• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Әдебиет 21 Сәуір, 2025

Мұхтар Әуезов және Ленин сыйлығы

200 рет
көрсетілді

Тұп-тура алпыс алты жыл бұрын, яғни 1959 жылдың 21 сәуірінде заңғар жазушы Мұхтар Әуезовке «Абай жолы» дилогиясы үшін Ленин сыйлығы тағайындалды, деп жазады Egemen.kz.

Қаламгердің хакім Абаймен рухани жақындығы қазақ әдебиетінің әлем сахнасына шығуына зор әсерін тигізді. Абай бейнесі арқылы М.Әуезов тұтас қазақ келбетін жаһанға таныстырды. Ал жазушыны Абай мұраларына қатысты зерделесек, оның абайтанушы ретіндегі қайраткерлігі ерте кезден тарихта таңбаланғанын анық аңғарамыз. 1918 жылы ол «Абай», 1925 жылы «Таң» журналдарына ұлы ақынның шығармаларын «Абайдың Әбдірахман деген баласы өлгенде жоқтап айтқан өлеңдері», «Абайдың кейбір өсиет сөздері» деген атпен бастырған. Кейін мың шақты адамнан ақын туралы естелікті қағазға түсіріп, өзін әлемге танытқан шығарманы жазуға кіріскен.

Жазушы бала кезінен Абайдың өлеңдерін жатқа білген. Тіпті ақынның өзімен кездескен де. Ол туралы М. Әуезовтің шәкірті Әбіш Кекілбаев естелігінде жазып қалдырады. Бірде жас шәкірт мұғалімінен «Абайды өз көзіңізбен көре алдыңыз ба?» деп сұрайды. Сонда Мұхтар Әуезов:

«Көргенім бар... Төрттемін ғой деймін. Бөріліде отыратынбыз. Анам мені алып Жидебайға барды. Сыйласатын шаңырақтардың бір-біріне сыбаға апаратыны бар. Біз де сөйттік. Бөтен ауылды жатырқадым білем, үйге қайтқым келді. Анама қайта-қайта қыңқылдай бердім. Төр жағымыздағы құндыз сақалы омырауына төгілген, көзі нұрлы, тақиялы кісі маған бұрылып: «Ауылыңа барасың ғой, балам, анаңның мазасын ала берме!» дегені. Дауысы жұмсақ. Шырайы жылы. Бірақ мен анамның бауырына бұрынғыдан бетер тығыла түстім. Сөйтсем, әлгі кісі Абай екен», деп айтқан көрінеді.

Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясын жазуға бас-аяғы 30 жыл уақыты кетті. Он тоғыз жасынан Абай туралы жазуды ойға алып, 17 жыл үздіксіз ізденіп, 12 жыл тапжылмай отырып, жазып шығады. Эпопеяға кіріспес бұрын жазған ақынның ғылыми өмірбаянының өзінің төрт нұсқасы бар. Алғашқысы 1927-1933 жылдар аралығында жазылса, екіншісі 1940 жылы, үшіншісі 1944 жылы, соңғысы түгелдей толықтырылып 1950 жылы жазылды. Арасында «Абай» трагедиясы да дүниеге келеді.

Ал ғалым М.Мырзахметов «Абайға келудің жолы» мақаласында: «Абай мұрасын танып-білудегі М.Әуезовтің қол жетпес екі ұшар шыңы болды: оның бірі толассыз ұзақ ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізу арқылы дүниеге келген келелі еңбегі – «Абай Құнанбаев» деп аталатын монографиясы, екіншісі – Абайды қайраткер ақын ретінде бүкіл әлем халқына танытқан «Абай жолы» эпопеясы болатын»,  дейді.