• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Аймақтар 15 Сәуір, 2025

Батыс Қазақстан облысында төрт теміржол вокзалын жаңғырту жұмысы басталды

0 рет
көрсетілді

Реконструкция теміржол инфрақұрылымын жаңғыртудың ауқымды бағдарламасы аясында жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Бұл жоба Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес жүзеге асырыла бастаған. Мемлекет басшысы көлік-логистикалық секторды дамыту – мемлекеттің стратегиялық басым бағыты екенін бірнеше мәрте айтқан болатын.

Өңірде Орал мен Ақсай қалаларындағы және Шыңғырлау мен Семиглавый Мар бекеттері жаңартылатын болды. Бұл нысандардың қай-қайсының да тарихи орны бар, аймақ халқы үшін маңызды рөл атқарады. Бүгінде облыста осы бекеттер арқылы 7 бағытқа қызмет көрсететін 14 пойыз жүреді.

Әрине, бұл вокзалдардың ең ірісі – Орал қаласында 1983 жылы салынған теміржол вокзалы. Оның ауданы 5716,1 шаршыметр, бекет арқылы тәулігіне 900 жолаушы өте алады. Ақсай қаласында 1937 жылы салынған теміржол вокзалы да көнеріп тұрған еді, бұйыртса қайта жөндеуден өтеді. Өңірдегі ең көне вокзалдың бірі – 1916 жылы салынған Семиглавый Мар стансасы мен 1936 жылы салынған Шыңғырлау стансасы да жобаға енгізіліп, реконструкциядан өтуі тиіс.

Вокзалдарды жөндеу жұмысына старт берген Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев жүзеге асырылып жатқан жобаның өте маңызды екенін атап айтты. «Вокзалдарды жөндеудің басталуы – облыс инфрақұрылымын дамытудағы маңызды кезең. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес біз негізгі көлік нысандарын жаңарту бойынша кешенді жұмысты бастадық. Бұл жолаушының жағдайын жақсартып қана қоймай, облыс экономикасы мен логистикасының дамуына да септігін тигізеді», деді Нариман Төреғалиев.

Міне, «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясының тапсырысымен мердігер «KazConstructionGroup» ЖШС Орал вокзалын жаңғыртуды бастап та кетті. Жұмыс биылғы қыркүйек айында аяқталуы тиіс. Теміржол вокзалы соңғы рет 2012 жылы күрделі жөндеуден өткен екен. Жаңа жоба барысында теміржол вокзалдарындағы жайлылық пен қауіпсіздік деңгейі де едәуір артады. Сондай-ақ сервистік қызмет көрсету сапасы жақсарып, жолаушылар үшін барынша қолайлы жағдай жасалмақ.

Жөндеу барысында вокзалдардың сырты да, іші де жаңартылады. Ғимараттардың сәулеті қазіргі заманға лайықталып, ішкі кеңістіктер де айтарлықтай өзгеріске ұшырайды. Ең бастысы олар жолаушыға ыңғайлы әрі қауіпсіз болады.

Батыс Қазақстан облысы