• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Саясат 19 Сәуір, 2025

Әкім шалғайдағы Шұбартау халқымен кездесті

160 рет
көрсетілді

Абай облыс әкімі Берік Уәли жұмыс сапарымен бұрынғы Шұбартау ауданына қарасты бірқатар елді мекендерге арнайы барып, әлеуметтік-экономикалық, инфрақұрлым, мәдениет және білім саласындағы маңызды нысандардың жұмысымен танысты.

Аймақ басшысы өңірдегі жұмыс сапарын шалғай шатқан Емелтау ауылынан бастады. Ондағы мектеп, жол, интернет мәселесі кезең-кезеңімен шешілетін болды. Бұдан кейін облыс әкімі Байқошқар ауылына барып, ауыл тұрғындарының ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Ауыл тұрғындарының айтуынша, бұл ауылға бұрын-соңды облыс әкімі мүлде бармаған. Облыс әкімнің арнайы ат басын бұрып, ауыл халқының жағдайымен танысқанына олар ризашылықтарын білдірді. Сондай-ақ олар ауылда ауызсу мәселесі барын жеткізді. Аймақ басшысы бұл мәселе биыл күзге дейін шешілетінін айтты.

Бұдан соң аймақ әкімі бұрынғы аудан орталығы болған Баршатас ауылының ақсақалдарымен және ауыл белсенділерімен жолықты. Олардың айтуынша, 30 жыл қараусыз қалған ауданның халқы жан-жаққа босып, елді мекеннің тоз-тозы шыққан. Мәселен, ауыл ақсақалы Ырғызбай Сиқымбаевтың айтуынша, аудан қайта құрылмай, елді мекен оңала қоюы қиын.

«Арнайы ауылымызға ат басын бұрғаныңызға алғыс айтамыз. Өзіңіз білесіз, кезінде Шұбартау ауданы – Семей облысы кезінде үлкен ауданның бірі болды. Жер көлемі жағынан бірінші орынды алатын. Ол кезде 19 мыңдай халқы болған. Басқасын айтпағанда, 450 мыңнан астам қой мен 12-13 мың жылқысы бар еді. Ауыл шаруашылығы дүркіреп тұрды. Кейін ауданды таратып, Аягөзге қосты. Аудан тараған соң, мекемелер жабылды. Жастар жұмыссыз қалды. Сөйтіп бәрі анда-мұнда кетті. Ал Абай облысы ауыл шаруашылығына бағытталған өңір. Келешекте ауыл шаруашылығын дамытатын болсақ, мүмкін шекаралық аудандар сияқты, бұрын таратып жіберген аудандарды қайта құрып, жұмысын жандандырудың мүмкіндігі болып қалатын шығар», деді ауыл ақсақалы.

Қарияның айтуынша, аудан қайта қалпына келсе, елді мекеннің тіршілігі жаңғырып, түтіні тік ұшар еді.

«Шұбартау – мал шаруашылығымен қатар, кен өндірісі де дамып келе жатқан өңір. Қазірдің өзінде бес кен орны бар. Осыдан 25 шақырым жерде «Сарыбұлақ» кен орны ашылып жатыр. Тағы екі-үш кен орны ашылады деген болжам бар. Аудан ашылса, халық та жан-жаққа көшуін тоқтатып, туған жерге тұрақтар еді. Егер осы күйі қараусыз қала берсе, бір күні жеріміз қаңырап бос қала ма деген қорқамыз», деді Баршатас ауылының қоғамдық кеңесінің мүшесі Қайыржан Нұрсипатов.

Аймақ басшысы бұл мәселеге қатысты халық санының маңыздылығын ескертті.

«Әрине, жеке аудан болған жақсы. Осы елдің жанашыр азаматтары ретінде бұл мәселені көтерулеріңіз орынды. Бірақ білесіздер, бұл халық санына байланысты мәселе. Мысалы, қазір Шұбартау өңірінде 6 жарым мың адам қалған. Мәселе, Мемлекет басшысының ұйғарымымен Қытай елімен шекаралас Мақаншы ауданы қайта құрылды. Ондағы халық саны 20 мың болды. Сонымен қатар ол жерде Алакөл демалыс орны, «Бақты» кеден бекеті және мал шаруашылығы бар, осы жайттың бәрі ескеріліп, аудан қайта ашылды. Бірақ ұсыныстарыңыз қаперімізде болады, жоғарыға жеткіземіз», деді аймақ әкімі.

Ал жалпы Шұбартау өңірінің ең бірінші жан айқайы – жол мәселесі болып отыр. Мұны ауыл ақсақалдары да, қоғам белсенділері де жеткізді. Бұған қатысы «ҚазАвтожол» ұлттық компаниясының өңірге жауапты өкілдері жауап берді. Олардың мәлімдеуінше, Аягөз бен Баршатас арасына жол салу жұмыстары басталды. Бұл жұмыс 2027 жылға дейін толық аяқталады.

«Былтыр Баршатас пен Малгелді ауылдары арасындағы жолдың 10 шақырымына асфальт төселген. Биыл осы жолдың 30 шақырымы орташа жөндеуден өтеді», дейді олар.

Жергілікті тұрғындар облыс әкіміне былтыр жасалған жолды жүк көліктері бүлдіріп жатқанын жеткізді. «Қарағанды-Аягөз-Тарбағатай-Боғас» жолымен Шұбартау өңірінің 7 мыңға жуық халқы қатынайтынын айтып, жолдың бүгінгі жағдайына алаңдаушылықтарын білдірді.

Аймақ басшысы Шұбартау өңірінің жол мәселесін жақсы білетінін жеткізді.

«Бүгін осы жолдың жағдайын көрейін деп арнайы келдім. Биыл бұл күре жолдың екі учаскесіне асфальт төселеді. Бұған республикалық бюджеттен қаржы бөлінген. Бұл жұмыс келесі жылы да жалғасады. Шұбартау өңіріндегі жолдардың жағдайын жақсарту жеке бақылауымда болады» деді облыс әкімі.

Абай облысы,

Баршатас ауылы