Адам санасы неге сенсе, ағза соған мойынсұнады. Бұл құбылыс ғылымда «Ноцебо әсері» деп аталады. «Ноцебо әсері» – адамның теріс сенімі мен қорқынышы тікелей ағзаға зиян келтіретін психофизиологиялық күй. Адам жамандықтың боларына шын иланғанда, дене де соған қарай бейімделеді.
Зерттеушілер бұл құбылысты дәлелдеу мақсатында эксперимент жасап көрген. Өлім жазасына кесілген адамға түрме қызметкерлері: «Сені атып өлтірмейміз, улы жыланға шақтырамыз», деп жыланды көрсетеді. Содан кейін көзін байлап, денесін таңып, жылан келгендей әрекет жасап, терісіне жай ғана ине шаншиды. Жылан жоқ. Бірақ адам оның шаққанына сеніп, сол жерде-ақ тіл тартпай кеткен. Сараптама оның қатты үрейленгеннен жүрегі тоқтап қалғанын дәлелдеген.
Мұндай мысалдар адамның сенімі ағзада нақты физиологиялық өзгерістер тудыра алатынын көрсетеді. Кейде дәрігер науқасқа: «Бұл дәрінің кері әсері болуы мүмкін», деп ескертсе, адам сол әсерді міндетті түрде сезінеді. Бас айналады, жүрек айниды, денесі ауырлайды. Ал шындығында ол дәрінің ешқандай зияны болмауы мүмкін. Бірақ адам жамандықты күтіп тұрады. Бұл да – ноцебо.
Адам ойы – ең қуатты құрал. Жамандықты күткен жан жапа шегеді, жақсылыққа сенген сауығады. Өйткені санадағы сенім ағзаның әр жасушасына әсер етеді. Сол үшін де сөзімізді де, ойымызды да абайлап айту – өзімізге жасалған қамқорлық. Үрей – у, үміт – иммунитет, ал сенім – шипа.