе еңбек өнімділігі мен халықтың табысын арттыру жүктелген. Осыған орай Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты Жоғары білім беруді дамыту ұлттық орталығының базасында «Мамандығым-болашағым» республикалық жобалық кеңсесі құрылды. Кеңсе жобаны жалпы үйлестіреді, сондай-ақ өңірлік жобалау кеңселеріне әдіснамалық көмек көрсетеді.
«Жоба аясында облыс, республикалық маңызы бар қала мектептерінің 7-11 сынып оқушыларына кәсіптік диагностика жүргізу көзделген. Бұл ретте «Edunavigator» платформасы – оқушыларға, мектептердің кәсіптік бағдар берушілеріне және облыстардағы білім басқармасының өкілдеріне арналған кәсіптік диагностика құралы. Кәсіби диагностика оқушының өзі туралы түсініктерін қалыптастыру, кәсіби өзін-өзі анықтауға, кәсіби мансапты болжауға жәрдемдесу, білім алушылардың жеке қасиеттерін, қабілеттерін, бейімділігі мен қызығушығына қарай мамандық таңдау, осы мамандықты (кәсіптерді) оқыту үшін ұсынылатын кәсіптер мен оқу орындарын қамтамасыз етеді. Жоба шеңберінде «Edunavigator.kz» платформасынан (Маңғыстау, Қарағанды, Павлодар, Ақтөбе, Жетісу, Ақмола, Жамбыл облысы мен Алматы қаласында) 100 мыңға жуық оқушы тестілеуден өтті. Тестілеудің нәтижелері әр қатысушының бірегей кәсіби қызығушылықтары мен қалауына сай мамандық таңдау, оқыту бағдарламалары бойынша ұсыныстарды жекелендіруге, олардың болашақ мансаптық дамуына қолдау көрсетуге мүмкіндік берді», деді О.Сәкенов.
Кеңсе басшысының баяндауынша, қазіргі уақытта 91 отандық ЖОО-да жаңа кәсіптердің салалық атластары мен өңірлік карталар негізінде 902 білім бағдарламасы әзірленді. Колледждерде 45 білім бағдарламасы апробациядан өтеді. 9 өңірде кадрларға қажеттіліктің өңірлік карталары жасалады. Өңірлік карталар көмегімен 473 жаңа мамандық анықталды. Осы үшін 17 өңірлік Жобалық кеңсенің командалары оқудан өтті. 91 ЖОО 902 жаңа білім беру бағдарламасын енгізді. Павлодар және Маңғыстау облыстарында колледждерде 45 білім бағдарламасы енгізілді, бұл бойынша 4 081 оқушы оқиды. Алдағы уақытта 6 өңірде (ШҚО, БҚО, СҚО, Абай, Қызылорда облыстары, Шымкент қаласы) кадрларға қажеттіліктің өңірлік карталарын әзірлеу жергілікті бюджеттен көзделген.