• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Сұхбат 09 Сәуір, 2025

Марат Қарабаев, Көлік министрі: Торғайда басталған жобалар тұтас өңірдің дамуына серпін береді

240 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Бурабайдағы Ұлттық құрылтайда Астанадан Торғай өңірі арқылы Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне тура шығатын автокөлік жолының құрылысы басталатынын айтты. Сонымен қатар Арқалықтағы әуежайды қалпына келтіріп, жаңа аэровокзал салуды тапсырды. Осы ауқымды жобалар мен жол, көлік саласындағы басқа да маңызды мәселелерге қатысты сұрағымызды Көлік министрі Марат Қарабаевқа қойған едік.

– Марат Кәрімжанұлы, жұрт­шылық Торғайда жол салынатыны жөніндегі жаңалықты қуана қабылдап, осының арқасында өңір еңсесін тіктейді деп сеніп отыр. Осы жоба туралы кеңірек айтып өтсеңіз.

– Құрылтайда Мемлекет бас­шысы еліміз үшін маңызы зор жобаның жүзеге асатынын айтты. Кеңес одағы кезеңінен бері сан мәрте көтерілген, алайда нақты шешімін таппаған мәселеге нүкте қойылды. Арқалық, Амангелді, Жангелдин, Торғай, Ырғыз сияқты шалғай аудандарды Астанамен байланыстыратын бұл жол – инфрақұрылымдық жоба ғана емес, тұтас өңірдің дамуына серпін беретін маңызды бастама. Жақында Торғай өңірінің халқымен кездесіп, «Орталық – Батыс автожолы» жобасының мән-маңызын түсіндіріп, етене әңгіме құрдық. Жұртшылық бастамаға үлкен ризашылығын білдіріп, зор үміт артып отыр.

Өкінішке қарай, қазір Торғай өңірінде жол мәселесі өте күрделі. Ырғызға Ақтөбе жағынан біршама жол болғанымен, Амангелді мен Жангелдин аудандарының жолы нашар.

Алдымен стратегиялық маңы­зына тоқталсақ. Қазір Ырғызға бару үшін шамамен 1500 шақырым жол жүру қажет. Ал жаңа жол бұл қашықтықты 560 шақырымға қысқартады. Астанадан Жантеке, Арқалық, Торғай арқылы Ырғыз­ға дейінгі жаңа бағыттың ұзын­дығы шамамен 865 шақырым болады. Қазір жобаны жүзеге асыру­ға қа­жетті құжаттарды әзірлеуді бас­тадық. Екі жолақты, екінші санат­тағы, ені 9 метр жол салынады.

Енді жобаның көлік саласын­дағы маңызын атап өтейік. Бірін­шіден, бұл жол Астананы Ыр­ғызбен тікелей байланыстырады. Сонымен қатар Торғай, Амангелді және Жангелдин аудандарының тұрғындары үшін батысқа да (Ақтөбе бағытына), орталыққа да (Астанаға) бір күнде жетуге мүмкіндік беретін тиімді әрі қысқа жол болмақ.

Екіншіден, бұл – «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық көлік дәлізіне параллель болатын, Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне қосылатын аса маңызды және ірі инфрақұрылымдық жо­балардың бірі. Қазір Каспий те­ңізіне дейінгі жолдың (Астанадан Ақтау портына дейін) қашықтығы – шамамен 3000 шақырым. Жаңа жол іске қосылған жағдайда екі ара 700 шақырымға қысқарып, жалпы қашықтығы шамамен 2300 шақырым болады. Яғни бұл жол жалпы өңірді халықаралық көлік-логистикалық және транзиттік дәліздермен байланыстыратын ірі стратегиялық бастама саналады.

Әлеуметтік маңызы туралы айтсақ, біріншіден, бұл өңірде шамамен 7 миллион гектар жа­йылым жер бар. Алайда қазір ол учаскелер пайдаланылмай отыр. Себебі халық қанша мал өсір­генімен, өнімді тасымалдауға қажетті инфрақұрылым жоқ. Жол болмаса, ауыл мен қала арасында қарым-қатынас орнамайды. Бұл – өте өзекті мәселе.

Осы жобаны іске асыру арқы­лы аталған жайылымдар эконо­микалық айналымға енгізіліп, халыққа жаңа кәсіп көздері ашылады. Бұл жол Торғай, Жангелдин және Амангелді өңірлерінде мал шаруашылығының дамуына серпін беріп қана қоймай, болашақта бұл аймақтарды республикадағы алдыңғы қатарлы өңірлердің біріне айналдырады деп сенеміз.

