Былтырдан бастап биылғы жылдың I тоқсанына дейін Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетіне және оның аумақтық бөлімшелеріндегі қызмет көрсету сапасына қатысты ел азаматтарынан 7 өтініш түскен. Тексеріс нәтижесінде лицензиясыз жұмыс істеген емшара кабинеттері мен сертификаты жоқ мамандар анықталған, деп жазады Egemen.kz.
Денсаулық сақтау министрлігі ел тұрғындарына емшара кабинеттерінен қызмет алу барысында қауіпсіздік шараларын сақтауға кеңес береді. Себебі осыған дейін түскен 7 өтініштің әрқайсысы бойынша жоспардан тыс тексерулер жүргізілген. Нәтижесінде тиісті лицензиясыз медициналық қызметті іске асырудың 4 фактісі, сертификатталған мамансыз рәсімдік қызмет көрсетудің 3 жағдайы және дәрілік заттарды сақтау шарттарын бұзудың 2 фактісі тіркелген.
Тексеру қорытындысы бойынша комитеттің аумақтық департаменттері әкімшілік жауапкершілік туралы хаттамалар толтырған. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 1 млн теңгеден асты. Ал соңы өліммен аяқталған жағдай бойынша Жамбыл облысында қосымша жоспардан тыс тексерулер жүргізілген. Сәйкесінше дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарды сақтау қағидаларын өрескел бұзушылықтар анықталыпты. Анықталған жағдайлар бойынша материалдар одан әрі тергеу үшін құқық қорғау органдарына беріліп, өңірдегі емшара кабинеттерінің бірі қызметін ресми түрде тоқтатқан.
Бүгінде Жамбыл облысында 107 емшара кабинеті жұмыс істесе, оның 42-сінде ғана дәрігерге дейінгі медициналық көмекті жүзеге асыруға лицензиясы бар екен. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес емшара кабинеттерін кез келген уақытта жоспардан тыс тексеруге мүмкіндік жоқ. Ол үшін азаматтардың ресми өтініштері немесе мемлекеттік органдардың сұрау салуы қажет болады. Тағы бір жолы, құқық қорғау органдарының тапсырмалары кезінде тексеріс жүргізілуі мүмкін.
Денсаулық сақтау министрлігі ел азаматтарын емшаралық медицина қызметтеріне жүгінерде тек лицензияланған медициналық ұйымдарға хабарласуға кеңес береді. Қызметкерлердің лицензиясы мен біліктілігі болуын нақтылауды ескертеді.