• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Қоғам 10 Сәуір, 2025

Жастарды баспаналы ететін бағдарлама

110 рет
көрсетілді

Астана, Алматы, Шымкент секілді ірі шаһарларға қоныс аударатын жастардың ішінде оқыған, тұрақты жұмысы барларының өзі бірден тұрғын үй алуға шамасы келе бермейтіні рас. Өйткені көбіне жастардың жалақысы жалдап отырған пәтерінің ақысынан артылмайды. Осынау әлеуметтік мәселені шешу мақсатында мемлекет тарапынан 2019 жылдан бастап жұмысы бар жастарды жалдамалы пәтермен қамтуға мүмкіндік жасалды.

Кейінгі жылдары жастарға арнал­ған тұрғын үй бағдарламалары кө­бейді. «Отбасы банктің» ұсынатын жеңіл­діктерінен бөлек, өңірлерде «Елорда жастары», «Алматы жастары» сынды бағдарламалар талай жасқа, жас отбасыға қуаныш сыйлады. Шарттары жеңіл, тиімді бағдарламалар осы күнге дейін іске асып келеді. Осылардың ішінде сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасының жөні бөлек. Жалдамалы үй екінің біріне бұйырмайды. Тұрақты жұмысы бар, нарықта сұранысқа ие мамандықты меңгерген азаматтардан ғана өтініш қабылданды. Олардың ішінен де үміткерлер жұмысына, отбасылық жағдайына, мұқтаждығына қарай іріктелді. Енді міне, мемлекет ұсынған мүмкіндікке ие болған жастардың алғашқы легі сатып алу құқығынсыз жалға алған пәтерлерін қайтара бастады. Бағдарлама арқылы пәтер жалдаған жастардың үлесі туралы Астана қаласы әкімдігі «Тұрғын үй қоры» мекемесі кеңес беру және құжат айналымы бөлімінің басшысы Бекжан Сипаттан сұрап білген едік.

– «Жұмыс істейтін жастар үшін сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй» бағдарламасын іске асыру 2019 жылы «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасына сәйкес басталды. Ол кез 29 жасқа дейінгі азаматтар ғана үміткер бола алды. Бертін келе, 2023 жылы бағдарламаға енгізілген түзетулерге сәйкес, қатысушылардың жасы 34 жасқа дейін өсті. Астана әкімдігі бағдарлама бойынша былтырға дейін барлығы 3 220 пәтер тапсырды. Нақ қазір қолданыстағы тұрғын үйді жалға алу шарттарының саны – 2 786. Осы азаматтар да мерзімі келгенде сатып алу құқығынсыз берілген пәтерлерді қайтарады, – дейді Бекжан Сипат.

Жалдамалы пәтер алып, оған ай сайын небәрі 5–15 мың теңге көлемінде ғана құйып отырған отбасылардың өз баспанасына алғашқы жарна жинауға зор мүмкіндігі болды. Сол мүмкіндікті дер кезінде тиімді пайдаланғандар көп. Керісінше, күнделікті тіршіліктің қамымен жүріп мемлекеттік бағдар­ла­ма­ларды қаперге алмағандар да бар. Астана қаласы әкімдігінің «Тұрғын үй қоры» қарап қалмай, жалдамалы пәтерде тұрып келген жастарға жеке тұрғын үй сатып алуға жәрдемдесуге кірісті. Мұндай көмекті Алматы, Шымкент қаласының әкімдіктері де көрсете бас­тады. Мысалы, Астанадағы Тұрғын үй қоры сатып алу құқығынсыз берілген жалдамалы пәтерде тұратын, жұмыс істейтін жастарды «Отбасы банктің» немесе «Елорда жастары» бағдарламасына қатысуға ұсыныс тас­тап, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Тіпті мекеме қызметкерлері жекелеген азаматтармен кездесіп, тұрғын үй алудың мүмкіндігі туралы кеңес береді. Есесіне, пәтер жалдаған жастардың ішінде «Елорда жастары» бағдарламасы арқылы үйлі болғандар көп.

