Бокстан Әзербайжанның астанасы – Бакуде өткен «Жібек жолы» халықаралық турнирін Қазақстан құрамасы 18 жүлдемен қорытындылады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қазақстанның ерлер құрамасы аталған жарыста тоғыз жүлде жеңіп алды. Тарқатып айтсақ, Бағлан Кенжебек (54 кг) пен Нұрбек Мұрсал (71 кг) теңдессіз деп танылса, Санжарәлі Бегалиев (75 кг) финалда ұтылды. Нұрғиса Тұрабеков (48 кг), Жандәулет Сәрсенбаев (54 кг), Ерхан Тұрдан (57 кг), Дулат Бекбауов (67 кг), Асылхан Көшербай (67 кг) және Дәурен Мамыр (86 келі) қолаға қол созды.
Сол секілді әйелдер командасы да тоғыз медальді иеленді. Бұрымдылар бәсекесінде Элина Базарова (54 кг) мен Виктория Байдукова (57 кг) алтыннан алқа тақты. Анжа Сәдуақасова (52 кг) күміспен күптелсе, Гүлназ Бөрібаева (48 кг), Элянұр Тұрғанова (50 кг), Томирис Мырзақұл (52 кг), Сымбат Әлиасқар (54 кг), Әзиза Исина (70 кг) және Дина Исламбекова (+81 кг) үздік үштікті түйіндеді.