Екіншіден, жол бойында түр­лі инфрақұрылымдық және сер­вистік қызмет көрсету нысандары бой көтереді. Мысалы, «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» дәлізі бо­йындағыдай жаңа жол маңында да кафе, жанармай құю бекеттері, шағын дүкендер салынады. Бұл – қосымша жұмыс орны көбейіп, кәсіпкерліктің дамуына ықпал етеді деген сөз.

Халықпен кездесудің бір сәті ойымда ерекше қалды. Арқалықта жол салынады деген жаңалықты Қостанай облысының құрметті азаматы, 88 жастағы Кәкімжан Кәр­бозов ерекше қуанышпен қабыл­дағанын айтып, алғысын біл­дірді. Ол кісі: «Осы жолдың мәсе­лесін Тәуелсіздікке дейін сан рет кө­тергенбіз. Одан берідегі отыз жылда да талай талқыладық. Үміт үзіл­ді ме деген кезде осындай ше­шім қабылдаған ел бас­шысына алғысымыз шексіз. Осыны жеткізіңіз» деп ағынан жарылды.

– Президент Арқалық әуе­жайының құрылысы туралы да айтты. Бұл бағыттағы жұмыс қашан басталады?

– Қостанай облысына іссапа­рымыз барысында Арқалық әуе­жайының жағдайымен де та­ныстық. Жобалық-сметалық құ­жаттама биыл аяқталып, құрылыс жұ­мыстары да осы жылы бас­талады. Келесі жылы толық пай­далануға беріледі деп жоспарла­нып отыр. Бұл – Астана мен Алматыға жақын орналасқан өңір. Инфрақұрылымы нашар болса да, бүгінде бұл жаққа аңшылық туризммен айналысатын отандық, шетелдік туристер келіп жатыр.

Әуежайдың іске қосылуы және жаңа жолдың салынуы – Арқалық, Амангелді және Жангелдин аудан­дарын Астанамен байланыстыратын жаңа туристік бағыттың негізін қалайды. Бұл – аңшылық туризміне бағытталған, ауыл тұр­ғындары үшін жаңа кәсіп түрлерін дамытуға мүмкіндік беретін жоба.

Жалпы, бұл жол мен әуе­жай­дың қайта жаңғыртылуы – осы үш өңірдегі 67 мың тұрғынға жаңа мүмкіндік беретін ірі инфра­құрылымдық бастама. Мемлекет басшысының Үкіметке жүкте­ген басты міндетінің бірі – халықтың әл-ауқатын арттыру. Біз бұл жобаларды іске асыру арқылы өңір тұрғындарының өмір сапасы мен табысын арттыруды көздейміз.

Автокөлік жолы туралы айт­сақ, Мемлекет басшысы Атырау­дағы Ұлттық құрылтайда «орташа жөндеу» бағдарламасын ерекше атап өтіп, республика бойынша 10 мың шақырым автожолды орташа жөндеуден өткізуді тапсырғаны белгілі. Еліміздегі рес­публикалық маңызы бар жол­дардың жалпы ұзындығы – 25 мың шақырым. Соның 10 мың шақырымын жөндеу арқылы жақсы және қанағаттанарлық күйдегі жолдардың үлесін 95 па­йыздан асыруға мүмкіндік туады.

Бұған дейін қаржының басым бөлігі халықаралық дәліз­дерге – Астана–Алматы немесе Талдықорған – Өскемен бағыт­тарына жұмсалды. Ал жаңа бағ­дарлама аясында біз негізінен аудан­дық деңгейдегі, халық күнде­лікті пайдаланатын жолдарды жөндеуге назар аудара бастадық.

Бұл жобаның екі негізгі ерек­шелігі бар. Біріншіден, орташа жөндеу жұмыстары жобалық-сметалық құжаттамасыз, тек сала­лық сараптамадан өткізіліп жүзеге асырылады. Екіншіден, бұрын­ғы тәжірибеде ескі ас­фальттың үстің­гі 5 см қабаты қы­рылып, орнына жаңа қабат төсе­ле­тін. Ал қазіргі әдіс бойынша ас­фальт толық күйінде сақталып, арнайы химиялық қоспа қосы­лып, оның үстіне 5 және 7 см болатын екі қа­бат асфальт төселеді. Бұл – күр­делі жөндеуге пара-пар тәсіл. Яғни ­бұл әдіс күрделі жөндеуге қара­ғанда жеті есе арзан және екі есе жылдам орындалады. Осылайша, біз 10 мың шақырым жолды 3-4 жыл ішінде толық жөндеп бітіруді көздеп отырмыз. Биылдың өзінде бұл бағыттағы нақты жұмыстар 7600 шақырым жолды қамтиды.