– «Елорда жастары» бағдарламасы арқылы жастар жылдық 5% мөлшер­лемемен жеңілдетілген несие рәсімдей алады. Несие сомасы 20 млн теңгеге дейін болса, бастапқы жарнасы – 10%. Несиелеу мерзімі 19 жылға дейін. Бағдар­­­ла­ма аясында жастардың бас­тапқы, қайталама нарықта тұрғын үй сатып алу мүмкіндігі бар. Биыл 17 ақпаннан Тұрғын үй орталығы «Отбасы банкпен» «Елорда жастары» бағдарламасы бо­йынша жастарға несие беру рәсімдерінен өтуге жолдама беруге кірісті. Мұндай жолдама қолданыстағы жал­дау шарттары бар 778 азаматқа бе­рілді. Биылғы жылдың 2 cәуіріне 778 азаматтың ішінен 370 адам төлем қабілеті рәсімінен өтіп, оның ішінде 200 адам нарықтан тұрғын үй сатып алды. Басқа азаматтарқа қатысты жұмыстар әрі қарай жүріп жатыр, – деді Бекжан Сипат.

Жастарға сатып алу құқығын­сыз жалға берілетін тұрғын үй бағ­дар­ла­масын тиімді пайдалан­ған­дар­дың қата­рында Астана тұрғыны Алдияр Орынбасарұлы бар. Ол 2010 жылы Астана медицина университетіне оқуға түсіп, содан бері қалада тұрақтап қалған.

– Астана медицина университетінде 9 жыл оқыдым. Қазір осы салада еңбек етіп жүрмін. Бағдарлама бойынша біз 2019 жылы конкурсқа қатыстық. Ол кезде үйленген едім, бір баламыз болды. Комиссия еңбек етіп жүрген жұмыс орнымызға, бала санына қарады. Конкурстан жоғары балл жинадық. Бағымыз жанып, Шоқан Уәлиханов көшесінің бойынан бір бөлмелі жалдамалы пәтерге көштік. Үйге айына 6 мың 660 теңге ғана төлеп келген соң, мүмкіндікті біз де барынша сәтті пайдалануға тырыстық. Жалақының бір бөлігін жинай бастадық. Қазір отбасында екі баламыз бар. Жуырда «Елорда жас­тары» бағдарламасы арқылы қаладан бір бөлмелі үй алдық, – дейді жалдамалы пәтерде тұрып келген Алдияр Орынбасарұлы.

Алдияр өзі секілді жұмысы бар жастарға, жас отбасыларға қалаға келген соң тұрғын үй алудың тиімді жолдарын қарастыруға кеңес береді. Бос жүргеннен пайыздық мөлшерлемесі төмен мемлекеттік бағдарламаларды зерттеп, қаражат жиған әлдеқайда тиімді екенін айтады. Алдияр Орынбасарұлы секілді мемлекет ұсынған жалдамалы пәтерде тұрып, кейін үйлі болғандар жетеді. Мысалы, «Елорда жастары» бағдарламасы арқылы өзінің жеке бас­панасына қол жеткізгендердің қатары Жанасыл Талғатұлы, ерлі-зайыпты Данияр-Қаламқас Әбіловтер, Саян Шайкенов, Жаннұр Даутова, Асхат Бралинов деп жалғасып кете береді.

Алматы қаласында жалдамалы үйде тұрып, кейін баспаналы бол­ғандар да бір қауым. Олардың ішін­де Әділжан Жақыпбай, Мерей Райымбеков, Меруерт Төлеубекова, Данагүл Түсіпова сынды қаланың жас, еңбекқор тұрғындары бар. Сатып алу құқығынсыз жалға берілетін пәтерді үлестірерде әлеуметтік салада жұмыс істейтін жастарға, мәдениет, медицина, білім бағытында еңбек ететіндерге, тұрақты жұмысы барларға басымдық берілген. Мысалы, Алматы тұрғыны Мерей Райымбеков 2019 жылдан бері сатып алу құқығынсыз берілген «Көк­­қайнар» шағын ауданындағы бір бөлмелі, 29 шаршы метр жалдамалы пәтерде тұрып келген. Бүгінде «Алматы Тазалық» мекемесінің жұмыс­шысы ретінде «Алматы жастары» бағдарламасына қатысып, «Алатау» ауданынан бір бөлмелі пәтер алған. Мерей секілді сатып алу құқығынсыз 5 жыл пәтер жалдаған тұрақты жұмысы бар жастардың алғашқы легі көптен күткен жеке баспанасына көшіп, мақсатына жетіп жатыр.