• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 20:12

Астанада кіші Талдыкөлдегі экопаркті абаттандыру жұмысы басталды

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында кіші Талдыкөл маңайында абаттандыру жұмысы жүріп жатқаны туралы жазды, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Елордамызды көгалдандыру және көркейту жұмысын ауқымды жүргізіп жатырмыз. Биыл 170-тен астам аула мен қоғамдық орынды (саябақтар, гүлзарлар, желекжолдар) абаттандырамыз. Сондай-ақ, биыл 1,1 миллионнан астам жасыл желек (көшеттер, бұталар, ағаштар) отырғызамыз», деп жазды қала әкімі.

Жеңіс Қасымбектің айтуынша, абаттандыру жұмысы Астананың барлық ауданын қамтиды.

«Қаланың маңызды жобаларының бірі – кіші Талдыкөлдегі экопарк. Абаттандыру жұмысы кезең-кезеңімен жүргізіледі. Қазіргі уақытта аумақта дайындық және инженерлік жұмыс басталды. Жоба аясында су қоймасының жекелеген учаскелерін тазарту, түбін тереңдету жұмысы, аумақты дайындау және болашақ экопарктің базалық инфрақұрылымын қалыптастыру жұмысы жүріп жатыр», деді Жеңіс Қасымбек.

Биыл мынадай іс-шаралар жоспарланып отыр:

сүзгі жүйесі бар техникалық бөлмелердің құрылысы; акваторияда су деңгейін сақтау үшін ұңғымаларды іске қосу; алғашқы серуендеу бағыттарын құру; аумақты ауқымды көгалдандыруды бастау.

«Осы күзде ағаштар мен жасыл желектер отырғызудың бірінші кезеңі басталады. Жұмыс табиғи ортаны және қолданыстағы ландшафты барынша сақтай отырып жүргізілетін болады», деді қала әкімі.

Келесі жылы жоспарланып отырған іс-шаралар:

серуендеу бағыттары мен экологиялық жаяу жолдарды аяқтау; уақытты тыныштықта өткізуге арналған орындар ашу; ауқымды көгалдандыру; аумақтың табиғи экожүйесін қорғау және сақтау бойынша шешімдерді жүзеге асыру.

«Жобаның негізгі міндеті – қала іргесінде табиғатқа және биоалуантүрлілікке зиян келтірмей, уақытты тиімді өткізуге арналған табиғи кеңістік құру», деп жазды Жеңіс Қасымбек.

Айта кетейік, биыл Астанада 173-ке жуық қоғамдық және аула кеңістігін абаттандыру, сондай-ақ 1,1 миллионнан астам жасыл желек (көшеттер, бұталар, гүлдер мен ағаштар) отырғызу жоспарланып отыр.

Соңғы жаңалықтар