Мәжіліс депутаты Ерболат Саурықов киік санын реттеу мәселесіне арналған дөңгелек үстел отырысы алдында журналистерге өз көзқарасын білдірді, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Ауыл» партиясының мүшесі қазіргі таңда киік жайлаған аймақтардағы шаруалар тарапынан көптеген шағым түсіп жатқанын жеткізді. Осыған байланысты ол бұл түйткілді шешудің тиімді жолын табу қажеттігін атап өтті. Алайда, оның ойынша, бұл жол еш жағдайда киікті ату арқылы жүзеге аспауы тиіс.
«Жеке пікірім – киік санын ату арқылы реттеуге қарсымын. Өткен жылы 235 мың киікті атуға рұқсат берілген кезде, бұл мәселе бойынша министрмен тікелей сөйлестім. Қаңтар айында 85 мың басты ату жоспарланғанын, бұл рұқсаттың 10 ақпанға дейін жарамды екенін айтты. Осыған байланысты мен Премьер-министр Олжас Бектеновке ресми хат жолдап, бұл үрдісті тоқтатуға атсалысқан едім. Өйткені буаз кезінде, ішінде 2-3 лағы бар киіктерді ату обал болады», дейді депутат.
Саурықовтың айтуынша, киік санын реттеудің балама тәсілі бар.
«Бұл үшін арнайы өңдеу цехтарын ашып, бұқтырылған ет өндірісін ұйымдастыру қажет. Бірақ мұндай жағдайда киікті атып емес, арнайы торлар арқылы ұстау немесе қамауда өсіру әдістерін қолданған жөн. Шетелдерде жолбарыс, арыстан секілді жыртқыштарды атып алмай-ақ ұстап жатқаны секілді, киіктерге де сондай тәсілдерді қолдануға болады деп санаймын», дейді депутат.