«Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігі 2025 жылғы 18 сәуірден бастап шетелдік азаматтар үшін жеке сәйкестендіру нөмірін ресімдеуге және оның нәтижелерін беруге өтініштерді қабылдау жөніндегі пилоттық жобаны қайта бастайды», делінген ақпаратта.
Мемлекеттік қызметті алғысы келетін азамат Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемесіне немесе Министрлікке жеке өзі жүгінеді.
«Егер көрсетілетін қызметті алушының жеке басын куәландыратын құжатта кириллицада немесе латынша нақтылау деректері (тегі, аты, әкесінің аты (бар болған жағдайда), туған жері) болмаған жағдайда, құжаттың нотариалды куәландырылған аудармасын қоса беріледі», деп ескертті.
Шет мемлекеттің құзыретті мекемесі не оған арнайы уәкілетті тұлға өз құзыреті шегінде және белгіленген нысан бойынша берген немесе куәландырған шет мемлекеттің елтаңбалы мөрімен бекітілген құжаттар арнайы куәлік (заңдастыру немесе апостильдеу) рәсімінен өткеннен кейін ғана қабылданады.
«Көрсетілетін қызметті алушы құжаттар топтамасын толық ұсынбаған және (немесе) қолданылу мерзімі өткен құжаттарды ұсынған жағдайда құжаттарды қабылдаудан бас тартылады», деп қорытындылады ведомство.