Меңдіқара өңірінде мыңға тарта Көшім жылқысын ұстайтын «S-Agro-Borovskoe» серіктестігі қысы-жазы бие сауады. Оны неміс технологиясы арқылы өңдеп, ұнтақ және сұйық түрде саудаға шығарып отыр.
Бие сүтінен дайын өнімге дейінгі жол
Серіктестіктің қымыз фермасы Красносельск елді мекенінен 10-15 шақырым әріде – от-суы мол, малға жайлы, ойлы-қырлы кең алқапта орналасқан. Фермада бие сүтінің бастапқы құнарын жоғалтпайтын озық неміс технологиясы қолданылады.
Үш сауыншы тек желіге кірген биелердің желініне сауын түтікшелерін кигізіп тұрады. Түтікшенің екінші шеті жабық құбырға жалғанған. Сүт осы құбырдың бойымен ағып, 700 литрлік салқындатқыш құтыға жиналады. Онда +4 градусқа дейін салқындатылған шикі сүт келесі құтыға түсіп, 70 градус ыстықта пастерленеді. Одан кейін тағы бір танкке түседі де, қайтадан +04 градуске дейін салқындатылады. Бұл танктен технолог маман аз ғана сүт алып, талдау жүргізіп, құрамында бактерияның бар-жоғын анықтайды. Сосын сүт сублимациялық камераға жіберіледі.
Сублимация цехында қабырғадан ашылатын үлкен қақпағы бар 5 сублимациялық камера жұмыс істеп тұр. Камераның жұқалау ғана 13 сөресінің ішіне техникалық май құйылып, қыздырылады. Шетіне алмалы-салмалы пластик киілген сөрелер тайыз құтыға айналады да, сүтпен толтырылады. Одан кейін камераның қақпағы жабылып, құрылғы іске қосылады.
«Камера ішіндегі шикізат жедел түрде -70 градусқа дейін мұздатылады. Теріс қысымның нәтижесінде, ваакум пайда болады. Бір тәуліктей уақыттан соң сөрелер ақырындап жыли бастайды. Әр сөре +35 градусқа дейін жылиды. Осылайша, сүт құрамындағы ылғал сұйық қалпына келіп үлгермей буға айналып кетеді. Яғни мұз бірден газға айналады. Тек ылғал ғана буға айналады.
Қатты ысытпаудың да қасиеті бар
«Өнімнің басты ерекшелігі – бие сүті технологиялық сүзгіден өтеді. Одан кейін 72 градусқа дейін ғана ысытылады. Кейбір өндіріс орындары сүтті 90-110 градусқа дейінгі ыстықта пастерлейді. Неғұрлым төмен градуста пастерленген сүттің құрамында ағзаға пайдалы минералдық заттар болады. Сүттің бастапқы құрамында болған ағзаға пайдалы микроэлементтер, дәрумен, ақуыздар сол күйі сақталады. Яғни температураны бақылау арқылы бие сүтінің табиғи құрамын барынша сақтауға тырысамыз», дейді ферма технологі Евгений Щербинин.
Сублимацияланған саумал ферманың қаптау цехында мөлшері 200 грамм, 0,5 кг болатын дайын ваакумды пакеттерге салынып, саудаға жөнелтіледі. Мысалы, жарты келілік ваакумды пакет – 29 мың теңге, ал 200 грамдық құрғақ саумал 19 мың теңге тұрады. Пакеттегі өнімнің емдік қасиеті екі жылға дейін сақталады.
Жылқы сүтінен косметология өнімдері жасалмақ
Қазір «S-Agro-Borovskoe» серіктестігінің ұлттық сусын өнімдері «Аспирин», «Цветная» дәріханалар желісінде, Қостанай мен Астанадағы «Солнечный», «Астықжан» супермаркеттерінде сатылып жатыр. Айтпақшы, құрғақ саумалдың кәдімгі пакеттелген кофе тәрізді біреуін ашып, өзіміз де дәмін татып көрдік. Пакеттегі ұнтақты стақанға аударып, оның үстіне қайнаған жылы су құйып, араластырып, ішіп көрдік. Дәмі жайлаудағы желі басынан ішкен табиғи саумалдан еш кем түспейді.
Ферма күніне 100-150 литр сүт сауады. Келешекте сауын биелер санын көбейту арқылы өнім көлемін арттырып, тәулігіне 300 литрге дейін сүт алу жоспарда бар. Мұны дайын өнім түрінде есептесек, ферма жылына 40 тонна құрғақ саумал шығарады. Ферма басқармасы Ермек Сұлтанғалиұлының айтуынша, серіктестік алдағы уақытта Германия компаниясымен бірлесіп, жылқы сүтінен косметология өнімдерін және балалар мен спортшыларға арналған тағамдар шығаруды жоспарлап отыр.
Шторхқа шипа болған бал қымыз
Сары қымыз сүйекке сіңсе сан ауруды кеседі. Ермек Сұлтанғалиұлының сөзінше, қымыздың қырық ауруға ем екеніне алғаш көз жеткізген екінші дүниежүзілік соғыс кезінде тұтқынға түсіп, тағдыр тәлкегімен қазақ топырағына жер аударылған Рудольф Шторх есімді ветеринар екен. Сүзек ауруына шалдыққан тұтқынды айдалада жалғыз биесін сауып отырған қазақ отбасына әкеледі. Сол үйдегі ақсақал әбден дерт меңдеп, құр сүлдері қалған құдайы қонағын жаз бойы саумалмен емдеп шыққан көрінеді. Ұлттық сусынның шипасы дарып, дертінен құлан таза айыққан тұтқын отанына оралған соң, Баден-Вюртемберг деген жерден 320 гектар жер алып, жылқы ұстап, бие сауып, саба піседі. Нәтижесінде, «Kurgestüt Hoher Odenwald» компаниясының негізін қалап, отбасылық бизнес ашады. Сөйтіп, қарапайым ветеринар саумалды бүкіл Еуропа жұртына насихаттайды. Бүгінде ескі құрлықтағы сол компания қымыз, саумал өнімдерімен бірге, бие сүтінен косметикалық бұйымдар жасап шығарып отыр.
Қазір компанияны Ханс Цолльман есімді кәсіпкер басқарады. Біраздан бері біздің елге жиі ат ізін салып, бірнеше өңірде неміс технологиясына негізделген құрғақ саумал өндірісінің ашылуына мұрындық болыпты. Қызығы, бұл кісінің де негізгі мамандығы – ветеринар.
Қостанай облысы