Аталған жобаның басты тиім­ділігі – жылдам әрі үнемді тәсіл қол­дану ғана емес, сонымен қа­тар соңғы 30–50 жылда жөндеу көр­меген жолдарды қалпына кел­тіруінде. Мәселен, Петропавл мен Қостанай арасындағы немесе Көкшетаудан Омбыға баратын жол соңғы рет 70-жылдардың соңында жөнделген. Біздің міндетіміз – Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, осы жолдарды сапалы жөндеп, қайта жаңғырту.

Басты мақсат – жол сапасын арттырып қана қоймай, оларды уақтылы күтіп-ұстап отыру арқылы ешқандай түйткіл туын­дамайтындай жағдай жасау. Алдағы уақытта еліміздегі жолдар сапалы ғана емес, бойында сервистік нысандары дамыған, халықаралық стандарттарға сай келетін инфрақұрылымға айналуға тиіс.

– Наурыз айының соңында Шығыс Қазақстан облысында Зайсан және Катонқарағай әуе­жайларының құрылысын бастадыңыздар. Енді осы екі жоба туралы айтып өтсеңіз.

– Біраз жыл бұрын Шығыс өңіріне қатысты маңызды шешім қабылданды. Бұл – Бұқтырма су қоймасына көпір салу жобасы. 2019 жылы Мемлекет басшысы «Egemen Qazaqstan» газетінде кө­терілген осы мәселеге тоқталып, Үкіметке көпір құрылысын бас­тауды тапсырған еді. Содан бері қарқынды жұмыс жүргізіліп, өткен жылы еліміздегі ең ұзын 1316 метрлік көпір пайдалануға берілді. Көпшілік «Бұл жобаны 30 жыл бойы күттік» деді. Алай­да бұл мәселе 50–60 жылдан бері талқыланып келгенін біле­міз. Кеңес одағы кезінде де осы су қоймасынан көпір салу жоспар­ланғанымен, жүзеге аспаған.

Бұған дейін бұл өңір халқы тек пароммен қатынайтын. Ол күн­діз ғана жұмыс істеп, кешкісін байланыс үзілетін. Қыста жұрт мұз үстімен өтуге мәжбүр еді. Бірнеше рет жолаушылардың көлікпен суға батып кеткен кезі де болды. Осындай қауіп-қатерді өткерген халық көпір салынуына риясыз қуанды.

Туризм саласына келсек, өт­кен жылы Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында еліміздің туризм әлеуетін дамыту мақсатында Кендірлі, Зайсан, Катонқарағай әуежайларын салуды тапсырды.

Әрқайсысының туристік әле­уеті жоғары. Мәселен, Кендір­лінің бас­ты ерекшелігі – теңіз жағалауының құмды болуы. Осыған байланыс­ты судың температурасы Ақтауға қарағанда жылырақ. Бұл туристік маусымды 6–8 айға дейін ұзартуға мүмкіндік береді. Демек, Кендірлі болашақта еліміздің Анталиясына айналуы мүмкін.

Қазір сол аумақта жол да салынып жатыр. Жыл соңына дейін әуежай мен жол құрылысы толық аяқталады. Жаңа әуежай Астана­дан 80 орындық «Bombardier» ұшақтарымен тікелей қатынау­ға бейімделеді. Сонымен қатар Баку мен Ираннан келетін турис­тер үшін халықаралық рейс­терді қабылдауға дайын болады. Біздің басты мақсат – тікелей әуе қатынасын ашу. Жол мен әуежай дайын болған соң, кезек – кәсіпкерлерде. Олар туристік инфрақұрылымды дамытып, қонақүйлер мен демалыс орында­рын салып, өңір экономикасына серпін беруі қажет.

Шығыс өңіріне келсек, былтыр Бұқтырмада көпір салынса, биыл бес теміржол вокзалы толық жөндеуден өтеді. Олар – Алтай, Өскемен, Күмістау, Шемонайха, Риддер вокзалдары.

Сонымен қатар Катонқарағай мен Марқакөлге апаратын жолдар толық жөнделеді. Осылай­ша, Шығыс Қазақстанның көлік инфра­құрылымы кешенді түрде жаңғыртылады.

