Биылдан бастап «Астана Моторс» жаңа зауытында автокөлікке арналған орындықтардың жаппай өндірісі басталды. «Астана Моторс» компаниясы мен «Youngsan» автокомпоненттер өндірушісі (Корея Республикасы) мұрындық болған бірлескен кәсіпорын Алматының Индустриалды аймағында жұмыс істейді.
Локализацияның бірінші кезеңінде ортақ инвестиция көлемі 4 млрд теңгені құраған. 2024 жылдың желтоқсан айында компания орындықтарға арналған көбікті қалып-пішіндердің сынама партиясын шығарып, сертификациядан өтіп, өнімдерді «Hyundai» жеңіл автокөліктер өндірісіне жеткізу мақсатында «Hyundai Motor Company» (Корея Республикасы) келісімін алған болатын.
Халықаралық стандарт талаптары мен қызметкерлердің біліктілік деңгейінің сәйкестігі расталған соң, кәсіпорын орындықтарды өндіру бойынша технологиялық операцияларды жүзеге асыру мақсатында мемлекетпен келісімге отырды.
«Президент ел экономикасын дамытудағы жеке инвесторлардың маңызды рөліне тоқталып, кәсіпорындарға жұмыс орындарын сақтау және өндірісті жаңғырту бойынша көңілге қонымды міндеттемелер жүктелуге тиіс екенін атап өтті. Біз мойнымызға алған міндеттеріміз алдындағы жауапкершілікті толықтай сезінеміз. Осы мақсатта сыртқы факторларға тәуелділікті азайту, автокөлік өнеркәсібінде білікті инженерлер буынын дайындау, сонымен бірге шағын және орта бизнесті дамытуға жәрдемдесу үшін автокомпоненттер мен шикізат өңдеудің қомақты үлесін локализациялауға қарай бағыт алып келеміз», дейді «Астана Моторс» бас директоры Бекнұр Несіпбаев.
«Youngsan» төрағасы Пак Чон Бомның айтуынша, бұл тек алғашқы қадам ғана.
«Біз «Астана Моторс» пен «Youngsan» арасындағы бекем байланысқа негізделген бастамалардың нәтижесін көріп отырмыз. Әлемде және ТМД аймағындағы автокөлік өнеркәсібіндегі қарқынды өзгерістерді ескере отырып, осы бағытта үнемі жұмыс істейміз», деді.
«Almaty Autoparts Production» өндіріс қуаты – жылына 100 мың орындық жинағы. «Hyundai Trans Kazakhstan» зауытында ұсақ түйінді өндірісі арқылы «Hyundai Tucson» моделіне арналған орындықтар шығарылады. Жақында зауыт «Hyundai Santa Fe» моделіне арналған орындықтар өндірісіне де кіріспек. Болашақта кәсіпорын өнімдерін жаңа «Astana Motors Manufacturing Kazakhstan» мультибрендті зауытына, сондай-ақ басқа да автокөлік кәсіпорындарына жеткізуді жоспарлап отыр.
«Almaty Autoparts Production» кәсіпорнының мамандары көбікті қалып-пішіндерді өндірудің технологиялық операцияларын меңгерген. 2026 жылы зауыт жеткізілетін шикізаттан орындық қаптамасын тігу бойынша локализацияның екінші кезеңіне шығады. Кәсіпорын тігін цехын ашып, оны жабдықтауға және кадрларды оқытуға қосымша 720 млн теңге инвестиция жұмсауды көздеп отыр.