• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Театр 19 Сәуір, 2025

Көрермен күткен премьера

0 рет
көрсетілді

Дәстүрлі театрдың шекарасын кеңейтуде талмай ізденетін Аймауытов театрының ұжымы биылғы көктемде екі бірдей премьераның тиегін ағытуды ойға алды. Оның бірі драмалық қойылым болса, екіншісі – комедия жанрындағы қойылым.

Жақында Ж.Ай­мауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театрына Азия және Еуропа елдеріндегі театр ұжымдарының тәуелсіз режиссері Овлякули Ходжакули келді. Майталман биылғы маусымда павлодарлық актерлермен бірге сахнада жаңа премьера ұсыну туралы ойын айтқан еді. Жергілікті театр ұжымымен ақылдаса келе, әлемге әйгілі драматург Бертольд Брехтің «Мамаша Кураж» қойылымына таңдау түсті.

«Бұл драмадағы кейіпкерлер мен актерлердің бейнелері бір-біріне тым болмағанда 60-70 пайыз ұқсауы ма­ңызды еді. Қиялымдағы кейіпкерлерді таппасам, аяқ баспаймын. Аймауытов театрында бұрын қойылған спектакльдерді көре келе, бұл қойылымдағы кейіпкерлер Ертіс бойында бар екеніне көз жеткіздім. Мұндағы актерлердің басым бөлігі – жас­тар, әрқайсысының бойында бұлқыныс бар. Күш-қуаты тасқындап тұратын адамдар маған әрдайым ұнайды. Оның үстіне театр актерлерінің барлығы шетінен әнші әрі кез келген биді де орындай алатыны көзге түсті. Яғни техникалық жағынан да, шығармашылық жағынан да үйлесімде. Заманауи театр үшін бұл жайттардың барлығы да маңызды. Ендеше, біздің жұмысымызда ерекше коллаборация болады деп үміттенемін», дейді Овлякули Ходжакули.

Театрдың көркемдік же­текшісі Әділет Ақанов келешек премьераға әзірше «Пері қатын» деген шартты атау беріліп отырғанын жеткізді. Қойылым Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 80 жылдығына орай­ластырылған.

– Қойылымның айтар ойы мол, адамның жан дүниесіне терең үңілетін шығарма. Әлемдік классика. Қойылымды сахналау мәнері бөлек, актерлердің ойыны да ерекшелікті талап етеді. Дейтұрғанмен, мұндай жанрдағы шығармалар ұжымымыз үшін таңсық емес екенін айтуымыз керек. Бұған дейін сыншылардың жоғары пікіріне ие болған «Ұждан» әпсанасы да осындай бағытта сахналанған. Театр – тірі ағза, ұжым үнемі өзгедегі жаңалықты, жаңа лепті өзіне сіңіріп, үрдістерге ден қойып отырмаса, бір орында тұрып қалады – деген ойымен бөлісті Ә.Ақанов.

Ал сәуір айының соңында жергілікті көрерменге осетин драматургі Георгий Хугаевтың «Бір досың керек екен» комедиясы ұсынылмақшы. Бұл премьераға қазіргі уақытта дайындық қызу жүріп жатыр. Қоюшы режиссер Жангелді Садықовтың айтуынша, комедиялық қойылым тағдыр тауқыметі араларына сына қаққанмен сын сағатта бір-бірін сатпаған екі достың қызықты да шытырман оқиғасы жайында өрбиді. Андро мен Сандро есімді достар әрі көршілер бірін-бірі кейде жек көрсе де, жауға бермес, қатты өкпелесе де, өлімге қимас жандар ретінде бейнеленеді.

«Көршілердің бір-бірімен қарым-қатынасы, сый-құрметі бала кезімізде ыстық көрінуші еді. Өкінішке қарай, шаһарларда осы бір жылы дәстүр үзіліп барады. Біз осы бір адами құндылықтарды қайта жаңғыртуға шақырамыз» дейді режиссер. Жангелді Са­дықов Аймауытов театрында бірнеше қойылым сахналаған.

Комедиядағы басты рөлдің бірі – Андроны сомдайтын актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дәурен Әділ «қойылымның айтар ойы – қияметке дейін адал дос таба білудің өзі де өнер деген философия жатыр» деп пайымдайды.

– Ертеректе осы театрда «Табалдырығыңа табын» деген қойылым қойдық. Спектакль кеш аяқталып, автобус тоқтап қалады-ау деп аялдамаға көппен бірге асықтым. Қос өкпемді қолыма алып жүгіріп келе жатсам, алдымда екі келіншек кетіп бара жатыр екен. Жаяу жол тар, амалсыздан екпінімді саябырсытуға тура келді. Әлгілерді баса-көктеп өтуге ұялып, арттарынан ере түсейін. Сөйтсем келіншектің бірі көз жасын төгіп, жанындағы құрбысына былай деп келеді екен: «Мына қойылымды күйеуім көрмесін. Егер бүгін менімен театрға келгенде бар ғой, ертең тура ауылға көшеміз деп қиғылық салатыны анық еді». Сол күнгі спектакльде ауылға ата-анасын қара үздіріп тастап кеткен, хабар салмайтын, амандығын сұраспайтын безбүйрек адамның тағдыры сипатталатын. Сондағы ауыр қайғыны көкірегіне түйген келіншектің сезімталдығына таңғалдым. Қойылымның кө­рермен жүрегіне жетуі деген сондай болады екен», деп толғанды театр майталманы.

 

Павлодар облысы