Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде «Қазақ тілі – ғылым тілі: жасанды интеллект және терминология» атты II халықаралық симпозиум өтті.
Қазақ тілін ғылым тілі ретінде дамытудың өзекті мәселелерін анықтау, талқылау, жасанды интеллект жүйесін пайдалана отырып, қазақ тілінің терминологиясын дамыту жолындағы заманауи үдерістер мен қолданыстарын саралауды мақсат еткен симпозиумға Түркия мен Өзбекстан, Қырғызстан және өзге бауырлас елдерден арнайы делегация, ғалымдар мен сарапшылар, докторанттар, магистранттар және студенттер қатысты. Сондай-ақ Түркістан облысының аудандарынан қазақ тілі пәнінің мұғалімі мен әдіскерлері арнайы шақыртылды.
Симпозиумның ашылу салтанатында жиын модераторы, университет ректоры Жанар Темірбекова қазақ тілі – мәдениет пен философияның, ғылым мен техниканың, білім мен инновацияның тілі болуға тиіс екенін атап өтті. «Оның ғылыми стилінің заман талабына сай қалыптасуы бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Жасанды интеллектінің рөлі, терминдерді біріздендіру, халықаралық жаңа ғылыми ұғымдарды қолданысқа енгізу – кезек күттірмейтін іс. Симпозиум осы мәселелерді жинақтап, өз үлесін қосады деп сенеміз», деді университет ректоры. Сенат депутаты, ХҚТУ Өкілетті кеңес мүшесі Дархан Қыдырәлі, Халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» қоғамдық бірлестігінің вице-президенті Шерубай Құрманбайұлы, «Bilig» журналының редакторы Фырат Пуршат сөз сөйлеп, маңызды ойларын бөлісті. Симпозиумның пленарлық отырысында Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тілешов «Ғылым әдіснамасы: ой мен тіл» тақырыбында баяндама жасады. Ол өз сөзінде қазақ тілінің ғылым тіліне айналуындағы негізгі алғышарттарға тоқталып, терминология саласындағы жүйеленген әдіснаманың қажеттілігін атап өтті.
Симпозиумның екінші күні «Халықаралық ғылым дипломатиясы» атты іс-шарамен жалғасты. Сондай-ақ тілге қатысты тақырыптарда «Workshop» өтті. Мысалы, «Қазақ тілінде термин жасаудағы бір ұстаным» атты «Workshopта» тіл маманы, филолог Назгүл Қожабек лектор ретінде терминология саласы мен қазақ тілі туралы маңызды мәліметтерді айтты. Термин жасауда тілді білудің маңызы, қазақ тілінің табиғатын сақтау үшін не істеу керек деген сияқты өзге де сауалдарға жауап берді. Қазіргі таңда терминология саласында мәселелер өте көп екенін айтты. Кейбір салалардың қазақша терминологиясы, тіпті, жасалмаған. «Терминологияның кезекті үлкен мәселесі – кез келген сәтте терминді өзгерту үшін бүгінге дейін тасқа қашалғандай, қалыптасып кеткен терминдерді өзгертуге тура келеді. Өзгертпейін десең, қате, қазақ тілінің заңына сәйкес келмейтін, грамматикалық ережелеріне бағынбайтын терминдерді қолданып жүре беруге мәжбүр боламыз. Қазір қазақ терминологиясында жалпы қабылданған ұстанымдардың бәрінен бұрын тұруға тиіс қағидат – «зиян қылма» болса екен. Бекітілген әр термин тасқа басылатынын, білім қорына қосылатынын ескеріп, соны ұсынатын, бекітетін әр адам ары мен ожданына жүгініп, «осы сөздің әрі қарайғы қолданысына жауаптымын ғой» дегенді есінен шығармаса екен», деді Н.Қожабек.
Симпозиумда ғалымдар қазақ тілінің ғылыми қолданысын жетілдіру бойынша нақты ұсыныстар беріп, терминологияны біріздендіру бағытындағы жұмыстарды талқылады.
ТҮРКІСТАН