• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Еңбек 15 Сәуір, 2025

«Bir Tolqynda»: Жастарды еңбек нарығына дайындау тетігі

10 рет
көрсетілді

Елімізде жастарға арналған «Bir Tolqynda» жобасы жалғасып жатыр. Бастама отандастарымызға тәжірибелі жұмысшы мамандармен тілдесуге, өндіріс орындарына экскурсия жасауға мүмкіндік береді. Мұндай ерекше форматты өңірлерде «Amanat» партиясы «Жастар рухы» жастар қанатының белсенділері ұйымдастырып жатыр.

Жоба аясында қатысушылар әр апта сайын өнеркәсіп орындарының жұмысын көзбен көріп, өндірістік мамандықтардың қыр-сырымен танысады. Осы мақсатта Алматы қаласының студенттері «Асфальтбетон» зауытына барды. Онда жастар өндіріс желісімен танысып, материалдардың жасалу жолын, арнайы технологиялардың мақсат-міндетін біліп қайтты. Ашық алаңда еңбек етіп жүрген нағыз жұмысшы мамандармен әңгімелесті.

– Тәжірибелік кездесулер жастардың кәсіби бағдарын айқындап, қарапайым мамандарға деген құрметін арттырады. Еңбектің парқын түсінеді. Технологиялық процессті тікелей бақылай, кәсіби құпияларды меңгереді, зауыттағы жұмыс мүмкіндіктерінен құлағдар болады. Осылай бағыт-бағдар беріп, азаматтардың өз жолын табуына, заманауи технологияларды меңгеруіне, жаңа идеялардың бастамашы болуына үлес қосқымыз келеді. Есесіне олар ел экономикасының ілгерілеуіне негіз болады. Жастар қанатының да міндеті осы, студенттерге жұмысқа орналасуға оңтайлы жолын көрсету, – дейді Алматы қалалық «Жастар рухы» төрағасы Дидарбек Ділдәбек.

Қызылорда облысындағы «Әділет» өндіріс компаниясына экскурсия барысында жастар наубайхана, сабын мен кір жууға арналған ұнтақ шығару бөлімдерінің жұмысымен танысты. Бұл өндіруші компания 72 пайыздық кір сабынның күніне 1000 данасын, «Ақниет» кір жуу ұнтақтарының айына 6 тоннасын және оттегегі ағартқышының 1 тоннасын өндіреді. Өнімдері тек қала тұрғындарына ғана емес, республикаға жөнелтіліп жатыр.

– Біз үшін мұндай кездесулердің орны бөлек. Себебі, бұл тек ақпарат алмасу емес, жастарға шабыт сыйлап, оларды өндіріс саласының шынайы келбетімен таныстыру мүмкіндігі. Кәсібіміздің қыр-сырын, жұмыс барысын көрсетіп, олардың кәсіби бағдар алуына көмектесу, – дейді «Әділет» дара кәсіпкерлігінің технолог маманы Бағдат Шуленбаев.

Қостанайлық студенттер де «Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігіне» барып қайтты. Жалпы кәсіпорын еліміздің металлургия саласында маңызды рөл атқарады. Бүгінде өнімдері әлемнің бірнеше мемлекетіне жіберіледі.

Ал Алматы облысы Қонаев қаласының көпсалалы колледжінің жастары Қазақстандағы жалғыз антифриз өндіруші «Бағашар мекен» ЖШС зауытына өндірістік экскурсия жасады. Іс-шара аясында колледж, зауыт және «Жастар рухы» ұйымы үшжақты меморандумға қол қойды. Құжат студенттердің өндірістік тәжірибеден өтуіне және үздіктердің жұмысқа қабылдануына мүмкіндік береді.