Орталық мемлекеттік архив пен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ бірлесе отырып, «Қазақ жерінің тұтастануы мен «қазақ» атауының қайтарылуына 100 жыл» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді. Қазақ жерлерінің бір республика құрамына бірігуінің аяқталғанына 100 жыл, қазақ халқының тарихи атауын қайтарып алғанына 100 жыл толуына арналған жиынға белгілі ғалымдар, академиктер мен тарихшылар қатысты.
Іс-шарада тарих факультетінің деканы Досбол Байғонақов әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің басқарма төрағасы – ректор Жансейіт Түймебаевтың құттықтау хатын оқып берді: «1925 жылы 15–19 сәуір аралығында Ақмешітте өткен Қырғыз (Қазақ) АКСР Кеңестерінің V съезінде қазаққа «қазақ» деген тарихи атауын қайтару туралы шешім қабылданады. Содан бастап Қазақ АКСР-і болып атала бастады және республиканың жаңа астанасының бұрынғы Ақмешіт атауы Қызылорда деп өзгертілді, астана Қызылордаға көшірілді. Бұған биыл 100 жыл толып отыр. Бұл – екі мың жылдық тарихы бар қазақ мемлекеттігінің республикалық кезеңі тарихындағы маңызды бетбұрыс кезең» делінген құттықтауда.
Конференция барысында Орталық мемлекеттік архив қызметкерлері дайындаған «Қазақ жерінің тұтастануы мен «қазақ» атауының қайтарылуына 100 жыл» тақырыбында түпнұсқалық архив құжаттарының көрмесі өтті. Көрмеде қазақ атауының қайтарылуы туралы құжаттар, Қырғыз (Қазақ) АКСР Кеңестерінің V съезіне қатысқан делегаттардың суреті, съезд стенограммалары, қазақ атауының қайтарылуына еңбек сіңірген тұлғалардың суреті мен мақаласының фотосуреті қойылған.
Жиында академик Берекет Кәрібаев «Қазақ этнонимінің мәні мен мазмұнының эволюциясы», тарих ғылымының докторы Мұрат Әбдіров «Қазақ/казах/казак терминдерінің этимологиясы туралы», К.Карасаев атындағы Бішкек мемлекеттік университетінің кафедра меңгерушісі Дөөлетбек Сапаралиев «Ресейдің тарихи дереккөздеріндегі қазақ пен қырғыздың этникалық атауы», «Әділет» тарихи-ағарту қоғамы төрағасының орынбасары, жазушы Бейбіт Қойшыбаев «Тұтас Қазақстан Кеңестерінің тұңғыш съезіне бір ғасыр» тақырыбында баяндама жасады.
Орталық мемлекеттік архив директоры Сәбит Шілдебай «Қазақ халқының тарихи атауын қайтару тарихы» тақырыбындағы баяндамасында қазақ атауын қайтару неліктен салыстырмалы түрде кейінірек қолға алынғанын түсіндіріп берді. «Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың IV отырысында «Бүгінгі Құрылтай тағы бір тарихи белеске тұспа-тұс келді. Биыл ел астанасын Қызылордаға көшіру туралы тарихи шешімнің қабылданғанына жүз жыл толып отыр. Халқымыздың «қазақ» деген байырғы атауы да бір ғасыр бұрын қайтарылды. Біздің мемлекеттігіміз мыңжылдықтардан бастау алады, оның тамыры тым тереңде жатқаны даусыз. Бірақ осыдан бір ғасыр бұрын ұлтымыздың өз атауының оралуы тарихи әділдік орнату жолындағы маңызды қадам болғанын ашық айтуымыз керек» деген еді.
Баяндамада бірнеше мәселені қозғамақпын. Біріншіден, неліктен республика атауы ресми «қазақ» деп аталуын уақытылы ешкім көтермеді деген сұрақ туындауы мүмкін. Орысша ресми құжаттарда республика атауы Қырғыз болып көрсетілгенімен, қазақша құжаттарда, негізінен, «қазақ» деп жазылды. Екіншіден, зиялылар алты Алаштың басын біріктірген елдің шекарасын шегендеп алғысы келді. Үшіншіден, ресми басылымдардың бәрінде «қазақ» атауы сол «қазақ» қалпында жазылып жатты.