Мемлекет басшысының тап­сырмасына сәйкес, биыл Зайсан мен Катонқарағайда жаңа әуе­жайлар салынады. Катон­қара­ғай Өскеменнен 450 шақырым қа­шықтықта. Мұнда бұғының қаны­мен емдеу бағытындағы туризм қарқынды дамып келеді. Бола­шақта бұл аймаққа Астана мен Алма­тыдан, Қытай қала­ларынан тікелей рейстер ашу көзделіп отыр.

Катонқарағайда бес жұл­дыз­ды қонақүйлер салып, жазғы ғана емес, қысқы туризмді де дамытуды көздеп отырмыз. Мұз­тау бағытымен тау туризмін дамы­тудың үлкен мүмкіндігі бар.

Зайсанның маңызы да ерекше. 415 шақырымды құрай­тын Қалбатау – Майқапшағай тас жо­лының бір бөлігі аяқталды. Қал­ған бөлігі биыл жөнделіп бітеді. Қазірдің өзінде Қытайдан туристер жеңіл көлікпен келіп жатыр.

Зайсанға жақын орналас­қан Марқакөл көлі – аса тартымды туристік нысан. Мысалы, Қытай­дағы Қанас көліне жылына 20 миллион турист келеді. Біз де Мар­қакөлге апаратын 60 шақы­рым жолды республикалық теңгерім­ге алып, биыл толық жөндеу­ден өткіземіз. Қытай тарапымен бірлесіп туристерге арналған жаңа шекаралық өткізу бекетін ашу ­жоспарда бар.

Тағы бір маңызды жоба – Тұғыл ауылында өзен портының құры­лысын бастау. Бұл аймаққа теміржол желісін тарту да көзделіп отыр. Қазақстан аумағында 120 шақырым жаңа теміржол салынып, болашақта Қытайдан келетін жүк Зайсан арқылы Ресейдің Обь өзеніне, одан әрі Солтүстік теңіз жолы арқылы жөнелтілетін болады. Жол, әуежай және теміржол – Зайсанды болашақта тек туристік емес, ірі көлік-логистикалық хабқа айналдырудың берік негізі. Бұл өңірге дәл осындай стратегиялық көзқараспен қарап отырмыз.

– Теміржол – халық күнделікті жиі қолданатын көлік түрі. Биыл вокзалдар жөндеуден өтетіні айтылды. Қанша вокзал жөнделмек?

– Президент Әкімшілігі бекіт­кен арнайы кестеге сәйкес, 2023–­2024 жылдары біз әріптестеріміз­бен бірге Қазақстанның бар­лық 20 өңірін толық аралап шық­тық. Сонда барлық өңірлерге ортақ бір негізгі түйткіл анық байқалды. Ол – теміржол вокзалдарының жағдайы. Қай аймаққа барсақ та, халық осы мәселені ерекше атап өтеді. Жыл сайын елімізде теміржол көлігімен 20-22 миллион жолаушы тасымалданады. Бұл вокзалдардың басым бөлігі 1974–1979 жылдары салынған және қазіргі жағдайлары сын көтермейді. Көпшілігі жөндеуге де жарамайды, бұзып, қайта салуға тура келеді.

Мысалы, туризмді дамытуға әлеуеті жеткілікті Маңғыстау өңі­ріндегі вокзал қала аумағында орналаспаған. Сондықтан оны бұзып, жаңа, заманауи вокзал салу туралы шешім қабылданды. Осыған байланысты Премьер-министрге арнайы баяндама жасалды. Үкімет ұсынысымызды қол­дап, қажетті қаражат бөлінді. Биыл еліміз бойынша 125 вокзал толық қайта жаңғыртылады.

Жақында Премьер-министр ­тарапынан осы вокзалдарға қа­тысты нақты шешім қабылдан­ды. Сәуір айының ортасында елі­міз­дің барлық өңіріндегі 125 вок­залдың құрылысы бір мезетте басталады. Жобаларды биыл то­лық аяқтау ­жоспарланып отыр. Жаңартылатын вокзалдар қа­та­рында туристік әлеуеті жоғары аймақтар да бар. Сонымен бірге болашақта туризм орталығына айналуы мүмкін стансалар да на­зардан тыс қалмай­­ды. Маң­ғыс­тау, Түркістан және бас­қа да об­лыс орталықтарының вокзал­дары қамтылады. Сонымен қа­тар ауыл­дық және шалғай елді мекендердегі вокзалдар да жөнделеді.

