Биыл елімізде наурыз айынан бастап «Отбасы банкінің» «Наурыз» және жұмысшы жылы аясында «Наурыз жұмыскер» ипотекалық бағдарламалары іске қосылған болатын. Маңғыстау облысында «Наурыз» бағдарламасының байқауынан 200 адам өткен. Бүгінде олардың төлем қабілетін растау үдерісі жүріп жатыр. Ал «Наурыз жұмыскер» бағдарламасы бойынша 100-ден астам тұрғын төлем қабілетін растап, баспана іздеуге кірісті.
«Отбасы банк» қызметкерлері байқаудан өткен (негізгі тізімге енген, мақұлдау алғандар), бірақ баспанаға таңдау жасамағандар немесе әлі үй қарап жүрген клиенттерге дайын тұрғын үй кешендеріне таныстыру өткізді. Мұндағы мақсат – адамдардың уақытын үнемдеп, банктің күнделікті нарықтық бағдарламаларымен алуға болатын құжаттары дайындау, құрылыстары аяқталған нысандарды көрсету. Ақтаулық Гүлназ Оңдасынова «Наурыз» бағдарламасына өтінім беріп, байқаудан өткен. Енді ол 2 бөлмелі пәтер қарап жүр.
«30 млн теңгеге мақұлдау алдым. «Отбасы банкіне» үлкен рақмет. Халықтың жағдайын ойлап, арнайы тур ұйымдастырды. Осы арқылы тұрғын үй кешендерін көріп, пәтерлерді аралап, уақытымызды үнемдеп жатырмыз. Маған екі бөлмелі пәтер қажет. Бүгін барлығын көріп шықтым, енді шешім шығарамын», дейді Гүлназ.
«Отбасы тур» аясында «Наурыз жұмыскер» бағдарламасы арқылы баспаналы болған тұрғындарға кілт табыстау рәсімі өтті. Солардың бірі – Рақымжан Таңатаров. Көлік жүргізушісі болып еңбек ететін ол 2022 жылы «Отбасы банкте» депозит ашып, қаражатын жинай бастаған.
«Наурыз жұмыскер» бағдарламасын әлеуметтік желіден көріп, өтініш берген едім. 30 млн теңгеге мақұлдады. Сапалы салынған тұрғын үй кешендерінен таңдап тұрып 1 бөлмелі пәтер алдым. «Отбасы банктің» тиімділігі – пайызы аз», дейді Рақымжан Таңатаров.
Ақтау қаласының тұрғыны Наурызбек Алуадинов те «Наурыз жұмыскер» бағдарламасының арқасында 12 жылдан бері армандаған баспанасына қол жеткізді. 17 наурызда өтініш беріп, 9%-дық (ЖТСМ 9,4%-дан 13%-ға дейін) ипотекаға іліккен.
«Алғашқы үйім. Қуанышымда шек жоқ. Зауытта істеймін. «Отбасы банктің» қызметкерлері жұмысқа келіп, түсіндірген болатын. Маған «Наурыз жұмыскер» бағдарламасы өте тиімді болды. Сосын өтініш бердім. Мемлекеттің қолдауымен осындай бағдарламаларды пайдалану керек. «Отбасы банктің» қызметкерлері де жауапты. Нәтижесінде, 92 шаршы метрлік 2 бөлмелі үй алдым», дейді Наурызбек Алуадинов.
«Отбасы банк» Маңғыстау облыстық филиалының директоры Медет Әбуғалиевтың айтуынша, бұрын мемлекеттік бағдарламаға қатысу үшін кезекте тұру міндет болатын. «Наурыз жұмыскер» бағдарламасының айырмашылығы – тұрғынның өзінің және отбасы мүшелерінің атында соңғы 5 жылда баспана болмаса қатыса алады.
«Наурыз жұмыскер» бағдарламасы – биылғы «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында арнайы іске қосылды. Әлеуметтік осал топ өкілдері жылына 7% (ЖТСМ 7,1%-дан 9,6%-ға дейін), басқа санаттағы азаматтар 9%-бен (ЖТСМ 9,4%-дан 13%-ға дейін) алады. Ақтаудан баспана алатын болса, жаңадан салынған тұрғын үйлерден алу қажет. Сондықтан біз «Отбасы тур» өткізіп, клиенттерімізге оңай болсын деп, дайын пәтерлерді таныстырып жатырмыз», дейді филиал директоры.
Медет Әбуғалиевтың пікірінше, тұрғындар қаражат жинауды үйрену керек. Сол кезде ең төмен пайызбен ипотека алады.
«Отбасы банктің» миссиясы – Отбасыларды жеке баспанамен қамтамасыз ету, ұзақ мерзімді әл-ауқатын арттыру арқылы Отан сезімін нығайту. Ипотакалық мемлекеттік бағдарламалар осы біздің Отбасы банк арқылы жүргізіледі. Адамдар қаражат жинап үйрену керек. Сонда олар ең төмен пайызбен, тиімді шарттармен болашақта баспана алады. Қаражат жинау мәдениетін қалыптастыру керек – дейді ол.