• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Музей 22 Сәуір, 2025

Жауынгерлік рухты жаңғыртқан музей

40 рет
көрсетілді

Ертіс-Баян өңіріндегі Әскери даңқ музейі – ата-бабамыздың әскери рухын тірілткен, ел қор­ғау жолында тарихта есімдері қалған қаһармандардың ескерт­кішіндей. Музейде бүгінде 300-ден аса жәдігер сақтаулы тұр.

Мұндағы жәдігерлердің дені Екінші дүниежүзілік соғыс тақырыбына арналған. Дейтұрғанмен, қазақ халқының жау­гершілік заманын сипаттайтын кей­бір экспозициялық кескіндер ата-ба­ба­мыздың толарсақтан саз кеше жүріп, ұлан-байтақ даланы бүгінгі ұрпаққа мұра етіп қалдырып кеткенін айғақтайды. Әскери даңқ музейінің басшысы Талғат Адамов музей ғимаратының өзі тарихи жерде орналасқанын айтып өтті.

– Ғимарат 1926 жылы эсто­ниялық инженер Ломбактың жобасы бойынша Павлодар вокзалының күту залы ретінде салынған. Кейін мұнда №108 теміржол мектебі, №188 мектеп-интернаты орналасады. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары аталған мектептің 26 түлегі майданға аттанады. Өкінішке қарай, олардың барлығы соғыстан оралмады. Марқұмдардың есімдері жазылған қара тас музей жанында тұр. Ал музейдің өзі 2011 жылы ел басына күн туған шақта ел қорғаған даңқты әкелеріміз бен ата-бабаларымыздың ерліктерін мәңгілікке ұрпақ есінде қалдыру мақсатында ашылған. Жәді­гер­лердің дені – Отаны­мызды фа­шис­тік басқыншылардан қорға­ған жерлестеріміздің қаруы, жауын­герлік наградалар, құжаттары мен фото­суреттері, кітаптары мен жеке заттары, жауынгерлік хаттар. 2023 жылы мұнда жөндеу жүргізіліп, Қазақстан Қарулы күштерінің құрылу тарихы бойынша да экспозициялар пайда болды, – дейді ол.

Кірген бетте қақ ортадағы қимақ жауынгерінің бейнесі көзге бірден түседі. 2001 жылы Май ауданы аумағында қимақ жауынгері жерленген орын анықталып, сауыт-сайманы мен қарулары қоса та­былған. Кейін жергілікті шебер С.Са­ғындықов табылған жәдігерлер бойынша қимақ жауынгерінің бейнесін жасап шыққан. VII ғасырда қимақ-қыпшақ тайпалары Ертіс бойына қоныстанып, қуатты мемлекетке айналғаны тарихтан белгілі. Ғалымдар қимақтардың астанасы Имақия өзені бойында орналасқан деп болжайды. Кейінгі замандарда бұл аумақта бірнеше мемлекет өмір сүрген. Ал Қазақ хандығы құрылған уақытта жоңғарларға қарсы соғыста Ертіс-Баян жерінен Он сан жүзге ұран салған ер Олжабай, Малайсары, Баян, Жасыбай, Дербісәлі, Қошман, т.б. атақты батырлардың есімдері белгілі. Атақты академик Әлкей Марғұлан өз шығармаларында: «1741 жылы Баян­ауылда болған шайқаста Олжабай, Жасы­бай жасақтары жоңғарларды тал­қан­дайды. Жасыбай оққа ұшқан соң, Олжабай қалмақтарды тегісімен жойған бір тау «Қалмаққырған» атанады», деп жазған. Экспозицияда қазақ батырларының бес қаруын, XIX ғасырдың соңына таман хандар мен сұлтандар ұстаған әсем безендірілген қан­жарлардың көшірмелерін, оқ-дәрі салатын сөмкені, өзге де қару түрлерін байқадық.

Ұлт-азаттық көтерілісіне арналған бұрыштан соң негізгі бөлім Екінші дүниежүзілік соғыс тақырыбына арналыпты. Тарихи деректерге сүйенсек, Екінші дүниежүзілік соғысқа Ертіс-Баян топырағынан 46 мыңдай жауынгер аттанып, 20 мың жерлесіміз майдан даласында ажал құшқан. Ал ерліктің үлгісін көрсеткен 31 жерлесімізге Кеңес Одағының батыры атағын берсе, тағы ­ 8 азамат «Даңқ» орденінің толық кавалері атанған. 10 мыңнан аса адам түрлі орден-медальмен марапатталған.

Соғыста қазақстандықтар арасынан алғашқы алтаудың бірі болып Кузьма Семенченко Батыр атағын алғанын екінің бірі біле бермейтіні анық. Ол 72-атқыштар дивизиясының командирі, генерал-майо­р шенінде жүріп, 1941 жылы 22 шілдеде Кеңес Одағының батыры атағына ие болған. Музейде даңқты азаматтың әскери киімі сақталып тұр.

