Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Жұмысшы мамандықтары жылын өткізуге арналған Іс-шаралар жоспары аясында Мемлекет басшысы жүктеген міндеттерді іске асыру мәселелері жөнінде жиын өтті.
Жиында депутаттар мүдделі тараптармен бірге жұмысшы мамандықтарды қолдау және олардың беделін арттыру шараларын талқылады. Сондай-ақ олар аталған бағыттағы заңнаманы жетілдіруге қатысты ұсыныстарын айтты.
Мәулен Әшімбаев атап өткендей, Мемлекет басшысының тапсырмасымен Үкімет Жұмысшы мамандықтары жылын өткізуге арналған Іс-шаралар жоспарын қабылдап, жауапты мемлекеттік органдар мен ұйымдарды бекітті. Сенат төрағасы Президент тапсырмаларын сапалы іске асыру үшін барлық мүдделі тараптың белсенділік танытуы маңызды екенін айтып, бұл ретте техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін кешенді түрде жаңғырту қажеттігіне назар аударды.
«Сенат Президент Қасым-Жомарт Тоқаев белгілеп берген міндеттерді орындау үшін заңнаманы жетілдіруге арналған бастамаларды белсенді түрде ілгерілетуді көздеп отыр. Осы істе сарапшыларды, ғалымдарды және сала мамандарын жұмылдырудың берері мол. Жалпы, бұл бағытта, ең алдымен, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін сапалы қайта жаңғырту қажет. Сондай-ақ аталған білім беру жүйесін жаһандық трендтерге бейімдеу және ішкі еңбек миграциясын оңтайлы дамыту да аса маңызды. Жұмысшы мамандық иелерін әлеуметтік қолдаудың және олардың беделін арттыру жұмыстарын жүргізу де ерекше мәнге ие. Қазір Сенат осы бағыттағы заңнамалық бастамалармен жұмыс істеп жатыр», деді М.Әшімбаев.
Сонымен қатар палата спикері бұл кездесу Сенаттың орталықта және өңірлерде атқарып келе жатқан жұмысының жалғасы екенін тілге тиек етті. Нақты айтқанда, депутаттар бұған дейін Петропавлда өңірлерде еңбек ресурстарын дамыту мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өткізген еді. Бұған қоса еңбек адамын қолдау мәселесі Парламенттік тыңдауда және Сенаторлар кеңесінің отырысында талқыланды. Аталған іс-шараларда бұл бағыттағы өзекті мәселелерді шешуге арналған заманауи тәсілдер сөз болды.
Бүгінгі кездесуге қатысушылар білікті кадрлар тапшы қазіргідей кезеңде білім беру жүйесінің барлық буынын дамыту өте өзекті мәселеге айналып отырғанын баса айтты. Сенат төрағасы атап өткендей, бұл ретте білім беру жүйесінің еңбек нарығымен және өндіріспен өзара іс-қимыл сапасын арттыру, оны шешу барлық мүдделі тараптың жүйелі әрі кешенді бірлескен жұмысын қажет етеді.
Іс-шараға Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова, басқа да мемлекеттік органдардың, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының, «Машина жасаушылар одағының» және «Отбасы банктің» басшылығы, сондай-ақ сарапшылар мен қоғам қайраткерлері қатысты.