Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев әлеуметтік желілерде тұрғындар көтерген мәселеге назар аударды. Мәселесі көп денсаулық сақтау саласындағы өзекті проблемаларды зерделеу бойынша арнайы кеңес өткізді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Бірер күн бұрын әлеуметтік желі пайдаланушылары Меркі аудандық ауруханасында көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасы мен мекеменің материалдық-техникалық жабдықталмауына қатысты шағымданған болатын.
Жиынға Астанадан ҚР Денсаулық сақтау министрінің тапсырмасына сәйкес Жамбыл облысына ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Нұрлан Айманов арнайы келіп қатысты.
Ол Жамбыл облысы әкімінің тапсырмасымен құрылған арнайы комиссияны басқарады. Оның құрамына денсаулық сақтау басқармасы басшылығының, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ филиалының, ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті департаментінің өкілдері енген.
Комиссия барлық көрсетілген фактілер бойынша тексеру жүргізеді және оның нәтижелері бойынша қорытынды әзірлейді. Кінәлі тұлғалар заң талаптарына сәйкес жауапқа тартылатын болады.
Облыс басшысы осы және өзге түрлі келеңсіз жағдайларды болдырмау үшін барлық аудандық ауруханаға тексеру жүргізуді, жергілікті жерлердегі жағдайды егжей-тегжейлі зерделеуді тапсырды. Қысқасы, алдағы күндері аудандық ауруханалардың мәселесі май шаммен қаралмақ.
Жамбыл облысы