Қызылордада «Сыр елі – достық мекені» атты Ассамблея жастары форумы өтті. Қаладағы Достық үйінен басталған форумға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Парламент Сенатының депутаты Нұрия Ниязова, Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайхан, «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Тимур Жұмырбаев қатысты.
Облыс әкімі форум жұмысына сәттілік тілеп, еліміздің әр өңірінен жиналған жастарды Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерекесімен құттықтады. Жастарға өңірде қолға алынған бастамалар туралы айтып өтті.
Ассамблеяның 30 жылдығы аясында Қызылорда қаласында Достық үйі бой көтеріп келеді. Алда келе жатқан Қазақстан халқының бірлігі мерекесі күні облыс орталығынан Шығармашылық академиясы ашылып, қайта жаңғыртудан өткен заманауи демалыс паркі ел игілігіне пайдалануға беріледі.
Сенат депутаты Нұрия Ниязова жастар ассамблеясы жүзеге асырып келе жатқан жобаларға тоқталды. Жастар ұйымдары өкілдері елімізде волонтерлікті дамытуға да үлкен үлес қосып келеді.
Форум отырысында Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайхан, «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Тимур Жұмырбаев жасампаз істің басында жүретін жастарға сәттілік тіледі.
Республикалық форумға еліміздің әр өңірінен келген жастардың қатысуымен Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Kyzylorda Hub» коворкинг орталығында «Жасанды интеллект: мүмкіндігі мен әлеуеті» тақырыбында секция жұмысы өтті. Оның аясында университет жанынан «Студенттік ассамблея» орталығы ашылып, төрағалығына өңірлік «Ассамблея жастарының» белсендісі Исмаил Махадинов тағайындалды. «Жасыл болашаққа – жастармен бірге!» ұранымен оқу орнының ботаникалық бағында ағаш егу акциясы ұйымдастырылды.
Ал «Болашақ» университетінде өткен секциялық отырыс жұмысшы мамандығының маңыздылығын арттырып, жастардың кәсіптік бағдарын айқындауға арналды. Форум қонақтары университет инфрақұрылымымен, арнайы кабинеттермен, жылыжай жұмысымен танысты.
Форум қонақтары осыдан 100 жыл бұрын ел орталығы атанған қаланы аралап, «Қорқыт ата» мемориалды кешені мен «Байқоңыр» ғарыш айлағына экскурсия жасады. Сапар соңында жастар ҚХА-ның 30 жылдығы эмблемасы бейнеленген тудың ғарышқа ұшырылғанына куә болды.
Қызылорда