Кеңестердің 5-ші съезі бүкіл қазақ жерлерінің бір республика құрамына бірігуінен кейін өткен жиналыс еді. Сейітқали Меңдешов 1924 жылғы 27 желтоқсанда: «Орынбор астана бола алмайды, Орынбор–Торғай губерниясын құруға қарсымын», деген хат жазады. Орынбордан жаңа астанаға жол тартқан пойыз 1925 жылдың 15 сәуірінде сағат 11:00-де Ақмешітке келеді. Осы пойызға мінген тұлғалар туралы, олардың Ақмешітке жеткенше бастан өткерген оқиғалары туралы С.Мұқанов «Өмір мектебінде» қызғылықты етіп суреттейді. Бір ғасыр бұрынғы теміржол бекетінің сыртқы тұрпаты әлі күнге өзгермеген, сол қалпында сақтаулы тұр.
1925 жылғы 15 сәуірде түнгі сағат тоғызда съезд ашылады. Фотосуреттерге қарап отырып, президиумда отырған делегаттардың көпшілігінің аты-жөнін анықтадық. Бесінші съездің стенограммасы съезд аяқтала салысымен шыққан. 5-съезде қазақ атауын және Ақмешітті Қызылорда деп өзгерту күн тәртібінде болмаған еді. Бірақ 18 сәуір күні кешке қарай Қазақ өлкелік партия комитетінің 2-хатшысы Сұлтанбек Қожанов сөз сұрап, екі мәселені көтерген. Біріншісі қазақ атауына қатысты. «Осы уақытқа дейін бізде бір түсініспеушілік бар; киргиз өзін қазақ деп атайды. Олар мұны орыс казактарынан қабылдамады, олардан әлдеқайда ертеректе қазақ деп аталды. Көшпелілердің алғашқы одағы қазақтар деп аталды, сондықтан орыс казактары бұл атауды қабылдады деп ойлауға болады. Қазір киргиз «қазақ сөзі орыс тілінде киргиз дегенді білдіреді» деп санайды. Декларацияда «Киргиз Республикасы» туралы айтылады, ал жолдас Тоқжігітов «Қазақ Республикасы» деп атайды, сондықтан бұл аударма. Мұның бәрін тексеру керек, өйткені бұл ескінің қалдығы екенін білеміз. Мүмкін, аудармашылар отарлаушы күштерді қолдай отырып, қазақты осылай атаған (күлкі), сондай-ақ қырғызды «кара киргиз» деп атайды. Бірақ бұлар кара киргиз емес, оларды орыстар солай атады. Біз жай ғана қазақпыз, қырғызды қазақтан ажырату үшін оларды кара киргиз немесе қара қырғыз деп атады. Енді болашақта киргизды қазақ деп және республиканы Қазақтікі, яғни Қазақстан деп атау үшін заңдастыру қажет. Мен киргиздарға осы атауды қайтаруды және бұрынғы жосықсыз таңбаны жоюды ұсынамын. Кеңестердің 5-ші Бүкілкиргиз съезі киргиз халқы үшін «қазақ» деген атауды және Киргиз Республикасы үшін «Қазақстан» деген атауды заңдастырсын» дейді. Бұл сөзді съезге қатысушылар ду қол шапалақтап қолдайды. Сұлтанбек Қожанов көтерген екінші мәселе Ақмешіт қаласының атауы туралы: «Мен осы қаланың мәртебесінің өзгеруіне байланысты оның атауын да таза қазақ тіліне өзгертуді ұсынамын. Бұрын хандық құрылымдардың астаналары болған, мысалы: Ақ Орда, әйгілі хан өзінің астанасын Көк Орда деп атады, бұл көк түс дегенді білдірді, ал біз өз астанамызды қызыл орталық – Қызыл Орда деп атай аламыз. Мен Ақмешіттей (Перовск) астананы бұл күннен бастап Қызыл Орда деп атауды ұсынамын». Осы жерде ескерте кететін бір жайт, қызыл сөзі – алтын деген де мағынаны беретіні туралы айтқым келеді», дейді С.Шілдебай. Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ-дің Еуразия ғылыми-зерттеу институтының және ОМА-ның аға ғылыми қызметкері Алмас Жүнісбаев «Болмаған шегара: Орта Азияның межеленуі кеңестік саяси инженерия ретінде» деген тақырыпта баяндама жасады. «Межелеу Кавказ елдерінде де, КСРО-ның Еуропа бөлігінде де, Сібірде де жүрді. Ресей империясының Ғылым академиясының құрамында екі үлкен комиссия құрылады: «Ресейдің тайпалық құрамын зерттеу комиссиясы» (КИПС) және «Өндіргіш күштерді зерттеу комиссиясы (КЕПС). Осы екі комиссия билікке келген большевиктерге ұлт мәселесін шешуде және территориясы мен әкімшілік бірліктерін құруда үлкен зерттеулер жасап береді. Олардың тұжырымдарына келіспеген наркомнадз өз теориясын тауып, арнайы институт құрып, жеке зерттеу жүргізді. Бұл пікірталас 1917 жылдан жүрді. Пікірталасқа жоғары билік өкілдері, элиталар, жергілікті элиталар, ғалымдар қатысты. 