– Мынау жердегі суретте Брест қамалының қаһарманы Ғаббас Жұматов бей­неленген. Баянауылдан түлеп ұш­қан жауынгер соғыста талай ерлік көр­сетіп, елге аман-есен оралды. Ағарту саласында ұзақ жылдар еңбек етіп, қоғам қайраткері ретінде танылды. Ал мынау тағы бір даңқты жерлесіміз – Әбілқайыр Баймолдин. Әскери-саяси академияны тәмамдап, Псков облысында майданға кірген. Невель қаласында командир болып, соғыс даласында қазақтың талай қаһармандарымен кездескен. Өкінішке қарай, 1944 жылы майдан даласындағы ұрыстардың бірінде қаза тапқан. Бізде әскери киімдері, жолсандығы бар. Не­вельде қаһарман жерлесіміздің және Мән­шүк Мәметова мен 300-ден аса жаудың көзін құртқан мерген Ыбы­райым Сүлейменовтің ескерткіштері орналасқан, – деп жалғастырды әңгімесін музей басшысы.

Кеңес Одағының батыры атағын небәрі 20 жасында алған Махмет Қайыр­баевтың жеке заттарын, «Отанды қор­ғауда» майдандық газетінің әскери тілшісі Ақмұқан Сыздықбеков, атты кавалерия полкінің взвод командирі Хасен Сейітқазин, майдан даласында ерлік көрсеткен Несіпбек Баязитов, Ермұ­хамет Айдарғалиев, Қабдеш Нұр­кин, Қиса Арықов, атақты партизандар Жыл­бек Ағаділов пен жұбайы Жа­мал Ағаді­лованың фотосуреттерін де кездестірдік. Жау тылында жүріп, Майя есімді қыз баланы дүниеге әкелген ерлі-зайыпты Ағаділовтердің тағдыры көптеген шығарма мен кітапқа арқау болған.

Көзге түскен жәдігерлер қатарында Қызыл Ту, екі мәрте Қызыл Жұл­дыз ордендерімен марапатталған әс­кери дәрігер Хамза Мұстафиннің меди­цина­лық құрал-жабдықтары мен әскери киімі бар. Ақ желеңді абзал жан соғыс даласында 100-ден аса адамның өмірін сақтап қалған. Қан майданға ерлермен бірге облыстан көптеген қыз-келіншек аттанған. Мәселен, соғыстың алғашқы легінде Павлодардан 33 қыз-келіншек бір күнде жөнелтіледі. Олар майдан даласында мейірбике және радист болып еңбек еткен. Арулардың қаншасы елге аман-есен оралғаны туралы мәліметтер жоқ.

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Павлодар облысы мыңдаған жастарды аттандырып қана қоймай, «Бәрі де жеңіс үшін» деген ұранмен майданды азық-түлікпен, киім-кешекпен қамтамасыз етіп тұрды. Майдан даласына көмек жіберумен көптеген отандасымыз көзге түскені анық. Әсіресе қару-жарақ жасау қорына қомақты қаражат тапсырғандардың есімдері алтын әріптермен жазылып қалды. Мысалы, павлодарлықтар арасынан қорғаныс қорына Бәкен Тұрғұлақов 100 мың сом, Қайырбек Баженеев 150 мың сом, Жақия Жаңатаев 106 мың сом, Май мектебінің 6-сынып оқушысы Роза Ысмайылова 550 сом тапсырғаны көрсетілген. Бұл қаражаттар Жеңіс күнін жақындатуға үлкен сеп болғаны даусыз.

Ертіс бойы соғыс жылдары КСРО қалаларынан эвакуацияланған өзге ұлт өкілдерін бауырына басты. Аймағымызда осы жылдары бірнеше эвакуациялық гос­питаль құрылған. Павлодар облыс­тық мемлекеттік мұрағатында сақталған құжаттардың бірінде: «1942 жылдың 19 қаңтарында Павлодар облысында 3 эвагоспиталь жұмыс істеді. Павлодар қаласында №2924, №2448, Шарбақты ауылында №3604 госпиталь орналасты», деп жазылған. Бұған қоса қала іргесіндегі Мойылды шипажайында, қазіргі Астана көшесіндегі (Павлодар қаласы) бұрынғы ет-сүт техникумы мен педагогикалық учи­лищеде жаралы жауынгерлерді емдеген. Бұл мекемелерде жүздеген павлодарлық еңбек етіп, сырқат жандар мен жарасынан ұзақ уақыт айық­қан жауынгерлерге медциналық көмек көрсетті. Госпитальдерде көптеген донор тұрақты қан тапсырған. КСРО-ның екі дүркін құрметті доноры Валентина Кирюшкинаның, 65 литр қан тапсырып, 240 адамның өмірін сақтап қалған Раиса Жихорскаяның есімдері атап айтуға әбден лайық.

Айтып өтейік, бұл музейде Мәншүк Мәметова шай ішкен самауыр, Махмет Қайырбаев пайдаланған соғыс зеңбірегі де сақталып тұр.

Жерлес қаһармандардың ерліктері жайында сыр шертетін павлодарлық музей жас ұрпаққа өткен тарихымыздан құнды мағлұматтар беретін орынның бірі екенін мойындауымыз керек. Өкінішке қарай, музейде қазақ халқының жаугершілік заманындағы оқиғаларды тізбектеп беретін жәдігерлер сирек. Өңірдің мәдениет басшылығы, музей қызметкерлері, жергілікті ғалымдар мен өлкетанушылар бұл мәселені ескереді деген үміттеміз. Музейдегі тарихи мәліметтерді де қайта қарап, сүзгіден өткізу, кейбір деректерге өзгеріс енгізу, қорды толықтыру, мүмкін болса экспозиция залдарын кеңейту жұмыстары қолға алынса деген тілек бар.

 

Павлодар облысы