• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Аймақтар 16 Сәуір, 2025

Бірегей жобаның жетістігі

0 рет
көрсетілді

Осы жылы үш ауысымда оқитын және апатты жағдайдағы мектептердің мәселесі толықтай шешілуге тиіс. Өйткені 2022 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында атқарылған жұмыс нәтижесінде ағарту саласында ұзақ жыл бойы «жырға» айналған өткір мәселенің жедел шешілуін Үкімет пен жергілікті атқарушы билік өкілдеріне шегелеп тапсырған еді.

Кейінгі жылдары Президент тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында өңірде біршама жұмыс атқарылып жатыр. Бірер күн бұрын өңірде «Жай­лы мектеп» ұлттық жобасы аясында төртінші мектеп пай­да­лануға берілді. Еліміздегі ең ірі шағын аудан саналатын «Ұлы даладағы» №69 жаңа білім нысаны уақыт талабына сай бой көтерген.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған жаңа нысанның ашылу салтанатына қатысқан облыс басшысы Ербол Қарашөкеев өңірдің білім саласын дамыту үшін іргелі істер қолға алынатынын жеткізді.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасы негізінде қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында еліміздің барлық қиырында білім ошақтары салынып жатқаны белгілі. Бұл жұмыс Жамбыл облысында да өз деңгейінде атқарылып жатыр.

Өткен жылы өңірде үш жайлы мектеп бой көтерді. Ал биыл Тараз қаласы Шөлдала тұрғын алабында бір, Қордай ауданында екі жайлы мектеп ашылады деп жоспарлап отырмыз. Бір сөзбен айтқанда, өңірдің білім саласын өркендету үшін қолдан келген жұмыстың бәрін істейміз», дейді Е. Қарашөкеев.

Жаңа үлгідегі мектепте 97 кабинет, 3 шеберхана, 6 зерт­хана, 4 компьютерлік сынып, хореографиялық залдар, ковор­кинг-орталықтар, үлкен асхана және 4 спорт зал қарас­тырылған. Сыныптарда интер­активті тақталар орнатылған. Білім ұясында 1310 оқушы оқиды.

2000 балаға арналған мектеп оқушыларының IT-құзыретін, ғылыми және шығармашылық әлеуетін қолдау үшін заманауи роботтехника кабинеттері­мен және STEM-зертханалармен жабдықталған, сонымен бірге бейнебақылау жүйелерімен қам­тамасыз етілген.

Оқу ордасында инклюзивті білімге жіті көңіл бөлінген. Ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін пандустар, лифтілер, санитарлық тораптар және ин­клюзивті білім кабинеті қарас­тырылған.

«Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын оқушылар үшін мектеп мәселе­сін толығымен шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады. Жалпы, мектеп салу Үкімет пен әкімдіктер үшін басты мін­деттің бірі болуы керек», деген Президенттің сөзі жадымызда.

Дерекке сенсек, осы жылы өңірде 26 білім нысанының құрылысы жоспарланыпты. Оның 21-і (11 мектеп, 10 қосым­ша ғимарат) жыл соңына дейін пайдалануға берілмек. Қолға алынған жұмыс арқылы білім саласындағы өткір мәселенің бір түйіні шешіле ме, жоқ па? Оны жыл соңында бағамдай жатармыз. Бір анығы, осы жылы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес үш ауысымды білім мәселесі мен апатты жағдайдағы мектептердің ша­руасы шешімін табуға тиіс.

 

Тараз