1919 жылдан бастап большевиктер этнографиялық және шаруашылық әкімшілікті қалай жүргіземіз деген екі үлкен мәселеге кезікті. Ресейдің сол кездегі ғалымдары ескертулерді, мәліметтерді жинақтап, билікке беріп отырды. Билік бірауыздан шешім шығаруға шамасы келмеді. Қазақ Республикасы құрылған күннен бастап қазақ облыстарын Қазақстанға қайтару бойынша бірнеше жиналыс өтті. 1920 жылы Т.Рысқұловтың комиссиясы Мәскеуге барып, Түркістан делегациясы Түркістан мәселесін Лениннің алдында қорғап шыққаннан кейін Саясибюро бірнеше баптан тұратын қаулы қабылдайды. Жалпы, Түркістанды бөлу мәселесі өте үлкен мәселеге айналған. 1922 жылы КСРО құрылғанда Хорезм Республикасын КСРО құрамына алғысы келді. Бірнеше жоба ұсынылады, пікірталас өткізіледі. Бұқара ол кезде әлі әмірлік еді. Орта Азияда ислам әлемі үшін қастерлі ел болатын. Г.В. Чичериннің әлі де жарыққа шықпаған бірнеше хаты бар. Сталинге, бірнеше партия басшыларына хат жазған.
«Хорезм мен Бұқараны жойып, Түркістанға апарып қосқанда, күллі мұсылман әлеміне не деп жауап бересіздер? Ауғанстанға, Иранға не дейсіздер? Сол екі мемлекетті жойып тастасаңыздар, КСРО жүргізіп жатқан ұлттық саясатқа қатысты халықаралық дау туады, оған не деп жауап бересіздер?» дейді.
Тіпті санақ жүргізуге дайындық кезінде Орталық Азия үшін арнайы сауалдама дайындайды. Ең әуелі, тұрғынның тілін анықтау керек. Яғни тұрғын қай тілде сөйлейді, қай тілде ойланады – сол ұлтқа жатқызамыз деп келіседі. Түркістандағы құрамаларды қай топқа жатқызамыз дегенде респонденттің тіліне және дініне қарап бөле салған. Межелеудің алдындағы Түркістанның ұлттық құрамы туралы мәлімет жоқ. Әкімшілік шекара қалай болды, ұлттардың саны қанша деген дерек сақталмаған. Жалпы, межелеуге қатысты құжаттың көпшілігі әлі де жасырулы жатыр. Сондықтан болар осы тақырыпқа қатысты толыққанды зерттеу жасалмаған. Республикаларды бөлгенде ұлттардың тілдік иерархиясы да алдын ала анықталып, арнайы жіктелген. Ұлы ұлт (орыс тілі), үлкен ұлттар (украин, белорус, грузин, армян, әзербайжан), орта ұлттар (қазақ, өзбек, түрікмен, тәжік, қырғыз, Ресейдің ұлттары), кіші ұлттар (еврей, қарақалпақ, адыгей, алтайлық, қарашай, шеркес, хакас, саха, коряк, эвенк), мәртебесі жоқ ұлттар (алеут, эскимос, дұнған, сыған т.б.) деген иерархияға бөлініп, тіл шекарасы да арнайы көрсетілген», дейді А.Жүнісбай. Конференцияның қарарында «Қазақ жерінің тұтастығы бойынша ағартушылық қызметті жандандыру; Қызылорда қаласының астаналық кезеңінің тарихын зерделеу мен насихаттау жұмысын тереңдету; Қазақ жерінің тұтастығы мен ұлттық мүдде жолында күрескен ұлт қайраткерлерінің еңбегін жас ұрпаққа жеткізу т.б. міндеттер көрсетілді.
Тарих факультетінде он жылға жуық бір жақсы дәстүр қалыптасқан екен. Факультеттің ең үздік шәкірттеріне ғалым, тарих ғылымының кандидаты, доцент Сүлеймен Тұрғанбаев атындағы бір реттік шәкіртақы жыл сайын беріліп жүр. Биыл да факультеттің ең үздік 15 студентіне 100 мың теңгеден шәкіртақы тағайындалыпты. Тарих факультетінің түлегі, меценат Байқадам Абыласановтың демеушілігімен бөлінген шәкіртақыны академик Берекет Кәрібаев факультеттің ең үздік студенттеріне салтанатты жағдайда таратып берді.
Қарагөз СІМӘДІЛ
«Қазақ газеттері» серіктестігіне енетін «Ana tili» газетінен, 17.04.2025 жыл