Мысалы, туризмді дамытуға әлеуеті зор Лепсі елді мекені бар. Министрлік бұл жерге ар­найы жол салып жатыр. Әкім­дік су, жарық және өзге де инфра­құ­рылымды жеткізіп береді. Балқаш жағалауында ірі туристік нысан салу жоспары бар. Біз жыл басында Лепсіге барып қайттық. Қазір ол жерде бір ғана будка вокзал ретінде қызмет көрсетіп отыр. Ертең туристер келе бастағанда бұл жеткіліксіз болады. Сондықтан біз онда шағын, заманауи жаңа вокзал салып береміз. Үкімет қа­жетті қаражатты бөліп қойды.

– «Еліміздің тоғыз жолдың торабында тұруы – үлкен артық­шылық» деп жиі айтамыз. Осы транзиттік мүмкіндікті толық пайдалана алып отырмыз ба?

– Мемлекет басшысының Жол­дауында да, Үкімет отырыстарында да бұл бағыт бірнеше рет айтылды. Алдымызда Қазақстанды Еуропа мен Азияны байланыс­ты­ратын, нағыз ірі транзиттік хаб­қа айналдыру міндеті тұр. 2024 жы­лы елімізде 13 мың шақырым авто­жолда құрылыс және жөндеу жұ­мыстары жүргізіледі. Бұған қоса 2 мың шақырымға жуық жаңа темір­жол желісі салынып жатыр. 1,5 мың шақырым теміржол желісі жөн­деуден өткізілу үстінде. Барлық вок­зал түбегейлі жаңартылады. Со­ны­мен қатар 400-ден астам жаңа вагон мен локомотив сатып алынбақ.

Былтыр 3 әуежай пайдалану­ға берілді. Олардың қатарында Алматы әуежайының жаңа терминалы, Шымкент, Қызылор­да әуежайлары бар. Биыл тағы ­4 жаңа әуежай құрылысы жүріп жатыр (Зайсан, Катонқарағай, Кендірлі, Арқалық). Балқаш, Үш­арал және басқа да әуежайлар кезең-кезеңімен жөнделуде. Осы әуежайлардың базасында карго-хабтар құрып, олардың айналасында экономикалық аймақтар қалыптастыру жоспарда бар.

Су көлігі саласына келсек, биыл еліміз 7 кемені сатып алып жатыр. Бұл осы саланың дамуына зор серпін береді.

Осының барлығы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес уақытылы және сапалы орындалуға тиіс. Үкіметтің қаржы блогі бұл бастамаларды толық қолдап отыр.

Басты мақсатымыз – бола­шақ ұрпаққа халықаралық стан­дарттарға сай, ірі трансұлттық көлік-логистикалық хаб ретін­де қалыптасқан заманауи инфра­құрылымды мұраға қалдыру. Бұл – бірінші міндет.

Екінші маңызды мәселе – бюд­жетке тәуелсіз, өзін-өзі қар­жы­ландыратын көлік инфра­құры­лымын қалыптастыру. Осы бағыт­та Үкіметпен бірге арнайы көлік­тік қор құру мәселесін қарасты­рып жатырмыз. Қазірдің өзінде еліміздің әуе кеңістігі арқылы өтетін халықаралық рейстер саны екі есеге артты. Бұл – елге тікелей түсетін қаржы көзі. Сонымен қатар, жаңа жолдарға ақылы жүйе енгізіліп жатыр. Ауыр жүк көліктері жолдарға елеулі зиян келтіретіндіктен, олар арнайы рұқсатпен жүруге тиіс. Бұл да – қосымша табыс көзі.

Осы қаражат көздерін бірік­тіріп, арнайы қорға жинау ар­қылы болашақта көлік инфра­құрылымын бюджеттен тыс қар­жыландыру мүмкіндігі пайда болады. Жаңа жобалар да осы қор есебінен қаржыландырылуға тиіс. Мемлекет басшысы атап өткен­дей, біз келер ұрпаққа пайда әкеле­тін, әрі өзін-өзі қамтамасыз ете ала­­тын инфрақұрылым қалдыруымыз қажет.

Қорыта айтқанда, салынған инфрақұрылым елге пайда әкеп, көлік саласының өзін-өзі қар­жыландыруына жол ашуға және жаңа жобаларды іске асыруға мүмкіндік беруге тиіс. Мемлекет басшысы атап айтқандай, Қазақ­станды жаһандық көлік-логис­тикалық жүйеге толыққанды қосып, болашаққа сенімді инфра­құрылым қалдыру – парызымыз.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Қамбар АХМЕТ,

«Egemen Qazaqstan»