• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Аймақтар 23 Сәуір, 2025

Ертіске кеме түседі

20 рет
көрсетілді

Ертіс өзенінде 24 сәуірден кемелер жүзе бастайды. Қазір Павлодар облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясының есебінде 102 үлкен кеме тіркелген. Олардың басым бөлігі Ресеймен екі ортада жүк тасуға пайдаланылады.

Ертіс өзенінде нави­гациялық кезең ашылады. Жүк, жолаушы­лар таситын су көліктерінің еліміздегі ең ұзын су артериясында жүзуіне ресми рұқсат беріледі. Навигациялық кезең өзеннің жоғарғы жағында Майтүбек – Павлодар қаласы бағытында, төменгі бөлігі Павлодар – Төменгі Алексеевский (РФ шекарасы)­ бағытында жұмыс істейді. Бүгінде өзен бойын өрлеп, жүк тасу тек Павлодар облысында ғана сақталып отыр. Ертіс-Баян өңіріндегі су жолдарының жалпы ұзындығы 700 шақырымнан асады.

– Өзен үстінде жүк, жолаушылар тасымалын ұйымдастыра­тын кемелер біздің инспекцияда ресми тіркелуі керек. Қазір инспекцияның есебінде 102 су көлігі тіркелген. Оның 49-ы өздігінен жүретін көліктер болса, өзгесі өздігінен жүрмей­тін көліктер, яғни баржалар. 2 теп­лоход қана жолаушыларға ла­йықталып жабдықталған, өзен үстіндегі серуенге арналған. Өзгесі жүк тасымалында пайдаланылады. Сыйымдылығы 1000 тонналық баржалар Павлодар портынан шығып, Ресейдің Омбы қаласына жүк жеткізеді. Негізгі апаратын тауарлары – өзен құмы мен қиыршық тас. Қайтарда кесілген ағаш түрлерін алып келеді, – деп түсіндірді Павлодар облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясының бас маманы Ернұр Еслау.

Суда жүзетін көліктердің салмағы 200 килограмнан, қозғалтқышының көлемі 10 аттың күшінен асса, иесі тіркеуге қоюға міндетті. Үлкен кемелерден бөлек, тіркеуге қойылған 1540 шағын көлемді кеме бар. Ішкі су жолдары арқылы жүк, жолаушылар тасымалдайтын өзен көліктерінің қызметкерлері уақыт сайын біліктілігі мен деңгейін арттырып отыруы керек. Мысалы, кеме капитаны бес жылда бір мәрте аттестаттаудан өтеді. Оның көмекшілері мен механиктерге, басқа мамандарға дипломдау жүйесі қарастырылған.

Облыста кеме капитан­дарының жетіспеушілігі мәсе­лесі бар. Семейде капитандарды оқытып шығарғанымен, олардың білімі орта кәсіби деп есептеледі. Сондықтан ел азаматтары толыққанды капитан болу үшін Ресейде оқып келуге мәжбүр. Инспекторлар қазіргі уақытта су көліктерінің тиісті құжаттарын, ондағы капитандар мен көмекшілердің, механиктердің біліктіліктері туралы диплом-сертификаттарын тексеріп жатыр.

– Өңірдегі су жолдарының жағдайы «Қазақстан су жолдары» ұйымының жергілікті филиалының мамандары арқылы тексеріліп жатыр. Ұйым кемелерге арнайы су жолдары көрсетілген карталар береді. Жүк немесе жолаушылар тасыған уақытта кез келген кеме сол бағытты ұстанып, барлық белгілерге бағынуы керек. Мысалы, Павлодар қаласының маңында зәкір тастауға болмайтын орындар бар, – деп түсіндірді инспекция өкілі.

Кемелер қайраңдап қалмауы үшін бекітілген ережелерді ескеріп, су жолдарының картасын негізге алады. Белгілердің талапқа сай болуына «Қазақстан су жолдары» жауап береді. Инспекция өз тарапынан бел­гілердің жағдайы мен дұрыс орналасуын тексереді. Жаз уақытында құқық қорғау органдарының қызмет­керлерімен рейдтер ұйым­дастырады. Жалпы, кез келген су көлігінде дәрі-дәрмек қоб­дишасы, су төгуге, құтқаруға арналған құралдар, ескек болуы міндетті. Ережені орында­мағандарға 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.

Атап өтерлігі, Павлодар қаласындағы жалғыз кеме жөндеу зауытын бір кәсіпкер сатып алып, кәсіпорынды кеңейтуді жоспарлап отыр. Павлодар кеме жөндеу зауыты – жүк кемелерін жөндейтін еліміздегі жалғыз ин­же­нерлік-техникалық құрылыс. Кәсіпорында баржалар мен теп­ло­ходтар қалпына келтіріледі. Жыл сайын шамамен 30-ға жуық кеме жөнделіп шығады.

Павлодар облысында уыл­дырық шашу кезеңіне бай­ланысты 30 мамырға дейін балық аулауға уақытша тыйым салынған. Бұл кезеңде Ертіс өзені мен өзге де су айдындарында үлкен кемелердің жүзуіне ғана рұқсат беріледі.

 

Павлодар облысы