Бірнеше жылдан бері тоқтап тұрған «Қызылжар-Құс» құс фабрикасы қайта іске қосылып, жақын маңдағы ауыл тұрғындарын жұмыспен қамти бастады. Екі кезеңнен тұратын жобаға жалпы сомасы 5 млрд теңге жұмсалады деп жоспарланған.
Облыс орталығынан 40 шақырым жерде орын тепкен Қызылжар ауылының ажары кейінгі жылдары семіп бара жатқандай еді. Мұндағы жалғыз құс фабрикасы 2022 жылы жабылып, жүздеген адам жұмыссыз қалды. Өңірдегі құс етінің өндірісі айтарлықтай кеміді. Салдарынан қаңырап қалған құс қоралары мен өндірістік технологияның талан-таражға түсу қаупі туындаған.
Абырой болғанда, биыл көктемде «Қызылжар-Құс» фабрикасының тамырына қайта қан жүгірді. Кәсіпорын инвесторы ауысқан соң біраз уақыт тоқтап тұрған өндірістік үдеріс іске қосылып, алғашқы өнімдерін шығара бастады. Жақын уақытта жергілікті дүкен сөрелеріне павлодарлық құс еттері жеткізілмек.
Кәсіпорынды былтыр қалпына келтіре бастады. Инвестицияның 1,5 млрд теңгесі нысандарды қалпына келтіруге, қалған қаражат қарыздарды өтеуге, жабдықтар сатып алуға және айналым қаражатын толықтыруға жұмсалады.
Сәуірдің басында өндірісте алғашқы құс сою жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, мұнда Қызылжар елді мекеніне жақын маңдағы ауылдардан 145 адам жұмысқа араласты. Толық қуатқа көшкенде кәсіпорындағы жұмысшы саны 250-ге жетеді. Өндіріс көлемін жылына 10 мың тоннаға дейін ұлғайту жоспарланған.
«Қызылжар-Құс KZ» ЖШС басшысы Айдар Нығметов құс еті бизнесімен алғаш рет шұғылданып отыр. Кәсіптің қиындығына қарамастан, жақын уақытта өндірісі өркендейтініне сенімді, себебі сұраныс бар. Жобаға қажет қосымша 3,5 млрд теңгені мемлекеттен қарызға алады. Мұнда қазір 4 құс қорасы іске қосылып, әрқайсысында 50 мың тауықтан өсіріліп жатыр. Фабрикадағы құстар Қарағандыдан жеткізілген. Жақын арада тағы да 5 құс қорасын өміршең ету жоспарда бар.
«Бізде өндірілетін құс еті экологиялық жағынан таза, ешқандай дәрі екпейміз, адам денсаулығына зиян келтіретін азық бермейміз. Үнемі жоғары стандарттарға жауап беретін өнім беріп тұрамыз деген сенімдеміз. Ең әуелі Павлодар мен Екібастұз тұрғындарын сапалы өніммен қамтамасыз етуді мақсат тұтып отырмыз. Одан әрі Астана нарығына шығаратын ойымыз бар. Ортамерзімді мақсатымыз – экспортқа шығару. Жергілікті билік бізге барынша көмектесіп отыр», дейді кәсіпкер.
Өңір басшысы Асайын Байханов кәсіпорынды аралап көріп, жасалған жұмыстарға ризашылығын жеткізген. Ауылда қаңырап қалған фабриканы қайта «тірілткен» инвесторға алғысын айтыпты.
«Өңірімізге дәл осындай іскер инвесторларды көптеп тарту қажет. 145 жұмыс орны құрылып үлгерді. Ақсудың ауылдық аймағында тұрып жатқан халық үшін мұндай әлеуетті кәсіпорындар – үлкен қолдау әрі тұрақты табыс көзі. Кезінде Қызылжар құс фабрикасы ірі әрі қуатты кәсіпорындардың бірі болғанын ұмыта қойған жоқпыз. Оның өнімдері өңірге ғана емес, өзге облыстарға да танымал болған. «Қызылжар-Құс» фабрикасы аяққа тұрмаса, біздің аймағымыз құс етімен өзін қамтамасыз етуге қабілетсіз. Сондықтан бұл жоба біз үшін стратегиялық бағытта болады», дейді өңір басшысы.
Павлодар облысы,
Ақсу ауылдық аймағы,
Қызылжар ауылы