Дүбірлі дода Алматы облысы Талғар ауданындағы «Almaty Horse and Polo Club» ат спорты клубында өтті. Жарысқа жеті мемлекеттен – Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Моңғолия, Мажарстан, Қытай мен Өзбекстаннан 18 және одан жоғары жастағы спортшылар қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Екі күнге созылған тартысты бәсекеде жалпыкомандалық есеп бойынша 1-орынды Қазақстан құрамасы (6 алтын медаль) иеленді. Моңғолия мен Қытай құрамасы 2-орын, Қырғызстан құрамасы 3-орын алды.
IV Азия чемпионатында топ жарған қазақстандық спортшылар Азамат Серғазин, Алмат Латипбек, Расул Құрайыш, Есімхан Рахматулла, Сырым Ізбасаров және Біржан Қосалиев алтыннан алқа тағып, ел мерейін өсірді.
Әр салмақ дәрежесі бойынша кубок, медаль, диплом және ақшалай сыйлықтар табысталды. Жүлде қоры 10 800 000 теңгені құрады.
Спорттық шараны Қазақстан Республикасы туризм және спорт министрлігі мен Алматы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы, Дүниежүзілік ат спорты федерациясы (World Federation of Horseback Wrestling), ҚР ұлттық спорт түрлері қауымдастығы және «Аударыспақ федерациясы» ұйымдастырды.
Чемпионатқа «Atasu Group» халықаралық көлік-логистикалық компаниясы мен Нұрбанк демеушілік жасады.
Алматы облысы