Білім бұлағынан қанып ішіп, ізденіс ізіне түскен жасөспірімдер өңірде аз емес. Білім мен ғылымды қатар алып жүруге тәуекел еткен білім алушылардың ұмтылысы көңіл тоғайтады. Олардың алды айрықша жобаларымен дараланып, халықаралық байқауларда үздіктер қатарынан көрініп үлгерді. Мұхит асып, тәжірибе жинауға бел буып отырғандары да бар.
Тараздағы физика-математика бағытында білім беретін Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Аймер Қошмамбетов біршама уақыт бұрын халықаралық роботтехника байқауына қатысты. «Делавэр» университеті ұйымдастырған доданың қазылары тараздық жас таланттың айрықша жобасын жоғары бағалап, финалдық кезеңге жолдама беріпті. Талантымен танылған жас өнертапқыш мамыр айында командасымен бірге АҚШ-қа аттанады. Мақсат – халықаралық доданың финалдық кезеңінде ел намысын абыроймен қорғау.
Жас өнертапқыш мұхиттың арғы бетінде өтетін байқауда «Асар» деп аталатын жобасымен бақ сынауға бекініп отыр. Айтуынша, бұл жоба жартылай сал ауруына шалдыққан азаматтардың денсаулығын жақсартуды көздейді.
«Әсілінде ғылымға деген қызығушылық жаныма тыныштық бермеді. Роботтехникамен бірнеше жылдан бері айналысып жүрмін. Шынашақтай кезінде әрбір бала роботқа қызығады ғой. Алайда арманын ақиқатқа айналдыратындар аз. Тарихи шаһардағы таңдаулы тәлімгерлердің бірі саналатын Александр Котовтың шәкірті болудың арқасында бағым жанып отыр.
Халықаралық білім бәсекесінде бақ сынауға біршама уақыт бұрын тәуекел еттім. «Делавэр» университеті қолға алған байқауға қатысу туралы шешім қабылдаған соң шамамен екі ай дайындалдым. Ойлана келе осы жобамды ұсыну туралы шешім қабылдадым. Бұл доданың бізге берері көп», дейді кейіпкеріміз.
Назарбаев зияткерлік мектебінің ұжымы ғылым жолына бет бұрған Аймер Қошмамбетовтің болашағына үлкен үмітпен қарайды. Бала күнінен ғылымға ден қойған жасөспірім таяуда еліміздің жалғыз өкілі ретінде Стэнфорд университетінің жазғы екі айлық курсына қабылданды. Енді ол шілде-тамыз айында аталған жоғары оқу орнында білімін толықтырып, тәжірибе жинақтайтын болады.
«Жемісті жобамыздың өзіне тән ерекшеліктері бар. Қысымның өлшемін сезетін сенсормен жабдықталған протездік каппа тілдің қозғалысын айшықтап тұрады. Бұдан бөлек, бас қозғалысын бақылайтын арнайы датчиктің де көмегі мол. Біз қолға алған жүйе іске асқан жағдайда жартылай сал ауруына шалдыққан азаматтар ғаламторды игеру мүмкіндігіне ие болып, қоғаммен байланыс орнатып отырады. Сондай-ақ жұмыс істеуге де мүмкіндігі болады. Бір сөзбен айтқанда, біздің жоба мүмкіндігі шектеулі азаматтардың цифрлық құрылғыларды меңгеруіне мүмкіндік туғызады. Қазіргі уақытта біз бірінші прототипті жасап көрдік. Болашақта жобаны толыққанды тәмамдап, нарыққа шығаруды жоспарлап отырмыз», дейді Аймер.
Оның айтуынша, халықаралық байқауға ұсынған ғылыми жобаның мүмкіндігі зор. Тіпті жаңа жүйе жартылай сал ауруына шалдыққан жандар үшін таптырмас көмекші құрылғы саналады. Жас ғалым мұны инновациялық жетістік деп есептейді.
«Ұлым көптеген ғылыми байқауда бақ сынап, жүлдегерлер қатарынан көрініп жүр. Тамыз-шілде айларында АҚШ-та білімін толықтырып, тәжірибе жинайды. Ол мұндай мүмкіндікке ие болған еліміздегі жалғыз оқушы екенін айта кеткен жөн. Баламызға барынша қолдау білдіріп отырған ұстаздарына айтар алғысымыз шексіз», дейді жас өнертапқыштың анасы Айдина Рустанбекова.
Жас өнертапқыштың айтуынша, Стэнфорд университетінің жазғы оқу бағдарламасына іріктеудің талабы айтарлықтай қиын көрінеді. Тіпті құжат жинаудан қажыған кезде ол бәрін тоқтатқысы келіпті. Алайда ұстазы Александр Котовтың жігерлі сөздері мектеп оқушысын қанаттандырып, алға қойған мақсатына жетуіне ықпал етіпті.
«Аймердің ұқыптылығына бек ризамын. Ол бірнеше жыл бойы курстарыма үздіксіз қатысып жүр. Ізденіс ізіне түскен шәкіртім әуелі өрт сөндірушілерге арналған көмекші робот жобасын жасауға ден қойды. Бұдан соң күн коллекторын әзірлеп «Зерде» байқауында үздіктер қатарынан көрінді. Оның суда жұмыс істейтін роботтар жобасы да көпшіліктің көңілінен шықты. Қай кезде де ізденуден шаршамайтын шәкіртімнің ғылымға деген қызығушылығы мен зор құлшынысы талай адамға үлгі деп есептеймін. Қолға алған жобалары бүгінде өз жемісін беріп отырғаны көңіл тоғайтады. Шетелде тәжірибе жинауға мүмкіндік алғаны үшін айрықша қуаныштымын. Оның алар асуы алда екеніне ешқандай күмәнім жоқ», дейді ұстазы Александр Котов.
Аймер Қошмамбетов алдағы уақытта өзі қолға алған жобалары ауыз толтырып айтарлықтай нәтиже беретініне сенімді. Оның айтуынша, шүмектеп тер төккен адам ғана өз мақсатына жетеді.
«Ақиқатында ғылымға ғұмырын арнағысы келген замандастарым ешқашан санасына тұман торлатып, беймәлім күмәнға берілмегені жөн. Бастаған істі аяғына дейін жеткізуге күш салғанда ғана адам өз жұмысынан ләззат алады. Болашақта айрықша жаңалық ашып, еліміздің атын жаһанға танытуды армандаймын», дейді Аймер өз ойымен бөлісіп.
Қай кезде де өз жобасын жан-жақты жетілдіруге ден қойған Аймер бүгінгі күнге дейін «Samsung Solve for Tomorrow», «Shoqan Ecology», «FIRST Global Challenge Central Asia – 2024», «Samsung Innovation Campus Hackathon Central Asia» секілді бірнеше ірі ғылыми байқауға қатысып, үздіктердің қатарынан көрінді.
Тараз