Іздегендер жоғын табатын, көксегендер көкейіндегісімен табысатын ең бір атаулы рухани орын кітапхана екені белгілі. Мұндағы сөрелердің белін қайыстырып небір кемеңгер, ғұламалардың ақыл-ойына оранған сәулелі сөздер кітаптарға қымтанып сіз бен бізді бәлкім сарыла, бәлкім асыға күтеді. Осылайша, кітап қымтаған ізгілік пен махаббат, даналық пен парасат бүгінгі һәм болашақ ұрпақтың сана-сезімі мен рухына қызмет етеді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық кітап күнін енгізген ІІІ Ұлттық құрылтайдың отырысында «Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады. Еліміз үшін құнды тарихи деректер мен материалдардың дені кітапханада сақталады. Сондықтан кітапхана ісін дамытуға бейжай қарауға болмайды. Кітап оқырманға қолжетімді болуы керек», деген еді. Содан бері Ұлттық кітап күні биыл тұңғыш рет аталып өтіп жатыр. Жер-жерде өтіп жатқан іс-шаралар легінде есеп жоқ. Кітап оқуды насихаттайды, кітап оқылады, талқыланады, адамдар ізгілікке бір табан жақындайды. Бұрынғыдан гөрі ел ішінде кітап оқуға бетбұрыс бар. Қазіргі кітапханалар қандай? Кірсе шыққысыз, жарық та, жайлы. Отырып, тұрып, тіпті, жантайып жатып оқимын десең де жағдайдың бәрі жасалған. Алдыңнан шыққан кітапханашы қызмет көрсетіп бәйек болады. Әдебиеттерді сұрасаң, жөн сілтейді, нақты тапсырыс берсең даналардың, ғалымдардың, білгіштердің тәжірибесін тиянақтаған жинақтарды үйіп-төгіп ұсынады. Қарайсың, оқисың, таңдайсың, талғайсың. Әйтеуір озбасаң, қатардан қалмайсың. Тек қана өзіңнің табанды ерік-жігерің жетсін. Қалған жағдайдың бәрі тұр. Сізге кім керек болды екен? Абай мен Шәкәрім бе, әлде Толстой мен Чехов пе? Мүмкін Шпенглер мен Шопенгауэрдің еңбектері шығар? Мұнда бәрі табылады. Болмаған күннің өзінде ізіне түсіп, бағыт аласыз. Өйткені мұнда сіз жалғыз емессіз, тежеліп қалмайсыз. Қасыңызда кітапханашы бар, әлем ғұламаларынан белі қайысқан сөрелер мен қабырғалар, интернет сынды игіліктердің барлығы сіз үшін тынымсыз қызметке көшеді. Әлем кітапханалардың арқасында ізгілік пен парасатты еске салып тұрғандай сезіледі.