Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасы аясында өңірлерде тазалық акциялары іске асып, көшет егу жұмыстары қарқын алды. Еліміздің Шымкент секілді ірі қалаларында тазалық акциясы ерекше нәтиже берді. Мыңдаған тонна қоқыс шығарылып, арық-атыздар тазаланып, ирригациялық жүйелер қалпына келтіріліп, саябақтар реттелді. Сенбіліктер халықты ортақ іске жұмылдырды. Елдің ұйымшылдығын арттырды. Өскелең ұрпақтың санасына тазалық мәдениетін сіңірді.
Шымкентте экология әрқашан күн тәртібінде бірінші тұратын мәселе. Зауыт-фабрикалардан ауаға тарайтын зиянды заттар, көліктерден шығатын түтіндер қаланың тынысын тарылтады. Экологиялық ахуалды жақсарту мақсатында жергілікті атқарушы билік арнайы қабылданған тұжырымдама, бағдарламалар аясында көптеген жұмысты қолға алып жатыр. Соның бірі – ағаш көшеттерін егу, жасыл желек үлесін арттыру. Жаздың күндері шаһарда күн қатты ысиды. Адамдар сондай кезде көлеңкелеп, демалғысы келеді. Халықтың осы талап-тілегін орындау мақсатында қала әкімдігі қазір жаңадан гүлзарлар, шағын саябақтар салып жатыр.
Бүгінде жасыл желектің жан басына шаққандағы үлесі Шымкентте бір адамға 3,13 шаршы метрден келеді екен. Әкімдік бұл көрсеткішті 16 шаршы метрге арттыруды, мегаполисті нағыз жасыл баққа айналдыруды көздеп отыр.
Шымкентте бұрын қылқанжапырақты талдар көп егілетін. Оның орнын Шынар, Гуджум ағаштары алмастырды. Себебі олардан көбірек көлеңке түседі, әрі қоршаған ортаға оттегіні мол бөледі. Бүгінде Шымкенттің өзі мен айналасындағы елді мекендерді қосқанда өсіп тұрған 6 млн түп ағаш-бұталар бар. Бұл санға жоспар бойынша жыл сайын егілетін 200 мың түп көшетті қосыңыз. Қалада арнайы орман тұқымбағы бар. Ол жерде 700 мыңнан астам ағаш-бұта көшеттері өсіп жатыр. Орман тұқымбағында 17 түрлі өскінді кездестіруге болады. Былтыр тұқымбақ алқабын күтіп ұстауға мемлекет қазынасынан 127 млн теңге қаражат бөлінді.
Қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының дерегінше, биыл мегаполисте табиғат пен қоршаған ортаны жақсарту бағытында көптеген жұмыс атқарылады. Шаһардың басты күре жолы саналатын 24 магистралды көше абаттандырылады. «Абай», «Металлург», «Алатау» саябақтарында балалар алаңшалары пайда болады. «Ақсай-Қарабастау» каналының жөндеу жұмыстары басталады. Осының бәрі қала тұрғындарына жайлы орта қалыптастыру мақсатында жүзеге асырылады. Бұрын нөсер жауын жауса шаһардың орталық көшелеріне дейін су басып кететін. Каналдарды тазалап, ирригациялық жүйелерді ретке келтірудің нәтижесінде қазір бұл мәселе біртіндеп шешімін тауып келеді. Баяғыда қаладағы жалғыз өзен Қошқарата айналасы күл-қоқысқа толып, суы ластанып жататын. Әкімдік осы мәселені де қолға алып, айналасы абаттана бастады.
А.Асқаров атындағы мемлекеттік дендрологиялық саябағы – Шымкенттің мақтанышы. Қыдырып келген қонақтар қаланың мәдени-қызықты орындарын аралау барысында міндетті түрде осы саябаққа соқпай кетпейді. Саябақ сонымен бірге жергілікті тұрғындардың күнделікті демалатын, серуендейтін орны. Халыққа тигізіп жатқан пайдасы мен қызметі орасан екенін білген жергілікті билік саябақты ерекше күтім мен қамқорлыққа алған. Онда абаттандыру, көгалдандырудан бөлек, ғылыми-зерттеу жұмыстары да жүргізіледі. Соның арқасында ағаштардың гендік қоры молайып, сан алуан өсімдік әлемі жасарып, жақсарып келеді.
Қызғалдақ гүлі – Шымкенттің символы. Тіпті осыған орай шаһарда әйгілі ескерткіш бой көтерген. Мегаполистің осы ерекшелігін білдіру мақсатында жыл сайын қала билігі гүлзарлар мен жол жиектеріне, көше бойларына көздің жауын алатын қызғалдақтар егеді. Әкімдік биыл 1,2 млн дана қызғалдақ егіпті. Көктем гүлінің мезгілі өткен соң орнын 1,3 млн дана біржылдық басқа гүлдер басады.
ШЫМКЕНТ